• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
20 Қазан, 2016

Халук Ипек. «Қазақстан» дегенде тебіренбейтін түрік жоқ

439 рет
көрсетілді

  Көп түрік енші алысып тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па? (Мағжан Жұмабаев) «Қазақстан» дегенде иісі түріктің тебіренбейтіні жоқ. Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға көсіліп, ұлан-ғайыр жерді жайлап жатқан елдің екі иығында Шығыс пен Батыс орналасқан. Бұл өлкесіз ежелгі арийлерді, сақтарды, ұлы ғұндар көшін, Ұлы түрік қағандығын, Дешті-Қыпшақты және глобализацияның алғашқы легі - Ұлы жібек жолын елестету мүмкін емес. Талас түбінде 751 жылы болған Таң империясы мен мұсылман әскерлерінің шайқасы Тұранның келешек тарихы мен мәдениетін айқындап берді. Ислам діні бұл жерлерге орнығып, аты аңызға айналған әсем де көрікті қалалар пайда болды. Түркі тарихын бүгінде Отырарсыз не Саурансыз, я болмаса Әл-Фараби, Қашқари, Баласағұни және басқа да ұлы ғұламаларсыз елестету мүмкін емес. Жарты әлемге үстемдік етіп, талай ғасырдағы әлем тарихы көшінің бағытын айқындап берген Шыңғыстың жаугершілік жорықтары да көне қазақ жерінен басталған. Алтын орда, Османлы империясы, Ұлы моғолдар империясы сынды қуатты түркі мемлекеттері шоғырының дәуірлеген шағы тарихи жадпен таразылағанда құдды бір кеше ғана болғандай... Тарихтың астаң-кестең соққан талай дауылының өтінде болған Қазақстанның өзін дербес мемлекет ретінде жариялағанына да мінеки ширек ғасыр толуда. Совет Одағы сетіней бастаған алмағайып заманда дәуір сахнасына Нұрсұлтан Назарбаев шығып, ұшы-қиыры жоқ алып Евразияда өрбіген саяси процестерге араласып кетті... Тарихтағы жеке тұлғаның орны қандай деген сұрақтарға жауап іздегенде кейде арты дауға айналады. Алайда, Назарбаевсыз соңғы отыз жылдағы Евразия тарихын елестету мүмкін емес... Сан салалы бағытта, сан қырлы ауқымда сыртқы қатынастарын өрістетуге жіті көңіл бөлген Қазақстан тектілік танытып, тамыры бір түркі халықтарымен байланыстарын нығайтуды да көңілден тыс қалдырмады. «Жеті ғасырын білмеген ел – жетесіз» дейтін қазақтың данышпан мақалын санаға мықтап түйген балғын мемлекет тарихтағы бүгінгі орнын білу үшін өткенді түгендеу қажет екенін түйсінді. Қазіргі түркі ынтымақтастығы институттары тікелей Президент Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Түркітілдес елдер арасындағы өзара әрекеттестіктің ауқымы кең. Санамалай айтсақ, сонау 1992 жылы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті құрылды. Университет – түркі тілдес мемлекеттер арасында ең алғаш халықаралық мәртебеге ие бірден-бір оқу орны. 1993 жылы Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы (ТүркСОЙ) құрылып, түркітілдес елдер мен қауымдарының мәдени мұралары мен жетістіктерінің әлемге паш етілуіне, сондай-ақ түлеп-жаңғыруына игі ықпалын тигізді. Осы жылдарда елдеріміз арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс айтарлықтай жетістіктерге жетті; Түркияның орта және жоғары білім орындары Қазақстанда, басқа елдерде ашылды, елдер арасындағы ақпарат алмасу процесі ұлғайды. Қазіргі кезде студенттер бір түркі елінен екінші біріне барып оқуға, білімін жетілдіруге көптеген мүмкіндіктер жасалған. Түркітілдес елдер арасындағы түрлі саладағы байланыстар айтарлықтай өскеннен соң, осы қол жеткізген жетістіктерді баянды етіп, елдер арасындағы пайда болып отыратын көптеген мәселелерді реттейтін, қарым-қатынастарды үйлестіретін структураларға сұраныс артты. Осының нәтижесінде 2008 жылғы Түркітілдес елдер парламентік ассамблеясы (ТүркПА), 2009 жылы Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесі (Түркі кеңесі) дүниеге келді, ал 2010 жылы Халықаралық түркі академиясы Астана қаласында шаңырақ көтерді. Түркітілдес елдер парламентік ассамблеясының (ТүркПА) негізгі мақсаты - осы ұйымға кіретін елдер арасындағы өсе түсіп отырған байланыстарға заңнамалық негіз жасау, сондай-ақ әр саладағы қатынастардың дамуына тікелей ықпал ету. Яғни, бір сөзбен айтсақ, ТүркПА түркі дүниесінің парламенттік өлшемі. Түркия мен Қазақстан арасындағы бауырлас қарым-қатынастардың одан әрі беки түсуіне елдеріміз арасындағы жоғары деңгейдегі өзара сыйластық дем береді. 2015 жылдың сәуір айында Реджеп Тайып Ердоған Түркия Президенті  ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарында Астанаға келгеннен соң, Түркістанға аттанды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Реджеп Тайып Ердоған Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барып, бабалар рухына тағзым етті. Екі ел басшылары бұдан соң көне шаһарда бой көтерген 2 мың орындық жаңа мешіттің ашылу салтанатына қатысты. Түркістанда Президент Ердоған былай деді: «Қазақ пен түрік бауырлас халықтар. Осыдан жиырма жыл бұрын Совет империясының құрамынан мемлекеттер бөлініп шыққан кезде, көптеген елдер мұсылман мемлекеттердің күні қараң болады деген пиғылда болған еді. Алайда, Қазақстан сияқты мемлекеттер әлемдегі іргелі елдердің қатарына қосылды. Мен бұған бауырлас ел ретінде шын жүрегімнен қуанамын. Біз, түркі халықтары, қандай жағдайда да бір-біріміздің тілеуімізді тілеп, бір болуымыз керек». Бауыр қадірі басыңа күн туғанда білінеді. Түркияда демократия жолымен сайланған үкіметті тайдырмақ болған қанқұйлы мемлекеттік төңкеріс әрекетінен соң Президент Назарбаев шет мемлекеттер басшыларының ішінен бірінші болып Түркияға келіп, қолдау көрсетті. Қазақстанның әрқашан Түркияға деген риясыз достығы және де түркітілдес елдер арасындағы байланыстардың нығаюына қосқан үлесі үшін Президент Ердоған Нұрсұлтан Назарбаевты түркі әлемінің ақсақалы деді. Ширек ғасыр ішінде Қазақстан мемлекет ретінде нығайды, төрткүл дүниеге танымал болды, беделі асқақтады. Ең бастысы, елін сүйген, қазіргі заманғы білім мен ғылымға сусындаған жаңа ұрпақ пайда болды. Сондықтан да Қазақстанның болашағының жарқын екеніне кәміл сенемін. Жасай бер нұр шұғылалы ел! Халук Ипек (Haluk İPEK) Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты, Түркия-Қазақстан парламенттік достық тобының төрағасы, ТүркПА құқықтық істер және халықаралық қатынастар комиссиясының төрағасы