• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2016

Табиғаттағы тепе-теңдік – тіршіліктің тұғыры

16283 рет
көрсетілді

Экологиялық дағдарыстың алдын алуда ежелгі қазақтардың табиғатпен қарым-қатынасын қалай қалыптастырғандығын білудің маңызы зор. Себебі, ежелгі қазақ дүниетанымында адам мен табиғат арасындағы қатынастың философиялық, ғылыми және эстетикалық қабаттары қамтылады. Оның бүгінгі заманауи пәндерге қатысы бар екені тағы ақиқат. Адамзат болмыс-бітіміндегі ең құрметті орны мен атына сай болуы оның ежелгі дүниетанымдық санасының жаңғыруынан шығады. Әйтпесе, бүгінгі «механикалық космос», «табиғи сұрыпталу», «эволюциялық теориялар», «сана мен болмыс қайшылығы», «төменнен жоғарыға созылған иерархиялық құрылым», «себептілік шынжыры» сияқты шаблондық танымдар мен түсініктер жайлаған әлемде экологиялық дағдарысты тоқтату қиын. Бұрын табиғаттың пішімдерге, сандарға, геометриялық бөлшектерге бөлінуі қоршаған ортаның игерілу, өлшену, есептелу мақсатына қызмет ететін еді. Міне, осы жерден бастап адамзат ең негізгі міндетін ұмыта бастады. Екі жақтың қатынасында адам не істесе де, табиғаттың қысымынан құтылып, оған үстемдік етуі тиіс деген ұғым пайда болды. Содан адам «табиғаттың иесі, қожасы» деген рөлді ойнай бастады. Сөйтіп, табиғаттың сыры мен мәнін ұғу деген ғылыми таным позитивизмге орын босатты. Жан мен тән диалектикасы, сана мен болмыс қайшылығы, жануарлардың рухсыздығы адамның қадір-қасиетінің жоғалуына себеп болды. Сондықтан біз қазір табиғат пен тәңірді, болмыстық біріншілік-екіншілік диалектикасын сипатына қарай ажырататын санадан арылу, адам мен табиғат арасындағы ажырауды тоқтату үшін қазақ дүниетанымындағы экологиялық қабаттарды біліп-тануға мүдделі болсақ керек. Біздің ежелгі дүниетанымда барлық тіршіліктің жаны бар, олар тірі. Олар тірі болғандықтан, адам да тірі. Біз жанды болмыс болған соң барлық нәрседен мән іздейміз. Ендеше, экология дегеніміз не? Ғылыми-танымдық тұрғыдан алсақ, жан-жануарлар мен өсімдіктердің ортасын, олардың өзара және адамзатпен қарым-қатынасын зерттейтін ғылым саласы. Бұл тіркестің төркіні грек тілінде «үй» және «ілім» сөздерінен алынған. Демек, адам баласының үйі – осы табиғат, дүние туралы ілім. Қазір экология адамзаттың ортасы, физикалық және биологиялық қабаттар арқылы танылып келеді. Мұндағы негізгі мәселе тепе-теңдікке келіп тіреледі. Адамзат қоршаған ортасын, ауасы мен суын, нуы мен топырағын, аңы мен құсын, шөбі мен шебін, тегі мен ділін, құндылығы мен тілін, санасы мен салтын тепе-теңдікте ұстай алса, толғақты мәселе жоқ. Экожүйенің динамикасы оның материясы мен энергиясының өзгеруін, осы жүйедегі барлық тіршілік атаулының тууы, өсуі, өлімі мен топыраққа айналуын зерттейді. Бір экожүйедегі өскіндер өрт, жел, сел, ауру, микробтар, адамдар тарапынан зиян шексе, қалған өсімдіктер оны ұзақ уақыт болса да емдеуге ұмтылады екен. Ислам философиясындағы «набати рух» деген түсінік осыны меңзейді. Бүгінде адамның тәні де, санасы да кірленген. Тәңір адамды өзінің қоршаған ортасындағы өсімдікпен, жан-жануармен үйлесімділігі арқылы сынайды. Себебі, адам осы тектер мен түрлердің иесі, Алланың осы дүниедегі халифасы болса ғана олардың бұрынғы қалыбын сақтай алады. Сынақтан да сүрінбей өтеді. Ол үшін адам ақылға жүгінетін саналы да парасатты болуы шарт. Адамзат өзінің тарихында қанағат пен парасат, ақыл мен нақыл, саясат пен ар қатар тұруын армандап келеді. Себебі, дүниенің жаратылысындағы табиғаттың тепе-теңдігіне жауапты – осы адамзат. Бірақ адам қу тамағы мен құлқыны үшін сол табиғаттың тепе-теңдігін бұзумен әлек. Ал тепе-теңдік бұзылған сайын адамның қоршаған ортасы да, климаты да, кәсібі де, тәні де, жаны да, санасы да кірлене түседі. Осындай кірлену құбылысы экология ғылымының маңызын да арттыра береді. Меніңше, адам мен әлем қатынасының тарихи, философиялық қалыптасу жолындағы «механикалық космос» түсінігін қайта саралау керек. Адамның «табиғатқа үстемдігі» мен адамның «табиғатпен үндестігі» сияқты екі ағымның ортақ тарихи серуенін ғылыми философиялық тұрғыдан тарихи сын сарабына салған жөн. Бұл жерде адамның «мені» мен экологиялық «мен» арасындағы тепе-теңдікті анықтау шарт. Жауапкершілік болу үшін де адамда «мен», қоғамда «мен», саясатта «мен» болуы тиіс. Досай КЕНЖЕТАЙ, философия ғылымдарының докторы