оқушыларға сабақ берді
Қарағандылық балуан қыз, Рио-2016 Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры аясындағы «Физкульт-Ура!» бірегей жобасының қатысушысы атанды.
Жақында ол осы шара шеңберінде Қарағандыдағы №45 гимназияда оқушы балаларға денешынықтыру пәнінен сабақ берді.
Олимпиада жүлдегерінің айтуынша, «Физкульт-Ура!» жобасына дейін мектепке барып, аталған пән бойынша балаларға дәріс берем деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмепті. Дегенмен, оның бір кездері әйелдер күресі бойынша жаттықтырушы болып, балдырғандарды жарты жылдай күрес өнерінің қыр-сырына үйреткен тәжірибесі бар екен.
– «Физкульт-Ура!» өте керек және пайдасы мол жоба, – дейді Эльмира. – Мен сабақ берген 7-сыныптың оқушылары қазірдің өзінде тұлға ретінде қалыптасып үлгерген буын. Олардың бәрінен бірдей спортшы шықпасы белгілі. Дегенмен, біз үшін балалардың саламатты өмір салтын ұстанып, дені сау ұрпақ болып өскені әлдеқайда маңызды.
Білім ошағындағы шара барысында өскелең ұрпақ арасында спортты насихаттап жүрген балуан қыз өзінің болашақтағы жоспарларын да ортаға салды. Соның ішіндегі маңыздыларының бірі – Эльмира балуанның төрт жылдан кейін болатын Токио-2020 Олимпиадасына қатыссам деген ниеті бар екен.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ