• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
19 Қазан, 2016

Терістікті сазбен тербетеді

403 рет
көрсетілді

Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің гастрольдік сапарын солтүстікқазақстандық өнерсүйер қауым өте жылы қабылдады. Осыдан 7 жыл бұрын өңірге соңғы рет ат басын бұрған іргелі ұжымның тың бағдарламасын ауыл тұрғындары да үлкен ризашылықпен тамашалап, рухани ләззатқа бөленді. Оркестрдің директоры Нұрғиса Дәуешовтің айтуынша, Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейтойына арналған «Ұлы Дала мұрасы» атты концерттік бағдарлама Астанадан бастау алып, өңірлерде жалғасын тапқан. Алғашқы тұсауын академик Ахмет Жұбанов кескен, содан бергі 80 жылдық тарихында дүниенің төрт бұрышын түгел шарлап, дүниежүзілік және халықаралық конкурстардың талай мәрте лауреаты атанған оркестрдің өмірбаяны өте бай. Қазақтың ұлттық музыка өнерін талмай насихаттап, айдай әлемге танытып келеді. Оркестр қорытынды концертін облыс орталығындағы Жастар сарайында қойып, қарашаңырақтың абырой-беделін асырған мәртебелі кеш болды. Біз Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, Астанадағы Ұлттық өнер университетінің профессоры, танымал әнші Шахмардан Әбіловпен сөйлескенімізде былай толғанды: – Қазақ даласы Ұлы Түркі дүниесінің құтты мекені саналса, бүгінгі ұрпақтары Ұлы Дала перзенттері екені даусыз. Алтай мен Атырау, Жайық пен Іле, Алатау мен Сарыарқа Тәуелсіз еліміздің бір-бір бөлшегі ретінде мызғымас тұтастығымызды, бірлігімізді айғақтап тұр. Олай болса, әркез көрермендерін қуантып жүрген ұжымға мемлекеттілігіміздің іргесін нықтап, баянды еткен 25 жылдық мерейтой қарсаңында үн-түнсіз отыру жараспас болар. Әсіресе, жас ұрпаққа өнердің, музыканың құдіретін ұғындырып, патриоттық, отаншылдық қасиеттерді санасына сіңіре білсек,біз үшін одан асқан мәртебе жоқ. Мәңгілік Ел болу секілді жалпыұлттық, маңызды мемлекеттік міндетті талмай түсіндіру ұлағатты парызымыздың бірі десек те болады. Мағжанның «Япырай-ай» әнін жұртшылыққа тұңғыш рет танытқан Шахмардан ағамыз сөз арасында мына бір ұсынысын жергілікті биліктегілердің назарына жеткізуді өтінді. Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда 35 жылға жуық декан, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған ол Қызылжар өңірінің тумасы Ермек Серкебаевпен көп жыл әріптес, айнымас дос болыпты. Классикалық-академиялық музыканың дамуына теңдессіз үлес қосқан атақты тұлғаның есімі ел жадынан өшпесе екен, туған жерінде оның атында фестиваль тұрақты ұйымдастырылса, көшелерге, өнер ордаларына есімі берілсе деген тілегін алға тартты. Оркестрдің бас дирижері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Батыржан Мықтыбаев Елбасының «алыс аймақтардағы тұрғындардың мәдени өрлеу ісіне атсалысу» тапсырмасы негізінде Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қолдау тапқан гастрольдік сапар Мамлют, Қызылжар, Аққайың, Есіл, Жамбыл аудандарында үлкен табыспен өткенін, жаңа бағдарлама аясында отандық, шетелдік классикалық шығармалар қамтылатынын атап өтті. Концерт Түркештің «Көңіл­ашар» күйімен басталып, Құр­манғазы, Тәттімбет, Динаның құ­лақ құрышын қандыратын күй­лері, көпұлттық және әлемдік композиторлардың өлмес туындылары асқан шабытпен орындалды. Шахмардан Әбілов туған жердің ұлылығын, қадір-қа­сие­тін ұқтыратын, жүрек тер­бей­тін сағынышты әндерді әуе­лет­се, Тұңғыш Президент қоры сый­лығының лауреаты Ерлан Рыс­қали дәстүрлі әндерді на­қышына келтіре шырқады. Халықаралық конкурстардың лауреаттары Әсел Рақымжан, Гүлнұр Көшенова, Фахад Кубиев те өз өнерлерімен тәнті етті. Көпшілік назарына ұсы­нылған қай шығарма болсын қазақ даласының кеңдігімен, дархандығымен біте қайнасып жатқандай әсер қалдырды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы