Аудан ахуалынан хал-қадерімізше ақпарат бергендей болдық. Ал Қазалы өңірі ел Тәуелсіздігінің мерейлі мерекесіне қандай тартулармен келіп отыр? Бұл жайында аудан әкімі Нажмадин ШАМҰРАТОВПЕН аз-кем сұхбат құрдық.
– Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлағалы отыр. Ал мерекеге орай ауданда қандай игілікті шаралар жасалмақ?
– Елiмiзде Тәуелсiздiктiң 25 жылдық торқалы тойына байланысты мерекелiк шаралар республикамыздың әр өңiрiнде атап өтуде. Мұндай шараларда Қазалы халқы да қашаннан қалыптасқан дәстүр бойынша алдыңғы шебiнде жүретiнi баршаға аян. Ауданда мерейлі жыл аясында атқарылатын iзгiлiктi iстер мен рухани-танымдық шаралардың қатары көп. Нақтырақ айтсақ, аудан орталығында тәуелсіздігіміздің құрметіне биіктігі 25 метрді құрайтын зәулім монумент орнатылуда. Қ.Пірімов көшесіне адалдықтың үлгісі Бегім ана мен Асандар көтерілісінің құрбандарына ескерткіш қою жұмыстары жүргізілуде.
Оған қоса, Самарқандай ғажайып шаһарды 30 жыл билеген әлемге әйгілі қолбасшы Жалаңтөс Сейітқұлұлының 440 жылдығына орай 2016 жыл Қазалы ауданында «Жалаңтөс батыр жылы» деп жарияланды. Бабамызға да еңселі мавзолей салынуда. Жалаңтөс батыр ауылын абаттандыруға 70,0 миллион теңге, Әйтеке би кентіндегі Қ.Пірімов көшесін абаттандыруға және Тәуелсіздікке 25 жыл монументін орнатуға облыстық, аудандық бюджеттерден 419,7 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Айтулы мерейтойды 29-30 қазан күндері өткізуді жоспарлап отырмыз.
Мерекелік шара күндері Жалаңтөс баһадүрге, Бегім анаға, Асандар көтерілісі құрбандарына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция, республикалық ақындар айтысы, Жалаңтөс баһадүр мавзолейі мен Бегім ана, Асандар көтерілісі құрбандарына арналған ескерткіштердің және Тәуелсіздік монументінің ашылу салтанаты, жүзден астам тігілген киіз үйлерде бабалар рухына арналған ас беріліп, ат бәйгесі, құсбегілер сайысы, жыраулар фестивалі, эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік гала-концерт өтеді.
Биыл Орталық Азия мен Қазақстан жастарының жалынды жетекшісі, жерлесіміз Ғани Мұратбаевтың дүниеге келгеніне 114 жыл толу құрметіне облыстық деңгейде байқау ұйымдастырылуда. Белсенді жастар арасында іріктеу жарияланды. Талапкерлер саны өте көп. Мерейтой күні байқау қорытындысымен арнайы тағайындалған «Ғани» атындағы сыйлықпен 21 жас марапатталатын болады.
Сонымен қатар, «Қазалы ауданының энциклопедиясы» тарихи-танымдық кітабын шығару жұмыстары басталып та кетті. Редакциялық алқа құрамы, салалар бойынша жұмысшы тобы, шығармашылық топ бекітілді. Арғы тарихтан бүгінгі күнге дейінгі аралықты қамтитын кітап оқырмандар көңілінен шығуы тиіс деп ойлаймыз.
Бұдан бөлек, 2017 жылы Қазалы қаласына 150 жыл толады. Осыған орай, қала бойынша күрделі жұмыстар атқарылатын болады. Дайындық жұмыстары қазірден басталып кетті. Көлемі 81 және 180 гектар жер учаскесінде салынатын тұрғын үйлерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобасы іске асырылмақ. Оның ішінде белгіленген учаскелерге жол салу, электрмен, ауыз сумен, газбен жабдықтау жұмыстары қамтылған.
Мерейтой аясында Қазалы қаласында абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде қаланың 5 көшесіне жиектас және табанжол салу, 9 көшені жарықтандыру, 12 көшедегі жолды асфальттау, аялдама орнату жұмыстары атқарылады. Және «Шағала» демалыс орталығына баратын Қосаев көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жарықтандырылады. Ғ.Мұратбаев атындағы саябақ, ардагерлер алаңы, қалалық мәдениет үйі мен №17 орта мектептің алды абаттандырылатын болады. Жалпы, биыл Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және абаттандыру үшін 1 миллиард 800,8 миллион теңгенің жұмыстары жүргізілмек.
– Осы мерейлі мерекеге аудан қандай жетістіктермен жетті?
– Қазалы ауданы жаңа жетістіктер мен әлеуметтік жаңару жолында алға қарай қадам жасап келеді. Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындауда бірқатар оң өзгерістерге қол жеткізілді. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аудан экономикасы тұрақты дамып, аудан бюджетінің кірістер бөлігі көбейді.
Тәуелсіздік жылдарында қаншама өндіріс орындары жанданып, мектептер мен балабақшалар, мәдениет орындары салынды. Аудан орталығы мен ауылдар абаттандырылып, көріктене түсті.
Ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттің қолдауымен жақсы дамуда. Егін шаруашылығында өндірілген өнім көлемі мен гектар түсімінде жыл өткен сайын дақыл түрлері бойынша біршама өсім бар. Мал шаруашылығында да оң өзгерістер байқалады.
«Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральды газ құбырынан «Әйтеке би» автоматтандырылған газ тарату стансасына дейінгі газ құбырының құрылысын салу жұмыстары толығымен орындалды. Бүгінде аудан халқы көгілдір отын игілігін көріп отыр.
Мемлекеттік «Таза су», «Ақбұлақ» бағдарламалары арқылы тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында ауданда ауқымды жұмыстар жасалды. Соның нәтижесінде 45 елді мекеннің 31-і орталықтандырылған су құбырын пайдаланады.
Аудан көлемінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, жаңа өндіріс орындарын ашу мақсатында «Өндірістік аймақ» және «Сауда-логистикалық орталық ұйымдастыру» жобаларын жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда аудан бойынша 4 176 шағын кәсіпкерлік субъектісінде 8 715 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Бүгінде Қазалы ауданы «Дәмді» сүт өнімдерімен, «Қазалы» кәмпитімен, ет, балық және күріш өнімдерімен мақтана алады. «РЗА» АҚ-тың 550 басқа арналған ірі қара өсіру кешені және сүт өңдеу зауытының сапалы сүт өнімдеріне нарықта сұраныс жоғары.
Ауданда әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысы, ауылдың сәулеттік келбетін ашатын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2015 жылдың өзінде Сарбұлақ және Аранды ауылынан 100 орындық 2 мектеп, Жанқожа батыр елді мекенінен 90 орындық балабақша, Абай ауылынан 150 орындық ауылдық клуб, Әйтеке би кентінен 160 орындық денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Аудандар бойынша тұңғыш рет ардагерлер үйі ашылып, пайдалануға берілді. Ал биылғы жылы Жалаңтөс батыр ауылындағы 90 орындық балабақша құрылысы мен «Сыр Маржаны» ЖШС-нің 500 басқа арналған мал бордақылау алаңының инфрақұрылымы құрылысын салу жұмыстары жалғастырылды. Ұлы Жеңістің 71 жылдық мерекесіне орай «Жеңіс» саябағынан 5 Кеңес Одағының Батыры, 5 Социалистік Еңбек Ері мен 2 мемлекет және қоғам қайраткеріне арналған 12 ескерткіш-бюст ашылды.
– Алда атқарылатын тағы қандай жұмыстар бар?
– Қазақстан халқын дербестікке, еркіндікке жеткізу жолында Елбасының көреген саясат ұстанып, жас мемлекетіміздің Тәуелсіздігін жария еткеніне де, міне, 25 жыл толып отыр. Жиырма бес жыл тарих үшін соншалықты зор кезең болмағанымен, осы жылдар ішінде ғасырларға бергісіз қыруар жұмыс атқарылды. Шекарамызды шегендеп, елдің еңсесін түзеу үшін қыруар тірлік атқарылды. Барша қазақ халқы үшін қасиетті де қастерлі азаттықтың арқасында тарихымызды түгендеп, тілімізді, дініміз бен ділімізді қайта оралттық. Елдігіміз айшықталып, ұлттық салт-дәстүрімізді жандандырдық. «Әуелі – экономика, содан соң – саясат» деген ұстанымды нық ұстаған Елбасының көрегендік саясатының арқасында ел өмірінде, халықтың тұрмысында терең өзгерістер, оң қадамдар жасалды.
Халқымыздың әл-ауқаты, тұрмыс дәрежесі жыл өткен сайын жақсарып, адамдардың көңіл-күйінде ертеңгі күнге деген сенімділік пен жақсы үміттің оты күшейе түсуде. Мұның бәрі – Тәуелсіздіктің сыйы, жақсы дәуірдің жоралғысы. Енді осы асылдарымызды бағалап, оларды қастерлеу сіз бен бізге жүктелген міндет. Бұл ретте, әрбір қазақстандық азаматтың алдында зор міндеттер мен жауапкершілік тұр деп есептеймін. Осы орайда, біз де ауданның одан әрі дамып, өркениеттің көшіне ентікпей ілесуіне еңбек сіңіре беретін боламыз.
Жаңа атап өткенімдей, ауданда атқарылып жатқан шаруа аз емес. Алдымызда одан да зор, одан да маңызды, барынша ауқымды міндеттер тұр. Ол үшін жұдырықтай жұмылып, ауызбірлікте еңбек етуіміз қажет. Баршамыздың бір ғана мақсатымыз бар, ол – халық пен елдің игілігі үшін қызмет істеу, елдің барақатты тірлік кешуіне жағдай жасау. Осы жолдан айнымай, бағытымызды жоғалтпай жұмыс істей береміз. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген халқымыз. Сондықтан бүгінге дейін атқарылған жұмыстардың бәріне әрбір қазалылық азамат еңбек сіңірді, үлесін қосты. Алдағы уақытта да жұмылған жұдырықтай бірлігімізбен тиісті міндеттерді атқара береміз.
Қызылорда облысы