• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Қазан, 2016

Қазақстанда жыл соңына дейін жүзге жуық сүт жинау бекеттері ашылады

383 рет
көрсетілді

Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов ауылдық жерлерде жұмыс орындарын құрудың жоспары туралы айтты деп хабарлайды Егемен-ақпарат. «Бұл мәселе ауыл шарушалығы саласы үшін өзекті екені түсінікті. Өйткені, қосалқы шаруашылықтарда өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткен адамдардың саны 675 мыңды құрап отыр. Екінші жағынан алып қарағанда, мал шаруашылығы өнімдері бойынша ет пен сүт бірінші кезекте тұр және соның 70-80 пайызы осы қосалқы шаруашылықтарда өндіріліп отыр. Ал енді бұл өндірілген өнімнің тиімділігі қандай? Әрине, тиімділік деңгейі өте төмен. Себебі, ол өнімді дайындау, өңдеу шаралары, сондай-ақ сатушыларға жеткізу, яғни логистика мәселесі шешілмеген»,-деді Мырзахметов Сенатта өткен «ҚР Президентінің 2015 жылғы 30 қарашадағы Жолдауы аясында Жұмыспен қамту жол картасын құқықтық қамтамасыз ету шаралар туралы» тақырыбында өтіп жатқан дөңгелек үстел отырысында. Осы ретте ол елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың жүктемесі республика бойынша орташа есеппен 60 пайызды құрап отырғандығын жеткізді. Ал, кейбір зауыттардың жүктемесі 10 пайызға да жетпейді. «Бұл екі мәселені бірімен бірін ұштастыра отырып, саладағы шараларды шешуде тиісті жұмыстар атқарылуда. Ол үшін арнайы үшжылдық жоспарды құрдық. Оның аясында шілде-тамыз айларында жұмыс топтарын жасақтап, өңірлерге жібердік»,-деп тоқталды Мырзахметов. Осы ретте сүтті жинау бекеттері мен малды бордақылайтын шағын алаңдардың жұмысын дамыту шаралары қамтылмақ. «Біздің жасаған индикаторымызға сәйкес, 2016 жылдың аяғына дейін 150 ауыл шаруашылығы коперативтерін ашу, 100-ге жуық сүт қабылдайтын бекеттерді іске қосуды және 2 200-ге тарта отбасылық мал алаңшаларын ашуды алғашқы кезде жоспарланған болатынбыз. Кейін өнімдерді қайта өңдейтін кәсіпорындардың тарапынан қызығушылықтың артуына байланысты индикаторларды қайта қарап шықтық. Бүгінгі таңда қаржыны игеру 1 сәуірге дейін болған соң, осы мерзімге дейін соза отырып, индикаторларды көбейттік. Енді құрылатын коперативтердің саны 150-ден 250-ге, сүт жинайтын бекеттер 100-ден 225-ке, ал бордақылау алаңшалары 2 200-ден 4 300-ге дейін артып отыр. Бұл қанатқақты жоба ретінде биыл барша өңірде басталатын индикатордың сипаттамасы осындай»,-деді Мырзахметов. Үшжылдық жоспарға сәйкес, 200 мыңнан астам қосалқы шаруашылықтар қамтылмақ, сондай-ақ 70 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылады деп күтілуде.