• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Қазан, 2016

Швейцариялық іскерлер агротуризмді дамытпақ

338 рет
көрсетілді

Алматыда мегаполистің кәсіпкерлері мен швейцариялық іскерлер қауымы кездесті. Ортақ ауандағы әңгімеге инвестиция­лық тартымдылық, қаржы-қаражат, құры­лыс, көлік логистикасы, медицина мен химия өнеркәсібі, туризм және қонақ үй бизнесі саласындағы әріптестік байланыстарды дамыту арқау болды. Женева кантонының экономика және қауіпсіздік министрі Пьер Модэ бастаған бизнесмендер тобының құрамында Швейцарияның ең ірі 28 инвестициялық компанияларының өкілдері бар екен. Әлемдегі адамның өмір сүруіне қолайлы деп танылған мемлекеттердің көшін бастап тұрған Швейцария іскерлерінің ықыласы Алматыға шындап ауғанға ұқсайды. Әсіресе, Алатау баурайындағы тұмса табиғат пен ыңғайлы тіршілік ортасы агротуризм үшін таптырмайтын дайын жол екені айтылды. Туризм дамыған жерде бірнеше сабақтас бағыттың да алға басуына жол ашылатыны аян. Қонақ үй, қызмет көрсету, көлік тасымалы, азық-түлік белдеуін қалыптастыру сияқты жымдасып, жалғасатын саланың өрісі кеңейеді. Алматының кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктердің есігі ашылғалы тұр. Жергілікті билік те кәсіп­керлер палатасының бастамасын қолдап отыр. Сол арқылы қаланың әлеу­меттік мәселелерінің оңтайлы шешілуіне мүдделі. Уағдаласқан жобалар сәтті жүзеге асатын болса, қосымша жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқатын түзеуге себін тигізбек. Жалпы, Қазақстан мен Швейцария арасындағы іскерлік байланыстардың тамыры тереңде жатыр. Әсіресе, екі ел арасындағы тауар алмасу жақсы жолға қойылған. Мысалға, биылғы жылдың басынан бері сыртқы сауда әріптестігінің нәтижесінде 2,1 млрд АҚШ долларына тең тауар алмасу жүзеге асқан. Оның 2,09 млрд доллардан астамы экспорт өнімдерінің үлесі болса, импорт мөлшері 58,6 миллионды құрап отыр. Алматы қаласы кәсіпкерлер палата­сының мұрындық болуымен өткен іскер­лік басқосудың нәтижесінде екі ел ара­сындағы сауда ынтымақтастығы жарасып, табыс екі есеге дейін еселенеді деп күтілуде. Сөйтіп, алдағы жылдары Женевадан Қазақстанға бағытталған қар­жылық, тауарлық өнімнің үлесі бас­тапқы санатқа шықпақ. Қазіргі күні Швей­царияның біздің елмен тауар алмасуы Ресей, Қытай, Италия, Голландия және Франциядан кейінгі орында. Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Алматы