Әмин Тұяқовтың ізбасарлары жарыс жолына шықты
Спорт саласында қазақтың атағын аспандатып, мерейін тасытқан ұлдардың бірі – Әмин Тұяқов. Жеңіл атлетикада халқымыздың туын желбіреткен желаяқ спорт алаңында жүрген кезінде тек қазақтың, Қазақстанның емес, бүкіл Кеңес Одағының мақтанышына айналған еді.
Ал маңғыстаулықтар мұнайлы түбектегі Шайыр ауылында 1937 жылы дүниеге келген Әмин ағаны айрықша құрметтейді. Соның бір айғағы – көзі тірі саңлақты ардақтау мақсатында Жаңаөзен қаласында Әмин Тұяқов атындағы спорт сарайы ашылса, оқушылар арасында дәстүрлі Әминиада ойындары өтіп тұрады. Биыл 8-ші рет жалауын көтерген бұл спорт сайысы Қарақия ауданының Құрық ауылында 2001-2002 және 2003-2004 жылдары туылған жасөспірімдер арасында ұйымдастырылды. Ауыл спортын көтеру, ауылдағы жастар арасынан жеңіл атлетикада мықтыларды анықтап, республикалық жарыстарға баруына жол ашу, еліміздің абыройын асырар чемпиондарды дайындауды мақсат еткен сайысқа 7 команда қатысып, 30-дан астам желаяқ өзара сынға түсті. Жеңіл атлетиканың 3 түрі бойынша өткізілген Әминиадада балалар 100 м, 200 м, 400 м, 800 м, 1500 м жүгіруден және 4х100м. эстафеталық жүгіруден жарысты.
Қарақия ауданының әкімі Ә.Дауылбаев және даңқты желаяқ Ә.Тұяқовтың өзі жарыс қорытындысында жеңімпаздарды арнайы сыйлықтармен және төсбелгілермен марапатталады.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы