Мәңгілік елдің мәңгілік көшінде халықтың көнермейтін жады тарих дөңгелегі мың сан айналып, шиырлап жол салғанда соның соқтықпалы-соқпақты тұстарын жандарын ауырта, жүректеріне салмағын түсіре сақтайды. Кейде дұшпанның атқан оғынан, енді бірде қапияда айырылған боздақтарын еске алып, қайта жанбайтын ошақ отының қоламтасын өшіріп алмау үшін көкіректерінде аялап, оны өкпек желдің өтіне түсірмеуге, нөсер жауынның астында қалдырмауға тырысады. Сөйтіп, санадағы сарғайған сағыныштарының ұрпақтар жадына жатталуы жолында жандарын салады.
Торғайда тағылымды шара өтті. Ақын Айбек Қалиев шараны өткізердегі арнауында «Торғайдың бойындағы қалың қазақ, Қошқардың қос ұлына қарыздармыз» дегеніндей тарихта Шақшақ Жәнібек батыр атымен белгілі, Қошқардың балалары – Тұрлығұл, Жәнібек, Тінібек еске алынып, үлкен ұлы Тұрлығұлға және оның саяси-қуғын сүргін құрбаны болған, 1941-45 жылдары соғыстан қайтпай, сүйектері қай жерде қалғаны белгісіз 70-ке тарта ұрпағының аттары жазылған белгі Торғай зиратының аумағына қойылды.
Тінібек 17 жасында үйленіп отау құрмай тұрып қатарынан екі рет жаумен жекпе-жекке шығып, үшінші ұрыста мерт болған, жаужүрек ұлан екен дейді шежіре. Жәнібектің қол бастаған батыр, сөз бастаған шешен, шатқаяқтап қақырайғанды иілітіп, бітімге әкелген көсем болғаны белгілі. Ал үлкен ағасы – Тұрлығұл болса, Бұқардан дін оқуын тәмамдап, Торғай уәләятына білім ұрығын сепкен, тарихшы ғалым Ирина Ерофеева айтқандай, «Інісі Жәнібектің қолдаушысы ғана емес, қиын жерлерге барып, елдік сөзді Жәнібектің атынан айтқанда мүдірмеген, батырдың ең сенімді серігі, арқа тұтар ағасы, сүйенері болған жан».
Өткенге тағзым етілген шараның аясында Жангелдин аудандық мәдениет үйінде тарихшы-ғалым Ирина Ерофееваның Шақшақ Жәнібек батыр жайында жазған көлемді еңбегі «Между всеми старшинами знатнейший» кітабының тұсаукесері болды.
«Кітаптың негізгі тұсаукесері Алматыда өткенімен Торғайда, батырдың туған жерінде, оның ұрпақтарының алдында кітапты таныстыру бір мәртебе. Батырға қатысты деректерді қазып, осы зерттеу еңбекті жазғанда кітаптың атын қоюға қиналған жоқпын. Орыс тарихында Орынбор губерниясының Бірінші Петрі атанған генерал-губернатор Неплюеевтің Шақшақ Жәнібек батырға бір емес бірнеше рет берген бағасы «мені қой» деп өздігінен сұранып тұрды. Ол шынында да сондай тұлға. Жәнібек тек Торғай жұрты үшін ғана емес, барша қазаққа ортақ, оның тарихына жазылатын батыр», – десе, жазушы, көне тарихымызды қотарып, бүгінге жеткізуші тарихшы Қойшығара Салғараұлы: «О баста қазақ деген халық қайдан шықты, басынан нені өткерді, нені кешті дегенмен көне тарихқа бір кіріп кеттім де содан шыға алмай, Жәкеңнің рухының алдында өзімді кінәлі сезініп жүремін. Шынында Шақшақ Жәнібек есімі қандай ардақтауға да тұрарлық, тарихи құжаттарда еңбегі нақты көрсетілген тұлға. Ал бүгінгі іс-шараның Жәнібек батырға, елі үшін құрбан болған оның жауынгер інісі Тінібекке, Торғай ұстаздарының ең бастауында тұрған, мәмілегерлігімен, шешендігімен Жәнібек інісінің сенімді серігі болған Тұрлығұлға арналуының өзіндік тәлімі бар дүние», десе өлкетанушы Орекен Алматов: «Қошқарұлы Тұрлығұл мен оның ұрпақтары бұл өлкенің өнер-білімінің дамуына, өлкенің ғана емес, тұтас халқымыздың осы реттегі өсуінде ізі жатқан талай тұлғаны бергендігімен ерекшеленеді. Қазақ баласы қолына қылқалам ұстамаған тұста сурылып шыққан Қазақстанның халық суретшісі Молдахмет Кенбаев, ақын Қайнекей Жармағамбетов, әкелі-балалы Әбіқай ақын мен Ахметхан, Торғайдың дін және ағарту саласындағы айтулы тұлғалар – Науан хазірет, дәмолла Қанапия, Әлмұхамбет Оспанов, бокс өнерінің қос тарланы ағайынды – Махмұт пен Мақсұт Омаровтар, 1934 жылы Алматы қаласында жасақталған алғашқы қазақ полкінің командирі Қоғабай Жоламанов және көптеген ғалымдар мен сазгерлер, ақындар, журналистер, өнер адамдарын т.с.с. айтулы тұлғаларды берген текті ата балалары көпке үлгі боларлықтай іс атқарып, кешегі ел басына түскен ауыртпалықта денелері қайда қалғаны белгісіз, шаңырағына қосылып шаттыққа кенеле алмаған боздақтарға туған жерлерінде белгі орнатты. Мұсылман баласына артынан жететін құран шарапаты енді бұдан былай Торғай зиратының шетіндегі белгіде есімдері тасқа қашалған аруақтарға тиетін болады. Мұндай әрі сауапты, әрі үлгілі істі ел болып қолдасақ, кәні», деген.
Шара соңынан аруақтарға арнайы құран бағышталып, ас берілді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»