• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
20 Қазан, 2016

Салафизмге түбегейлі тыйым салмай болмайды

396 рет
көрсетілді

Кесірлі көзқарастарын көлденең тартқан бүлдіргі ағымдардың бетін қайтарып, екпінін басу, жөнге салу оңай шаруа болмай тұр. Сондықтан да болар, кейінгі кездері мемлекет тарапынан діни экстремизм мен терроризмге қарсы батыл шаралар жаңаша сипатта қолға алына бастады. Бұл жағдай олардың қоғамымызға дендеп еніп, үлкен күшке айналып үлгергенін анық аңғартады. Осы орайда елмен етене араласып жүрген, ҚМДБ тарапынан мешіттерге имам болып тағайындалған азаматтарымыздың ой-пікірлері, уағыздары қоғамымыз үшін маңызды. Міне, осыған байланысты біз Алматы қалалық орталық мешітінің наиб имамы, дінтанушы Ерсін ӘМІРЕНІ әңгімеге тартқан едік. – Таяуда Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өз­ге­рістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» заң жобасын жан-жақты тал­қы таразысына салып, бірінші оқы­­лымда мақұлдады. Осы заң жо­ба­сына қатысты сіздің пікіріңізді білсек. – Жаңа заң жобасында идеоло­гия­лық жұмыстарға, діни экстремизм мен терроризмнің пайда болуы се­бептерімен шынайы күресуге жет­кілікті назар аударылмаған. Нақ­тылай айтқанда, мәселенің салдарымен күресу жолдарына басымдық берілген. «Діни экстремизм мен тер­роризмнің бастауы қайда?», «Жас­тарымыз бұл жолға қалай түсіп жатыр? деген сауалдарға барынша назар аударылуы керек. Негізінен, алдын алу жұмыстарына мейілінше көбірек көңіл бөлінуі тиіс еді... – Сіздің ойыңызша салафизм ағы­мымен күресудің ең тиімді жо­лы қандай? – Жалпы, салафизмге елімізде тү­бе­гейлі тыйым салмай, онымен күре­суде жақсы нәтижеге жете алмаймыз. Олармен күресіп жатқан ел­дер бар. Алайда бұл елдермен Қа­зақ­станды салыстыруға болмайды. Өйткені, олардың халқының діни сауа­ты бізге қарағанда өте жоғары. Мәсе­лен, Түркия – Ислам әлемін бас­қарған халифаттың мұрагері. Өз­дерінің ұстанымдарын жақсы бі­ле­ді. Өкінішке қарай, біздің халық ондай деңгейде емес. Сондықтан елі­мізде са­лафизммен идеологиялық тұр­ғыдан күресуден гөрі оған мүлде тыйым салу керек. Дәстүрлі діни ұста­ным­дары­мызға жат, қайшы пікірлерді, ұста­нымдарды радикалды көзқарас деп танып, осындай бағыттағы насихаттарды таратушылар заңмен қудаланады деп мәселе көтеруге әбден болады. Әлемде қандай да бір қауіпті идео­логияға тоқтам салу деген бұрыннан бар. Мәселен, фашизмге, антисемитизмге қарсы күрес соған жатады. Бізге бірінші кезекте салафишілердің уағыз саласында белсеніп жүрген үлкен шейхтарының қызметін тоқ­тату керек. Мен Атырауда жұмыс іс­теп жүрген кезімде байқағаным, так­фир ағымының шейхы деп қарас­ты­рылатын Халил кеткеннен кейін оның шәкірттері жан-жаққа ыдырап кетті. Сол сияқты салафишілердің Ме­дине мен Қазақстанда жүрген шейх­тарының уағыздарына тоқтау салатын болса, онда олардың шәкірттері де ыдырап, нәтижесінде, салафишілер елеулі күш болудан қалатын еді. Егер елімізде салафит ағымының жетегінде жүргендердің кем дегенде 50 пайызы салафилік уағыздан қол үзер болса, онда оларды өз діни ұстанымымызға оралту жеңіл болады. Ал қалған бө­лі­гіне түсіндіру жұмысын жүргізу сон­ша­лықты қиындық туғызбас еді. Жалпы, салафишілермен идео­ло­гиялық тұрғыда күресу де керек шы­ғар. Бірақ, оған тыйым салған әлде­қайда тиімді. Осы мәселелер заңна­маларда жан-жақты қамтылуы тиіс. Осы арада айта кетейін, ұмра, рамазан кезінде елімізден көптеген салафишілер сыртқа шығып, 37 күндік, 20 күндік дәрістерге қатысып, онда Ділмұрат, Назратулла сынды сала­филік, соның ішінде мәдхалилік бағыт­та насихат жүргізетіндердің уағыз­дарын тыңдап қайтады. Мұның да алдын алу, жолын кесу қажет. Сон­дай-ақ, салафишілердің ұстаздарына, олардың интернет желісіндегі дәріс­теріне тыйым салған жөн. Әсіресе, ұмра, рамазан уақытын өз пайдаларына асыруға тосқауыл қою керек. – Жат ағымның жетегінде жүр­ген қандастарымыздың бетін бері бұру жолындағы жұмыстардың нәти­жесіне көңіліңіз тола ма? – Қайталап айтамын біз сала­филік бағыттағы уағыздардың «же­місімен» күресіп жатырмыз. Ал «бағ­бандармен», жат ағымның «дәнін» егушілермен шаруамыз болмай тұр. Бұл өз кезегінде көптеген отандаста­рымызды салафилік бағыттан кері қайтарудағы жұмысымызды қиындата береді. Көп уақытымыз желге ұшады. Олардың ұстаздары емін-еркін елімізге ұшақпен ұшып келіп, ұшып кетіп жүр. Ешкім тосқауыл қойып жатқан жоқ. Ел тұрғындарын салафиші етіп жатқан солар. Осылайша, бөтен пиғылдағы уағызшыларды тайраңдатып қоямыз да, олардың уағызын тыңдағандармен шұғылданамыз. Бұл – ақылға сыйымсыз дүние. Десек те салафишілермен күресте оң нәтиже байқалады. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, беті бері қарағандардың орнын келесі бір азаматтар басуда... Айта кетейін, өзіміздің дәстүрлі ұста­нымдарымызға бұрылып жатқан­дардың көпшілігі ерікті түрде ойланып, жақсы мен жаманды өз ақылымен айыра білгендер. Ал салафишілермен мәжбүрлеп сөйлесу нәтиже беріп жат­қан жоқ. – Салафишілердің қатарында болып, кейіннен оның дұрыс ба­ғыт емес екенін түсініп, райы­нан қайт­­қандардың бұрынғы ниеттес­тері­нен қысым көргенін естідіңіз бе? – Бес-алты жыл салафишілер қатарында болып, өзіміздің дәстүрлі ұстанымға оралған бірнеше жігітті білемін. Бүгінде олар діни білімдерін жетілдіруде. Алғашқыда бұрынғы ниеттестері оларды қайта-қайта мазалап, өздерінің қатарына қайта тартуға әрекеттенген көрінеді. Бірақ кейіннен күдерлерін үзген. – Жастарымызды діни білім алу үшін шетелге жіберген кезден бастап қоғамымызда керітартпа көзқарастар көбейіп кетті. Бұл бізге алдағы уақытта жастарымыздың ис­лами білімін жетілдіру үшін тек өз еліміздің оқу орындарынан, медре­селерінен дәріс алу қажеттігін ұқтыр­май ма? – Діни білім алуы мақсатында жас­тарды сырт мемлекеттерде оқыту мә­селесіне келер болсақ, оған түгелдей тыйым салу, меніңше, дұрыс емес. Негізінен, біздегі діни оқу орындары әлемдік дәрежедегі білім ошақ­тарымен деңгейлесе алмайды. Сол үшін шетелдерде жастардың діни білім алуын тоқтату мәселесін күн тәртібіне шығару бізге өте ерте. Егер өзімізде мықты оқу орындары, оларда қызмет ететін әлемдік деңгейдегі профессорлар, докторлар шығып жатса, сонда ғана сыртта оқытпау мәселесін қарастыруға болар еді. Жастарымызды сыртқа шығар­масақ, жат ағымдардың алдын аламыз деу қате пікір. Бұдан асыл дініміз, дәс­түрлі бағытымыз зиян шегеді. Осы арада айта кетер жайт, елімізде сала­фишіл болып жүргендердің 90 пайызы сыртта оқымаған. Олар елде жүріп-ақ кесірлі насихаттарға шырмалған. Егер Әл-Азһар және тағы басқа да ірі әрі сенімді университеттерге сту­денттер жіберетін болсақ, оларды елшілік бақылауға алса, жатақханалар ұйымдастырылып, Қазақстан мұсыл­ман­дары діни басқармасы тарапынан арнайы тәрбиешілер бекітілсе, онда ештеңеден қауіптенудің қажеті болмас еді. Өкінішке қарай, қазір мұндай мүмкіндіктер аз болып тұр. Мәселен, Мысырда оқып жүрген кейбір елдердің студенттеріне жақсы жағдай жасалған. Ол мемлекеттің студенттері жатақханамен қамтамасыз етілген. Онда арнайы бақылаушылар жұ­мыс істейді. Олар әлгі студенттерді қа­дағалап жүреді. Яғни, әлгі елдер өз студенттеріне басқа бір жат ағымдарға ілеспей, дұрыс білім алып қайтуларына оңды жағдай қарас­тырған. Ал біздің Мединеге барған жігіттер емін-еркін оқып жатыр. Оларды бірқа­тар елдердегі аз ғана ұстаздар бүлдіріп отыр. – Елімізде халықты діни тұрғы­дағы мәселелерде сөзіне ұйыта алатын, тақуалығымен үлгі болып, ке­рі кеткендерді түзу жолға түсіруге ті­ке­­лей әсер ететін бір ғұламаның неме­­се діни қайраткердің орны бос тұр­­ғандай ма, қалай? Бұған не дейсіз? – Еліміздің мұсылмандары Қазақ­стан мұсылмандары діни басқар­масына жүгінуі тиіс. Ел ішінде бедел­ді ғұламалар, діни қайраткерлер бол­ғаны абзал. Әр замандарда мұндай тұлғалардың өмір сүргені, қазіргі таңда да кейбір мемлекеттерде аса беделді діни қайраткерлердің бар екені белгілі. Мысалы, Өзбекстанда Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф деген кісі болды. Сол секілді беделді кісілер болса, қанеки. Мұның қоғамға оң әсері болады деп ойлаймын. Өкінішке қарай, бізде сондай діни тұлғалар қазіргі таңда тапшы. Осындай елеулі азаматтарды заманның өзі тудыратынын ескерсек, алдағы уақытта ондай жандар елімізде де шығып қалар. Әйтсе де, аса беделді діни қайрат­керлердің қоғамымызда болуына үркіп қарайтындар да бар. Неге десеңіз, діни көсемнің халыққа сөзі өтімді болады да, кейбір жағдайларға байланысты ол басқа бір жат бағытқа бет бұрса, бүкіл жұртты соңынан ілестіріп алып кетеді. Міне, осы жайтқа алаңдайтындар кездеседі. Қалай десек те, елге сөзі өтетін беделді тұлғалар өсіп шықса, одан ұтылмаймыз. – Бізде діни ахуалдың жай-жап­сарын қарастыратын, нанымды мәліметтер ұсына алатын әлеу­меттік зерттеулер орталықтарының жұмысына көңіліңіз тола ма? – Өкінішке қарай, бізде бұл жағы ақсап тұр. Мемлекетімізде білік­ті, сенімді, ұстанымы дұрыс дінта­нушы, әлеуметтанушы, саясаттанушы мамандардың көмегімен қоға­мы­мыздағы діни ахуалға терең зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Бұл зерттеулерде діни, саяси-әлеуметтік салалар қоса қарастырылғаны дұрыс. Қазіргі таңда, өкініштісі сол, аталған саладағы мәселелердің мәнісін зерттеп жүр дегендердің қатарында діни арнайы білімі жоқ, іштей салафизмді қолдайтын сарапшылар жеткілікті. Олар өздерін сарапшы ретінде таныстырып, елдің арасында салафизмді дамытуға, заңдастыруға, санаға сіңіруге әрекет­тенуде. Сондайлар ғылыми немесе саяси зерттеулер орталығында отырып алып, жымысқы саясатын астыртын жүргізіп жатқан секілді. Олардың сөздерінің астарынан салафизмді жақтайтынын байқауға болады. Сон­дықтан еліміздегі діни ахуалға қатыс­ты ғылыми-әлеуметтік зерттеу­лер жүргізетін орталықтарда жұмыс іс­тейтін мамандарды іріктеуде Діни басқармамен кеңескен жөн. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»