• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2016

Тоғыз айда жол-көлік оқиғасынан 2 мыңға жуық адам қайтыс болды

553 рет
көрсетілді

Жиілеп кеткен жол-көлік оқиғаларының ауыр салдары туралы естіген сайын осылай дегің келеді Жолдағы ажалды ауыздықтау амалдарының жоқтығынан ба, әлде билікте отырғандардың шын мәніндегі амалсыздығынан ба, әйтеуір, бейбіт күнде бейкүнә жандар опат болып жатыр. Әрине, бейбіт күндегі тіршілік күйбеңі соғыстағы адамдардың бір-бірін қырып-жою әрекеті емес. Соғыстың аты – соғыс. Өйткені, ана он жылдық Ауған соғысы кезінде кеңес үкіметі 14 мың 387 сарбазынан айырылған екен. Ал соңғы сегіз жыл ішінде ғана біздің елдегі жол апатынан қайтыс болғандар саны одан асқаны сонша үш есеге жуықтап қалыпты. Бұл нені білдіреді? Бұл және бейбіт күнде орын алып отырған жағдай екенін естен шығармаған жөн. Оны жасыра алмайсыз. Сонда апат айтып келмейді дегенімізбен, сол апаттың алдын алу амалдары жоқ па дейміз? Әлде, билік бұл қасіретті жағдайда дәрменсіздік танытып отырған секілді ме, қалай? Өйткені, расында, қолдан келер қайран жоқ дейді. Қала көшелерінде, республикалық тас жолдарда адамдар күнде опат болады. Олар сапарларын жоспарлағанда ажал құшайын демейді, сіз секілді діттеген жеріне жету үшін үлкен сенімділікпен жолға шығады. Бірақ жолдағы жол-көлік оқиғасынан өмір жолы үзіледі. Не себеп? Кім кінәлі немесе не кінәлі? Мұндай қайғылы оқиғалардың бә­ріне алдымен себепкер, би­ліктің сөзіне сенсек, көлік жүр­гізушілердің өздері ғана көрінеді. Бұған біреу келісер, біреу келіспес, бірақ айдаладағы жолда екі көлік соғысса, олардың бірі, әйтеуір, кінәлі болатыны анық қой. Ал оған не себеп емес, не түрткі болғандығын, яғни қандай жағдай себепке әсер еткендігі ойландыра қоймайды. Өйткені, екі көліктің соғысуына басты себеп, оның бірі қарсы жолға шығып кеткен дейді. Бірақ оның қарсы жолға шығуына не түрткі болғаны айтылмайды. Ұзын жолда алда баяу жүріп келе жатқан көлікті қарсы жолға шығып, басып озуға болады. Демек, өзі тар, өзі ойық-ойық жолда жүргізуші алдағы баяу келе жатқан көлікті басып озу үшін қарсы жолға шығатыны сөзсіз. Егер жол талапқа сай жасалып, кең болса, қарсы жолға ешкім де шықпайды. Сонда мұндай жолдарды пайдалануға беріп қою, жүргізушілерді қылкөпір үстімен жүргізумен бірдей емес деп кім айта алады. Және, ең бас­тысы, ондай қылкөпірмен жүрек жұтқан жүргізушілерді жүргізіп қойған кім? Айтпаса да түсінікті дейді жұрт. Бірақ не үшін екендігіне әркім әртүрлі жауап қайтарады. Ал енді жылма-жыл респуб­лика жолдарындағы опат болып жатқан осыншама жандардың жазығы не? Мысалға, үстіміздегі жылдың тоғыз айында ғана елімізде 13 078 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Сонда осы ЖКО-да бір адам, яки он адам, тіпті 30-40 адам емес, сенсеңіз де, сенбесеңіз де айтайық, екі мыңға тарта адам қайтыс болған. Жағаңызды ұстамасқа лаж жоқ. Өз ажалынан емес, яғни жол апатынан бір адам өлсе де қайғылы қаза емес пе? Ал осы тоғыз айда жол-көлік оқиғасы салдарынан бірінің қолы, бірінің аяғы, бірінің қабырғасы сынып, бірінің басы жарылып дегендей, қанша адам жараланғанын білесіз бе? Амал жоқ, естіртейік, 17 мыңға жуық адам! Тек тоғыз айда ғана. Және жыл сайын осылай. Бұлардың бәрі тіркелгендер ғой, ал тіркелмегендер қаншама. Оны кім біледі? Сонда бұл сандардың қайта былтырғыға қарағанда азайғаны ғой дейді ІІМ. Азаймағанда қайтер еді? Қайтер еді, азаймай отыр деген мәлімет алар едік. Жайба­ра­қат­тық жайлаған жағ­дай – осы. Жайбарақаттық та болмауы мүмкін. Сонда не? Бәзбіреулер ойлайтындай, билік бұған енді не істей алсын? Қылкөпір бойында адамдар өздерін өздері опат қылып жатыр. Бұған билік жауап бермейді. Өйткені, ІІМ есебі бойынша барлық ЖКО-ның 95 пайызына жүргізушілердің өздері ғана кінәлі көрінеді. Қалған бес пайызын жаяу жүргіншілер құқық бұзып, толтырып отыр. Егер халық көлікке мініп алып, бір-біріне жол бермей немесе қарсы жолға шығып алып түйісіп жатса, сөйтіп өздері қырылып жатса, оған кім кінәлі болмақ? Расында солай ма екен? Мәселен, республикалық жолдарда 1684 жол-көлік оқиғасы тіркелген, бұл барлық ЖКО-ның 13 пайызы. Бұл жолдардың ішіне Астана – Бурабай тас жолы кірмейді. Өйткені ол жолда біреуді басып озамын деп қарсы жолға шықпайсыз. Зулап келе жатқанда алдыңыздан апандай шұңқыр кездеседі-ау деп не оңға, не солға қапелімде өзгеге қауіп туғызардай бұрылып қалмайсыз. Ұзын сонар шоқалақтан, немесе сансыз тастардан доңғалағыңыз жарылып, тоңқалаң асып, өзге көлікке қауіп келтірем деп қауіптенбейсіз. Жүре бересіз, жүре бересіз.  Бұл кімге жаман? Жақсы жолдың жамандығы жоқ, бірақ жайсыз жолдың құны одан да қымбат екендігін көрсетіп отыр. Сонда жолдардың нашарлығы неліктен? Олар жақсы болуы керек қой. Ал жолдардың нашарлығы, тарлығы, кептелектің көптігі ешкімді ойландырмай ма? Әрине, бұл арада жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің де орасан кінәлары бар екені сөзсіз. Бі­рақ жүргізуші біткеннің бә­рі бірдей жол жүру тәртібін бұзбайды ғой. Бұзатындары көп емес. Солардың ішінде тәртіпке қасақана бағынғысы келмейтіндері бар. Бірақ, амал не, соларды ешкім жүгендей алмай отыр. Бұған Үсенов әрекетінен бастап, дөкейлер ұлдарының үйлену тойларын көшеде көлікпен «көркін» келтіретіндерін қосуға болады. Сол бірқатар дөкейлердің балалары «көлікпен біреуді қағып кетсем, басып кетсем екі есе құнын төлеп құтылып кетем» дейтін көрінеді. Олай емес екендігіне біреу кепілдік бере ала ма? Жоқ. Өйткені, небір қылмыстан құтылып кетіп жатқандар жоқ емес қой. Ендеше, әкесі, шешесі, ағасы, апасы немесе туысы дөкей оларды кім тәртіпке сала алмақ? Салса, көліктегі көргенсіздіктер тыйылар еді ғой. Демек, бұған да қарапайым заңға ғана мойынсынатын жүргізушілер кінәлі ме? Жоғарыда аталған барлық ЖКО-ның 75 пайызы, яғни 9749 жол-көлік оқиғасы қалаларда, елді мекендерде болады екен. Мұндағы ЖКО-ның басты себебі – жылдамдықты асыру болып табы­л­ады. Бұған қоса, тағы бір себеп – көлікті ойдағыдай жүргізу шеберлігінің жетіспеушілігі дейді сарапшылар. Осы бұзу­шылықтардың көбін жасайтын көлік рөліне отырғандарына үш жыл да толмағандар екен. Ал бұлардан да ең қауіптісі – жүр­гізуші куәлігін сатып алғандар. Олардың көлік, жол жүрісі, тәртіп, заң жөнінде хабарлары жоқ, тіпті заң бұзу жауапкершілікке әкелетіні туралы еш уақытта дәріс тыңдамағандар. Сондықтан олар ортақ тәртіп дегеннің не екенін түсінбеуі де мүмкін. Себебі, олар үшін бәрі жекеменшік болып есептелінеді. Міне, жол-көлік оқиғаларын терең зерттеген сарапшылар жол апатының көбін осы жүргізуші куәлігін сатып алғандар дейді. Шын мәніне келгенде, олар бәрін де сатып ала алады. Ал бұған жол беріп отырғандар кімдер? Бұған да заңға мойынсұнатын қарапайым жүргізушілер кінәлі ме? Адам өмірін жиі алып жатқан жол-көлік апатын тудыратын себептер аз емес. Солардың бірі – Қытайдың ауыр жүк көліктерінің қатысуымен орын алатын келеңсіз жағдайлар. Ол көліктердің теже­гіштері істен шығып, еліміздің талай қалаларында қауіпті апат туғызғанын барша халық та жақсы біледі. Жалпы мұндай көлік тізгіндеген жүргізушілердің кінәсінен 272 ЖКО орын алған. Ол оқиғаларды тізіп, қайталай беруден түк шықпас, әрине. Бірақ солардан қаншама адам опат болып, орасан шығын келді. Мұндай көліктердің тежегіштері өте әлсіз болатындығын жүргізушілердің өздері де айтады. Соған қарамастан қазір ондай көліктерден көз ашпайсыз. Неге? Бұған автобус жүргізушілерінің қасақана жол ережесін бұзатындығын қоссаңыз, жағдай тіптен ауырлай түседі. Осы тоғыз айдың ішінде автобус жүргізушілерінің кінәсінен 411 ЖКО тіркелген. Ия, жасыратыны жоқ, жүр­гізушілердің кінәсінен барлық жерде ЖКО орын алатынын айттық. Ол рас. Жүргізушілер арасында кім жоқ дейсіз, қанды балақ ұрылар да, қарақшылар да, адам өлтірушілер де, еріккендер мен еркетотайлар да, педофилдер мен пайдакүнемдер де, шенеуніктер мен бұрын сотталғандар да, әйтеуір не керек, бәрі жүреді. Бұлар түгелдей қой дегенге қоя салатын, айтқан тілді ала қоятын, сақтандыруды түсіне қоятындай құрам емес. Араларындағы түсіне қоятындары тек заңға мойынсұнатындары ғана. Әйтпесе қара ниеттілер «тәк» дегенді бәрібір түсінбесі анық. Солар көбіне қасақана жол ережелерін бұзады. Бұзбағаны несі, егер көлікке арақ ішіп отырып, жүргізетін болса. Олар 332 жол-көлік апатын тудырған. Бұл енді мүлде адам төзгісіз жағдай екені белгілі. Өйткені, осы мас жүргізушілер әрекетінен жүзге тарта адам опат болып, бес жүзге жуық адам жараланған. «Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, жол апатының көптігі туралы, жол оқиғалары үлкенді де, кішіні де жалмап жатқаны туралы ай­ты­лу­дай айтылып, жазылудай жазылып-ақ жатыр. Бірақ бәріне кінәлі жүргізушілер ғана дегенімізбен ештеңе өзге­рер емес. «Заң бар ғой, сол заң­дар неге сақталынбайды, қа­да­ға­лан­бай­ды?» дейді біреулер. Бірақ сол заңдардың орындалуын, сақталуын қадағалайтын құқық қорғау органдары өкілдерінің өздері заңды белден басатынын жұртшылық тағы жақсы біледі. Күнделікті баспасөзде, теледидарда, әлеуметтік желілерде, небір сайттарда бұған мысалдар өріп жүр. Олардың полиция формасымен жолдарда, көшелерде жүріп, теріс қылық танытып жатқаны өз алдына бір әңгіме. Тереңдей түссеңіз тіпті айтуға ауыз бармас ұят мәселе. Ұят болғаннан кейін де ол келеңсіздіктерді тізбелемей-ақ қоялық. Осындай жағдайлардан соң ба, кім білсін, әйтеуір, жүр­гізушілердің өздері де заң алдында айылын тарта қоймайтыны белгілі. Заңды қанша қатайтса да көлік рөліне арақ ішіп отыратындар саны азаймайды. Бұған қарсы жол­ға шығып кететіндерін, жылдам­дықты шектен тыс асыратын­да­рын, арақашықтықты сақта­май­тындарын, жол бер­мей­тіндіктерін, біреудің алдын қауіп төндіріп кесіп өтетін, жалпы жол жүрісі мәдениетін сақтамайтындар толып жатыр. Неліктен деп ойлайсыз? Демек, жоғарыдағы жағ­дай­дың бәрін саралай келгенде, бай­қасаңыз, қоғамда қылмыс де­ген жоқ, тек оны атауға себеп болатын жайлар ғана бар, ол және жиі орын алады екен. Ал қылмысқа себепті адам ғана туғызады. Егер соған мүмкіндік жасалса, қылмыс та жасалады. Расында, адам өміріне қауіпті осы іс-әрекеттер ғана қыл­мыстың бар екенін білдіреді. Сондықтан мұның мәнісін жақсы айыра алатын адамдар, сарапшылар, құқық қорғау органдары қылмысты жою үшін емес, оның алдын алу үшін күресу керек деп текке айтпайды. Бір сөзбен айтқанда, жоқты бар етер іспен күресу қажет. Алайда, қара түс болмаса, ақ түс те болмайтыны секілді, қылмыс болмаса тәртіп те болмайды ғой. Бұған келіспеске амал жоқ. Өйткені, дәл біздің қоғам үшін тәртіп ауа­дай қажет-ақ. Ақ түс молайған сайын, қара түс те қанатын жая бастайды. Тәртіп қаншалықты күшейтілгенмен қылмысқа себеп бәрібір жоғалмайды. Өйткені, біз себеппен емес, салдармен күресеміз. Ал қылмысқа себепті кім туғызатынын ойламаймыз. Міне, болашақта осындай сорақылықтардың аз да болса қайталанбасы үшін қазіргі Астанамыздан еліміздің төрт бұрышына талапқа сай жолдар тартылып жатыр. Олардың бәрі іске қосылғанда қазіргі жағдай біраз түзеліп қалатыны анық. Бара-бара сан тарап жолдардың барлығы да талап деңгейіне көтерілеріне сенім және зор, бірақ оған дейін қаншама адамның өмірі қиылатынын әлі ешкім білмейді. Ал оның арасында сіздің де болмасыңызға тағы ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені, жайсыз жолдардың құны қашанда қымбатқа түседі. Сондықтан әзірге жүргізушілердің өздері ғана кінәлі дейтін заманда өте сақ болғайсыз. «Сақтықта – қорлық жоқ» деген атам қазақ. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»