• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2016

Черногория қай жағаға шығады?

392 рет
көрсетілді

Өткен жексенбіде осынау шағын елде парламент сайлауы болды. Оған сырттағылар да жіті назар аударды. Бұл сайлау елдің бағыт-бағдарын, тереңірек айтқанда, тағдырын айқындайтын еді. Ел біржола Еуропаға бет бұра ма, жоқ орта жолда кері бұрыла ма деген мәселе таңдауға қойылған. Сайлаудан кейін елдің пре­мьер-министрі және биліктегі Со­циалистердің демократиялық пар­тиясының көсемі Мило Джу­ка­нович: «Біз Черногорияны, оның өз болашағын өзі айқын­дау құқын сақтап қал­дық. Чер­ногория өзінің НАТО-ға­ жә­не Еуроодаққа жолын жал­ғастырады», – де­ді. Ал оппо­зи­циялық партиялар сырттағы күш­терге арқа сүй­еп, бұған жол бергісі келмеген. Оппозиция жеңілді, бірақ же­ңілісін мойын­дағысы жоқ, әлі де біраз нәрсені бүлдіруден үмітті. Бұл сайлауға екі жақ та тың­­­ғы­­­лықты дайындалды. Би­ліктегілер, әрине, өз жағдай­ын сақтап қалғысы келді. Ал оп­позициялық партиялар қалайда пар­ла­ментте көпшілік дауыс алып, Мило Джукановичті би­ліктен тайдырмақ еді. Бұл үшін олар анттасты да. «Не біз, не ол» деп ұран тастады. Билікке жеткен соң елдің бағытын түбегейлі өзгертпек болды, Батысқа бағыт­ты кері бұруды мақсат етті. Саяси күрес өз алдына, оппозиция басқадай әрекетке де барды. Сайлау өтетін күнге қараған түнде Черногория полициясы елде диверсия, террорлық әрекет жасауды мақсат еткен 20 серб азаматынан тұратын қылмыстық топты тұтқындады. Оны Сербия жандармериясының бұрынғы командирі Братислав Дудич бас­қарыпты. Ол өз елінде де қыл­мыс­тық топ құрғаны үшін қыз­метінен қуылған екен. Әрине, 20 адам үлкен әрекет жасай алмас деу­­ге де болар, бірақ олар бар хал­қы жар­ты миллионнан шамалы ғана аса­тын Черногориядай шағын ел ішін­де айтарлықтай үрей тудыра алатыны анық еді. Елдің парламенті 81 де­пу­таттан тұрады. 41 дауыс алғандар Үкі­мет­ті құру құқына ие. Бір оры­н үшін қырқысқан күрес. Би­ліктегі Социалистердің демо­кра­тиялық партиясы 36 орын алса, оппозициялық «Демократиялық майдан» партиясы бастаған төрт партия («Кілт», «Социал де­мократиялық партия», «Демо­крат») жиылып, 35 мандат алып отыр. Қалған орын 3 пайыздық цензден өткен ұсақ партиялардың иелігінде. Екі жақ та соларды өздеріне қосу үшін арпалысуда. Бұрын олар биліктегі партиямен бірге коалицияға біріккен болатын. Джуканович өз коалициясында кем дегенде 42 мандат болатынына күмәнсіз. Ал оппозиция басшылары сол ұсақ партияларды өз жақтарына қосуға жандарын салуда. Черногория – бұрынғы Юго­сло­вияның құрамына кірген ең ша­ғын мемлекет. Республика хал­­қы өздерінің тәуелсіздігі жо­лын­дағы күресімен көзге тү­сіп келеді. Тәуелсіздікке бас­қа­­лардың ең соңынан әзер қол­да­ры жетті (2006 жылы). Сол тәу­елсіздігін бір­жола баянды ету үшін Еуропамен кі­рі­гуге бағыт ұс­тап отыр. Әзірге НАТО-ға мү­ше болуы құжаттарды заң­дастыру кезеңінде болса, Еуро­одақтың да есігі жартылай ашық десе болғандай. Елде валюта ретінде еуро қолданылады. Парламент сайлауы да елдегі саяси күштердің арасалмағы деңгейлес екенін аңғартты. Бір-бірінен асып бара жатқаны шамалы. Содан да сыртқы күштердің ықпалы айрықша маңызды. Кейде бұл ел халқының мүддесіне сай келе бермеуі де мүмкін. Содан да Черногориядағы жағдайдың қай бағытта дамитынын дөп басып болжау қиын.   Басшының байқап сөйлегені жөн болар Сірә, қайшылыққа толы пікір айту жөнінен бұрын-соңды Филиппин президенті Родриго Дутертедей ел басшысы болмаған шығар. Сайланғанына әлі жарты жыл да болмай жатып, ол айтқан жосықсыз пікірлерді санап шығудың өзі оңай болмас. Басқа айтса, жұрт мән бермес еді, ал 80 млн-нан астам халқы бар үлкен мемлекеттің басшысы айтқан соң, мән бермеске шараң жоқ. Соңғы бір жосықсыз сөзін ол осы дүйсенбі күні «Әл-Жазира» телеарнасына берген сұхбатында айтты. «Адам құқы дегеніңе түкіргенім бар», деді. Өзін, халқын, елін сыйлайтын басшы бұлай демесе керек еді. Тіпті, сол адам құқы дейтін қастерлі ұғымды өз әрекеттерімен аяқасты етіп жүрген тиран, диктатор басшылардың өздері де мұндай албаты сөзге бара қоймайды. Ал Филиппин пре­зиденті мұндайды шімірікпей айта береді. Әрине, өз пікірлерін ол белгілі дәрежеде қиюы қашқан қисынмен негіздегісі келеді. Адамдарға жақсылық жасау үшін адам құқын бұзуға да барамын деп ақталған бола­ды. Оның пікірінше, өз елі халқының біраз бөлігі есірткімен уланған, ол елдің дамуын тежейді. Осыған орай Дутерте мынадай ой түй­еді: есірткімен күресте ешқандай аяушылық болмауға тиіс, заңға да қарамауға болады. Есірткімен күрескен жақсы, әрине. Қаталдық та керек шығар. Бірақ тергеу, сотсыз адамдарды қыра беруге болмас. Дутерте өзі билікке келе салысымен мыңдаған адамды қырып салды. Қазірге дейін олардың саны 3,5 мыңға жеткен көрінеді. Есірткіге қатысы барларды өлтіргенге сыйлық та жариялады. Мұны жөнсіз санаған БҰҰ-ның адам құқы жөніндегі сарапшыларын «топастар» деп жазғырды. БҰҰ-дан өз елінің шығатынын да мәлімдеді. Арада үш ай өткенде (09.09.2016) БҰҰ Бас хатшысын «ақымақ» деп атады. Мұндай сөз әлемдік дауға да соқтыруы мүмкін-ау дейсің. Бірақ түк те болған жоқ. Осы жұрт «Дутертенің өзі кім, сөзі не» дейтін сияқты. Бір жолы ол алдымен АҚШ елшісі Филипп Голдбергті «иттің баласы» деп сонан соң президент Барак Обаманы «желөкпе әйелдің баласы» деп балағаттағанда, алғашында АҚШ жағы кәдімгідей өкпелегендей болған. Бірақ арада екі күн өткенде Обаманың Дутертемен кездескені бар. Кешіргендік пе, мән бермегендік пе, өздері біледі. Филиппин президенті Рим папасын да «бұл елден қараңды өшір», деп Еуроодақты жоғалыңдар деп ғайбаттаған. Басқаларды ғана емес, Дутерте өзін де оңдырмай жатады. Бірде ол өзін Адольф Гитлермен теңеген. Егер Гитлер миллион еврейді қырса, Филиппинде үш миллион есірткіші бар, солардың бәрін өлтірсе, өзін бақытты санайтынын мәлімдеді. Журналистердің алдында тұрып: «Германияда Гитлер болса, Филиппинде мен бармын», деп кеудесін соққан. Енді бұған не дерсің? Бір елдің басшысы туралы айту, әсіресе, сын тұрғыда айту әдепке сыймайтындай көрінеді. Біз фактілерге ғана жүгіндік. Бірақ филиппиндіктер мұны сын деп қабылдамас. Жақында өткен сауалдамада олардың 76 пайызы өз президентін қолдайтындарын білдірген. Дутертенің өзі біраз елдің басшыларымен жүз шайысып үлгерсе, біраз елмен, атап айтқанда, Қытаймен, Ресеймен дос, одақтас болатынын мәлімдеді. Мұндай басшымен достастықты ұстап тұру да оңай болмас, сірә. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист