Италияның Милан қаласында 2017 жылғы XXVIII қысқы Универсиада дирекциясының басшысы Наиль Нұров халықаралық студенттер жарысын ұйымдастыру мәселелері бойынша 2013 жылғы қысқы Универсиада ұйымдастыру комитетінің бас хатшысы Филиппо Баззанелламен кездесті.
Осы арада 2013 жылы қысқы Универсиада Италияның Тренто қаласында өткенін еске сала кетейік. Жарысқа әлемнің 700 университетінің өкілдері қатысқан болатын. Сол жарыста 51 елден 1700-ден астам студент 12 спорт түрі бойынша сайысқа түсіп, Ойындар Тренто қаласының 12 провинциясында өткен еді.
Универсиадалар тарихындағы ең үнемді спорт сайысы 2013 жылғы екенін айта кеткен жөн. Универсиаданың операциялық бюджеті 5 миллион 125 мың еуроны құрап, бюджеті ең аз ойын болды.
– Универсиаданы ұйымдастыру комитеті үшін Тренто тәжірибесі өте маңызды. Әсіресе, шығынды тиімді жұмсауын үлгі етуіміз керек. Ақшаны үнемдеп-ақ, жарысты жоғары деңгейде өткізуге болады. Осы орайда, Трентоның тәжірибесі біздерге Универсиаданы аса қымбат емес етіп өткізуге көмектесуі керек деп атап өтті, деді дирекция жетекшісі Наиль Нұров.
Өз кезегінде 2013 жылғы Универсиаданың бас хатшысы Алматыдағы Универсиадаға дайындық Халықаралық студенттер спорты федерациясының барлық талабы бойынша жоғары деңгейде өтіп жатқанын жеткізген. Ал Филиппо Баззанелла мырза Алматы қаласының FISU тарихындағы ең үздік Универсиаданы өткізетініне сенетіндігін білдірді.
– Өйткені, қыркүйек айында дәстүрлі делегация басшыларының кездесуінің өзін жоғары деңгейде өткізді. Алматыдағы қысқы Универсиадаға кәсіби мамандардан құралған топ жұмыс істеуде. Бұл жарыс сіздердің қалаларыңызда студенттік спорттың дамуына серпін береді, – дейді 2013 жылғы қысқы Универсиаданы ұйымдастыру комитетінің бас хатшысы.
Мысал ретінде ол Италияның Турин қаласын да атап өтті. Бұл қалада 2006 жылы қысқы Олимпиада өткен. Артынша 1 жылдан соң қысқы Универсиаданы қабылдады. Осының арқасында спорт аталымы бойынша Турин мен Трентиноға оқуға келген шетелдік студенттердің саны 10 есеге артқан.
Кездесу барысында қос тарап, көлікпен қамтамасыз ету, тамақтану, Ойындарды басқару орталығының жұмысы, жарыстың ашылуы мен жабылу салтанатын ұйымдастыру, мәдени Универсиада тақырыбында әңгіме өрбітті.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ