• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2016

Шымкентте ІІ республикалық журналистер форумы өтті

259 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Жаңа ақпараттық саясат: бағдар мен болашақ» тақырыбындағы ІІ республикалық журналистер форумына қатысушы республикалық және облыстық БАҚ өкілдерімен кездесті. Жүздесуде әкім баспасөз - мемлекетіміздің тыныс-тіршілігі мен айнасы екенін айтып, республикалық форумға арнайы келгендері үшін алғысын білдірді. Сонымен бірге, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Тәуелсіздік құндылықтарын қалыптастырудағы БАҚ-тың маңызы тақырыбы бойынша «Түркістан» газетінің бас редакторы Шамшидин Пәттеев, «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің директор-бас директоры Нұртөре Жүсіп, Түркия Республикасы «Жиһан» ақпарат агенттігінің Қазақстандағы өкілі Иылдыз Доған, «Жас Қазақ» газетінің бас редакторы Срайыл Смайыл, «Қаламгер – Медиа» орталығы ЖШС атқарушы директоры Әшімжан Жанарбек, «Южный» Казахстан» газеті бас редакторының орынбасары Исмаилов Кеңесбай ойларын ортаға салды. «Медиа кеңестіктегі бәсеке: дәстүрлі БАҚ-ның болашағы» бөлімі бойынша «Заң медиа» корпорациясының президенті Досымбек Өтеуғалиев, «Замана» баспа үйі директоры Иса Тасқұлов, «Қазақстан» РТРК ақпараттық-сараптамалық дирекцияның директоры Еркін Мұхамеджанов, «Хабар 24» телеарнасының шеф-редакторы Шалқар Қожаев, «TVK» телеарнасының директоры Зинаида Данилова, «Биньюс» ақпарат агенттігінің шеф-редакторы Дәулетхан Жиенқұлов сөз алып, әлемдік тәжірибе мысалдарын келтіре отырып, пікірлерін білдірді. Қазақта «елдестірмек елшіден» деген аталы сөз бар. Мемлекеттік саясатты орнықтыруда және қоғамның ілгерілеуіне, халықтар достығының нығаюына журналистердің қосар үлесі үлкен. Ақпараттық саясат мемлекет мүддесіне қызмет етуі керек. Жиында осындай ойлар айтылды. Форумды «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті Астана бюросының жетекшісі Бейсенбай Тәжібаев жүргізіп отырды. Қаламгерлер де аймағымыздың күннен-күнге дамып келе жатқан үлгілі өңір екенін тілге тиек етіп, Күнгей өлкенің игі бастамалардың ордасы, еңбекқор аймақ болып табылатынын атап өтті. Оңтүстіктің ақпараттық кеңістігі дамыған аймақ екеніне тоқталған қарымды қаламгерлер біздің облыстан үйренер істің көп екенін айтты. Жиын соңында Жансейіт Қансейітұлы БАҚ өкілдеріне шығармашылық табыс тілеп, бүгінгі форумда талқыланған мәселелер қоғамдағы күрделі проблемаларды шешуде септігін тигізеріне сенім білдірді. Айта кету керек, Оңтүстік Қазақстан облысы БАҚ саны жағынан республикада екінші орында. Қазіргі таңда облыста 239 БАҚ жұмыс жасаса, оның 171-і газет, 38-і журнал, 13-і телеарна, 4-і радио және 13-і интернет сайт.