Қарағандыда оқу-өндіріс шахтасы туристік нысанға айналмақ. Бұл туралы облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков кен-индустриялық колледжіне арнайы ат басын бұрғанда белгілі болды. Оқу орнының директоры Геннадий Ивченко мәлімдегендей, жерастындағы оқу-тәжірибе шахтасын мұражай етіп жабдықтауға әбден болады. Бұл, әсіресе, алдағы жылы Астанада өтетін халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің қонақтарын қызықтыратын саяхат орны болуы ғажап емес. Бұған отандық туристік компаниялар да елеңдеп отыр.
Бұл шахта 1979 жылы тау-кен саласының мамандықтарын игеріп жатқан студенттер үшін, олардың практикалық икемдерін жетілдіру мақсатында салынған. Колледж басшылығы шахтаны сол қалпында сақтап қалғаны өз алдына, оны жерастынан көмір өндіруші кәсіпорындар қазіргі уақытта қолданып жүрген жаңа технологиялармен қамтамасыз етудің де амалын тапқан. Өңір басшысы орталық қосалқы стансаны, суағарлар мен лаваны, кен-проходка комбайн- мен кен артатын 1ПМВ-2 машинасын өз көзімен көріп, жұмыс істеу барысымен танысты.
Оқу-өндіріс шахтасына түспес бұрын, облыс әкіміне арнайы кенші киімі берілді. Күні ертең мұражай шахтаға түсуге тілек білдірген қонақтар да осылай арнайы жұмыс киімін киіп, жетон алып, шахтер өтуі тиіс тұстардың бәрінде болады. Туристерге «жұмыс орнында» ауқаттанатын дайын тамақтар да берілуі мүмкін. Соңынан оларға шахтада болғаны туралы арнайы сертификат беріледі. Туристерге арнап, кәдімгі шахталарда кеншілерді жерастына түсіретін жабдық жасау туралы ұсыныс та бар.
Колледж басшылығы, сондай-ақ, шахтаны жабдықтаумен бірге, осы жерден даңқты кеншілерімізді, еңбек рекордтарын дәріптеп, Қарағанды көмір бассейнінің тарихын баяндайтын Шахтер даңқы залын ашуды дұрыс деп отыр. Өзі де кезінде кен инженері болған өңір басшысы бұл идеяны қуана құптады. Оның үстіне, ондай мұражай ашуға қажетті дүниелер мен жәдігерлер жетіп-артылады. Ал осы мұражай-шахтаны ашу үшін 40 миллион теңгедей қаражат қажет. Егер шахтер еңбегін айнытпай сезінгісі келетін таңсыққұмар туристер Қарағандыны бетке алатын болса, бұл шығын көп ұзамай орнына келеді.
– Бүгінде әлемдік белсенді дамып келе жатқан бағыттарының бірі – өнеркәсіптік туризм, – дейді облыс әкімі. – Пайдалы қазбалардың қандай жолмен, қандай бейнетпен өндірілетінін өз көзімен көргісі келетіндер баршылық. Соны пайдаланып, туристерді тартудың бір жолы ретінде осындай жобаны неге қолға алмасқа? Кенші еңбегін жақынырақ білгісі келетіндерді шахталар жолатпайды. Өйткені, жұмыс істеп тұрған шахта маман емес адамдар үшін қауіпті. Ал біз қолға алайын деп отырған оқу-өндіріс шахтасы әрі қауіпсіз, әрі нағыз шахтаны, ондағы еңбекті дәлме-дәл қайталайды.
Пысықтар ауадан ақша жасайтын заманда бұл бір тамаша табыс көзі болайын деп тұр. Жайлы демалыстан жалығып, жүйкесін қытықтайтын ермек іздеуге көшкен туристер көбейіп жатқаны рас болса, мұндай жоба жерде қалмайды. Алдағы жылы Қазақ елін бетке алатын шетелдіктерді кеншілер астанасы Қарағандыда осындай бір қызық күтіп тұр...
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ