Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ұлттық сахна өнерінің саңлағы Хабиба Елебекованың дүниеден озуына байланысты оның отбасына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты.
Жеделхатта ғасырдан астам жасаған Хабиба Қарақбайқызы қазақ халқының соңғы жүзжылдықта басынан өткен небір нәубет кезеңдерді өз көзімен көріп, көңіліне түйіп, тарихи шындықты ұрпақ санасына сіңіре білген көнекөз ардақты ардагерлеріміздің бірі еді, делінген.
«Театрдың қасиетті табалдырығын 17 жасында аттап, 70 жылдан астам ғұмырын қазақ мәдениетінің өркендеуіне арнаған біртуар өнер иесі сомдаған сахналық кейіпкерлері халықтың рухани қазынасына айналып, жас ұрпақты елді қастерлеуге, ұлтты ұлықтауға, дәстүрді дәріптеуге тәрбиелеп келеді», деп жазылған жеделхатта.
Мемлекеттік хатшы жеделхатта дарынды тұлғаның ғибратты ғұмыры өскелең буынға өнеге болып, жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.
«Егемен-ақпарат»