Қостанайдың даңқы астығымен, темірімен тек еліміз ғана емес, одан сырт жерлерге де белгілі. Қазақстандағы астықтың төрттен бірі Қостанайдың құнарлы жерінде өндіріледі, дүние жүзіндегі санаулы алып кәсіпорындардың бірегейі Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі бұл өңірді айдай әлемге әйгілі еткелі қашан.
Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Қостанайдың байлығы тек шикізатымен де емес, өңдеу саласымен де арта түсті. Тіпті, соңғы жылдары өңдеу саласының қарқыны шикізатты ығыстыра бастағандай. Оған мысал көп. Мұнда бұрыннан өндірілетін кеннің бірі асбест болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та Қостанайға таяуда келген сапарында «Қазақстандағы асбест қорының 100 пайызы Қостанай облысында» деген болатын. Расында, өңірдегі Жітіқара жерінен өндіріліп және өңделетін асбест-хризотил минералының табиғи ерекшелігі жөнінен дүние жүзінде баламасы аз.
Жалпы, бұл минералдың жылу сақтайтын және тозбайтын қасиеті адамзатқа ертеден белгілі. Дүние жүзінде хризотил талшығы негізінде машина, авиация өндірісіне, құрылысқа, жол құрылысына қажетті материалдар жасалады. Жітіқара ауданындағы бұрыннан хризотил өндіруге, өңдеуге және оны экспорттауға басымдық беріп келген «Қостанай минералдары» акционерлік қоғамы қазір нарық сұранысына орай шикізат экономикасын әртараптандыруды табысты меңгерді. Онда бірнеше жобалар өмірге жолдама алды. Соның арқасында кәсіпорын жол құрылысына өте қажетті асфальт-бетон аралас қоспаны, жолдың беріктігін күшейтетін «EcoTop» деп аталатын үстеме қоспаны, минералды әмбебап ұнтақты және текше тәрізді қиыршық тасты нарыққа алып шықты.
– Жол сапасын көтере түсетін бұл өнімдерді кеңестік дәуірден бері тек ресейлік дайындаушылар өндіретін, бұрын Кеңес Одағына қараған елдердің барлығы да сол жақтан таситын. Ал қазір оларды өзіміз өндіреміз. Олар жол құрылысына өте қажет және бұл минералды талшықтың қасиеті арқасында мүмкін болып отыр. Жол құрылысына пайдаланатын басқа материалдарға қарағанда сапа жөнінен асбест-хризотил талшығы негізінде өндірілетін құрылыс материалдарының бәсі басым, – дейді «Қостанай минералдары» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ербол Нұрғожаев.
Жол құрылысына қажетті біз сөз етіп отырған өнімдердің барлығы да «Қостанай минералдары» кәсіпорнының цехтарында биылдан бастап өндіріле бастады. Солардың арасында «EcoTop» үстеме қоспасының артықшылығын мамандар ерекше бағалайды. Хризотил талшығынан жасалған «EcoTop» үстеме қоспасы жолға төселген қиыршық тас қабатты бекіте түседі. Құрамында минерал талшығы бар жолды ешқандай зең де, саңырауқұлақ та, кеміргіштер де бұза алмайды. Өйткені, талшық отқа күймейді, зеңге шірімейді, оның құрылысы жолдың бетіне құйылған битумды ағызбай жақсы сіңіреді. Материалдың жылуға төзімділігі болғандықтан ол еліміздің барлық өңірлерінде, әсіресе, ыстығы ми қайнататын оңтүстікте төзімді келеді, ауа температурасының құбылғанына өзгермейді, тозбайды. Сондықтан хризотилдің жол құрылысына пайдаланылуы жолдардың ғұмырын да ұзарта түседі екен.
– Беріктікті күшейтетін үстеме қоспа пайдаланылған жолдар 5 жылдан 25 жылға дейін қызмет етеді. Мұның сыртында аталған үстеме қоспа қосылған жолдар ойдым-ойдым болып ойылып кетпейді, – дейді Ербол Нұрғожаев.
«Қостанай минералдары» кәсіпорны цехтары өндіруге кіріскен минералды ұнтақ жол төсемдерінің негізгі құрылымына қосылады. Мамандардың айтуынша, жол құрылысы үшін бұл материалдан берік зат әлі ойлап табылған жоқ. Тұтынушыға оның бағасы да қолжетімді. «Қостанай минералдары» акционерлік қоғамындағы цехтардан жол құрылысына арнап өндірілетін өнімдер бағасының арзандығымен де ерекшеленеді.
– Қазірдің өзінде біртіндеп нарықты игеріп келеміз, алдағы екі жылда тұтынушыларымыздың қатары көбейе түседі деп ойлап отырмыз, – дейді Ербол Нұрғожаев.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, өндіріс қуаты да көңілге қонады. Жылына 8 мың тонна «EcoTop», 30 мың тонна минералды ұнтақ өндірілетін болады. Ал жаңадан ашылып жұмыс істей бастаған асфальт-бетон зауытының қуаты сағатына 90 тонна өнімді құрайды.
Қайбір өнім де алдымен жерінде пұл болады. «Қостанай минералдары» кәсіпорны орналасқан Жітіқара ауданы мен қаласында асфальт-бетон қоспасынан бірнеше жол төселді. Осы минералды қоспалар қосылған жолдың сәні мен сапасына, тегістігі мен беріктігіне әркім қызыққандай. Енді бірегей минералды қоспаларға көрші аудандар сұраныс жасай бастады. Минералды қоспа өнімдерінің барлығы да сынақтан өткізілген, ГОСТ талабына сай келеді.
Мұндағы өндірісті әртараптандыру, экономиканы сауықтыру ісі шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың арқасында мүмкін болды. Кәсіпорын мұнымен қоса нарыққа құрғақ құрылыс қоспаларын, құм, полимер-құм бұйымдарын, тағы басқа құрылыс материалдарын ұсынатын болады. Өндірісті әртараптандыру шикізатқа, яғни хризотил талшығына салмақ салуды азайтты, оның сыртында қаншама жұмыс орны ашылды. Ізденсе, мемлекет қолдауын дұрыс пайдаланса өндіретін табыс көзі ашыла беретіндей.
Таяу уақытта «Қостанай минералдары» акционерлік қоғамының жаңа цехтары қатары тағы да көбейеді деген сенім бар. Жол құрылысы үшін қиыршақ тас өндіретін уатқыш-іріктеу желісі іске қосылмақ. Ол үшін жабдық дайын, қазір оны құрастыру жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда шығарылатын текше тәрізді іріктелген қиыршық тастың аязға төзімді, жолды айнадай тегіс ететін сапасын мамандар әлден айтып отыр.
Осы кезге дейін шикізат өндіріп келген «Қостанай минералдары» кәсіпорнының екінші тынысы ашылды. Ол еліміз Тәуелсіздігінің мерейлі жылы табысқа бастамақ.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Жітіқара қаласы