«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстық филиалы – Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің басшысы Ербол Әбдірахманов парамен ұсталғанда, оған бағыныштылар арасында «е, бәсе, қашанғы талтаңдап жүре берсін, сазайын баяғыда тарту керек еді» деушілердің көп болғаны анық. Өйткені, ол осы мекемеге жетекшілік еткен екі айдың ішінде кадрларды суша сапырып, қоғаша жапырып, әңгіртаяқ ойнатқан. Біріне жұмыстан шығарамын деп азу тісін ақситса, екіншісіне қызмет бабы бойынша қамқорлық жасайтынын айтып, қомақты пара талап еткен.
Қостанай жақтағы былық-шылықтарын жасыру үшін бері қарай табан жалтыратқаны жайлы кезінде БАҚ-тар жарыса жазған болатын. Жүрген жерін улатып-шулатқан оны Қызылжар өңіріндегі техникалық түгендеу бюросына қалай басшы етіп жібергені түсініксіз. Ал білдей департаменттің құлағын ұстасымен әй-шәйға қарамастан 7 бөлім меңгерушісін төмендетіп, олардың орнына өзінің сөзін екі етпейтін «ләббайларды» жайғастырған. Аудандарда да осынша бөлім басшыларын қатардағы маман етіп жіберіп, сенімді «ізбасарларын» қонжитқан.
Көмекейі кілкілдеп, жемсауы бүлкілдеп тұратын Е.Әбдірахманов бұл жолы 250 мың теңге көлемінде пара алу үстінде құрықталды. Өзінің қылмыстық әрекеттері барысында заңсыз түрде 1,5 миллион теңге алғаны белгілі болды. Енді оны алда ауыр жаза күтіп тұр.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы