Алдыңа үлкен мақсаттар қоя білу бар да, оны аяғына жеткізіп іске асыра білу бар. Тынымсыз еңбек, ізденіс қана алға қойылған мақсатқа жетуге негіз бола алады.
Осындай мақсатшыл азаматтардың бірі, еліміздің дамуына үлесін қосып, мемлекеттік маңызы бар жобалардың іске асуына ат салысқан қайраткер, үлкенге құрмет, кішіге үлгі көрсете білетін ардақты азамат Орынбай Рахманбердіұлы туралы сөз қозғауды жөн көрдім. Еңбек жолында талай күрделі кезеңдерді бойынан өткерген, мол тәжірибе мен парасат иесі жайында пікір білдіру оңай болмағанымен, Сенат депутаты болған кезінде көмекшісі қызметін атқарғандықтан, қызмет барысындағы іскерлік әрі азаматтық болмысына куә болдым. Бойындағы кішіге де, үлкенге де құрмет көрсете білетін қасиеті, еңбекқорлығы мен елге деген шынайы жанашырлығы Орынбай Рахманбердіұлы туралы сөз қозғауыма түрткі болды.
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы онжылдығындағы елдегі күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдай есімізде. Мемлекеттегі жұмыссыздық, елдің тұрмыс-тіршілігі мен ахуалының күрт төмендеуі қоғамда түрлі әлеуметтік қайшылықтардың үдей түсуіне әкеліп соққаны белгілі. Осындай күрделі кезеңде Тәуелсіздігіне енді ғана қолы жетіп, дамудың жаңа жолына түскен Қазақстан Үкіметінің алдында үлкен мақсаттар тұрды. Ол мақсат – дамыған, әлем мойындаған, халқының әлеуеті артқан, экономикасы қуатты, Тәуелсіздігі баянды мемлекетті құру болатын.
Сын-қатерлерге толы сол шақта Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел болып, етек-жеңін енді жинай бастаған мемлекеттің дамуына бағдар болатын жаңа экономикалық саясатты ұсынды.
Жергілікті басқару органдарындағы, бизнес саласындағы іскер азаматтардың жаңа толқыны мемлекет экономикасын алға қарай ілгерілетуге ат салысып, ел өміріне етене араласу мүмкіндігіне ие болды.
1990 жылдары нарықтық экономиканың заңдылығы орнай бастаған кезеңде еліміздің әр аймағынан мемлекеттік органдарда, бизнесте жемісті еңбек еткен мықты менеджерлер шыға бастады.
Солардың қатарында Оңтүстік өңірінің ауылдық аймақтарында еңбек жолын бастап, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өндіріс орындарында қызмет еткен Орынбай Рахманбердіұлын замандастары мен қалың жұртшылық жақсы біледі. Себебі, Орынбай Рахманбердіұлы – өмір жолында жинаған тәжірибесін ел игілігіне жұмсай білген адам.
Дегенмен, өз басым Орынбай Рахманбердіұлының өмірбаянын сырттай білгеніммен, жақын танысып, жұмыс жасаймын деп ойламағаным рас.
Университетті аяқтап, жастардың арманына айналған Астанаға аяқ басқан кезім. Арман қуып, елордаға келген көп жастардың бірі ретінде жұмысқа орналасып, 2003 жылдары еңбек жолымды бастадым.
Қызмет барысында Орынбай Рахманбердіұлы туралы естіп, біліп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қызметі жайында хабардар болып тұратынбыз. Сәті түсіп, 2007 жылдан бастап көмекші ретінде бірге 7 жылға жуық жұмыс жасау мүмкіндігі туды. Сол кезең бүгінде мен үшін үлкен еңбек мектебіне айналды. Алғаш жұмысқа кіріскен күннен бастап депутаттың іскерлігі мен жағдайды бағамдай білетіні, қоғамдық мәселелерді терең түсінетіні мені таңдандырған.
Орынбай Рахманбердіұлы Оңтүстік өңірінен сайланған депутат ретінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына мүмкіндік туғызатын жобалардың жүзеге асуына көп көңіл бөлді. Аймақтың тұрмыс-тіршілігін, географиялық ерекшелігін жақсы білетін депутат туындаған әр мәселенің мазмұнын бірден түсіне қоятын. Азаматтардан келіп түскен арыз хаттар, өтініштер болсын, мұқият қарап, зерделейтін.
Атап айтқанда, Орынбай Рахманбердіұлы Оңтүстік өңірі үшін ғана емес, жалпы Қазақстан үшін маңызды жоба – өткен ғасырдың 80-жылдары жоспарланып, шешімі табылмаған Қасқасу жобасын дамыту туралы Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, курорттық аймақтың әлеуметтік маңызына айрықша назар аударуды ұсынды. Нәтижесінде, аймақтың инфрақұрылымын дамытуға республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Ендігі кезекте, жергілікті атқарушы органдар осындай маңызды жобаны әрі қарай жалғастырып, ойдағыдай аяқтайды деген сенімдеміз. Себебі, туризм саласын дамыту – бүгінгі таңда маңызды мәселе. Оңтүстік аймақтың ауа райының қолайлы жағдайы туризмге сұранып тұрғаны айқын.
Кәсіби тәжірибесі мол білікті маман ретінде Орынбай Рахманбердіұлы оңтүстік өңірі халқының демографиялық өсімге бейімділігін ескере отырып, осындай жобаларды ілгерілету халықты жұмыспен қамту мәселесіне де оң серпін тигізетінін анық түсініп, болжай білген. Шындығында, бүгінгі күні Оңтүстік Қазақстан облысында 2,8 миллионнан аса адам тұрады. Бұл көрсеткіштің алдағы 20-30 жылда еселеніп өсетіні анық. Демек, туризмнің қосымша жұмыс күші, шағын және орта бизнесті өрістетін фактор екеніне назар аударып, әлеуметтік мәселелердің шешімін табуды көздеген Орынбай Рахманбердіұлының көтерген мәселесі – елдің мәселесі.
Бұл орайда, депутат қызметінде Оңтүстік Қазақстан облысы «Көксарай» су қоймасының салынуына үлкен үлесін қосқаны да есімде. Жыл сайынғы су басу қаупін түпкілікті шешу мақсатында «Көксарай» су қоймасы құрылысының әлеуметтік маңыздылығы ескеріліп, аталған мәселе Елбасы тарапынан қолдау тауып, одан кейін Үкімет отырысында оң шешім шығарылып, су қоймасын салуға қаражат бөлінген болатын.
Орынбай Рахманбердіұлының депутаттық лауазымда жүзеге асырған игі істері – егемен еліміздің отансүйгіш азаматтары үшін үлгі. Еңбегі өміріне айналған тұлғаның жетекшілігімен жұмыс істеу – мен үшін де үлкен тәжірибе болғаны рас.
Мемлекеттік, қоғамдық және саяси-әлеуметтік салаларда жұмыс істеген Орынбай Рахманбердіұлы бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы ретінде еліміздегі тұрақтылық пен келісімді, ұлттардың достығы мен татулығын сақтауға ат салысып келеді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар халқымызда, сондықтан өз көзіммен көрген игі істер жөнінде айтуды жөн деп санадым.
Еңбегі халыққа белгілі елдің азаматына алғыс шексіз.
Руслан ДҮЙСЕНОВ
АСТАНА