• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2016

Еуразия кеңістігі: бүгіні мен келешегі

1758 рет
көрсетілді

Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қазақстан және Еуразия кеңістігі: қазіргі заман мен даму келешегі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция жұмысына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, ғылым мен білімнің өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері мен шетелдік бірқатар ғалымдар қатысты. Уақыт туғызған  жаңа құбылыс Жиынды ашып, құттықтау сөз сөйлеген Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова ширек ғасырда еліміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қазіргі заманғы, қуатты әрі серпінді мемлекет құрғанын атап көрсетті. Бүгінде Қазақстан Мемлекет басшысының бастамасы бойынша қолға алынып, Бес институттық реформада маз­мұндылығы айқындалған мемлекеттік құрылыстың сапалы жаңа сатысына көтерілді. Ұлт жоспарының мақсаты – әлемнің ең дамыған 30 мемлекеті қатарына ену болып табылады, деді Мемлекеттік хатшы. Гүлшара Әбдіқалықова Мемле­кет басшысының арқасында «еура­зиялық» идеясының Еуразиялық экономикалық одақта ойдағыдай іске асырылып жатқанына назар аудартып, бүгінде одақ аумағында 180 миллионнан астам адам тұратынын, ішкі жалпы өнімнің көлемі 1,5 триллион долларды құрайтынын жеткізді. Құттықтау соңында Мемлекеттік хатшы еліміздің Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық ету жылында өткізіліп отырған бұл конференция жаңа идеялармен және әзірлемелермен толығып, еуразиялық интеграциялық дамуына үлес қосатынына сенім білдірді. Халықаралық конференцияға моде­раторлық еткен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универси­тетінің ректоры, тарих ғылым­дарының докторы, ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов «Еура­зиялық эконо­микалық одақ – еуразия­лық идеяның жүзеге асырушысы» тақырыбында арнайы баяндама жасады. Заманауи еуразияшылдық осыдан 22 жыл бұрын Нұрсұлтан Назар­баевтың М.В.Ломоносов атындағы ММУ мінберінен Еуразиялық одақ тура­лы айтқан тарихи сөзінен кейін қалып­тасты. Елбасы алғаш рет еуразия­шылдықты ірі ауқымда теория­лық тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге, практикалық саясат­тың тармағы ретінде де белгіледі. Бұл еуразияшылдық ой тарихындағы маңызды белес еді. Бүгінгі еуразия­шылдық – тұтас алғанда жаңа құбы­лыс. Ол демократиялы, сауатты, ашық, экономикалық дамуға мүд­делі прагматикалық қоғамға серпін береді. Қысқасы, әлемдік және өңір­лік дамудың, ынтымақтастықтың еура­зиялық моделі бізбен шектес мемле­кеттерге сенім, серпін береді деп толық айта аламыз, деген ректор еуразияшылдыққа қоғамның тарихи тұрақтылығын, жаңаруын, дәстүрін сақтайтын қарқынды даму үйлесімі ретінде баға берді.   Дала өркениеті даналығымен бағалы Конференцияда еуразиялық кеңістіктегі екі мәселеге қатысты баяндама жасаған тарих ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Болат Көмеков дала өркениетінің әлемдік деңгейдегі орны мен бүгінгі заманғы қыпшақтануға қатысты пікірлерін ортаға салды. Еуразиялық кеңістіктегі екі мәселенің біріншісі, бірегейі – Дала өркениеті. Өркениеттің негізгі белгілері ретінде мемлекетті, қалаларды, жазу мен биік мәдениетті айтады. Сол үшін батыстық тарихшылар Дала өркениетіне мән берген жоқ. Өйткені, өткен ғасыр тарихында Дала өркениетінде мұның бірі де жоқ еді. Дегенмен, тарих ғылымының дамуы барысында, індете зерттеудің нәтижесінде біздің Дала өркениетіне, яғни, көшпенділер өркениетіне айғақ болатын жазу да, мәдениет те, қалалар мен мемлекеттер де табылды. Біз бүгін Дала өркениеті туралы аузымызды толтырып айта аламыз, деген академик көшпелі қоғамға тән ерекшеліктерді айқындап берді. Академиктің тұжырымына сәйкес, көшпелі қоғамда технологиялық даму емес, биологиялық даму басты орында болған. Нәтижесінде, мал шаруашылығы үлкен деңгейге жеткен, яғни, малды асылдандыру үдерісі тоқтаусыз жүрген. Көшпелілердің әскерлері, айталық, бір мезетте күрең түсті он мың, боз түсті он мың, қара түсті он мың жылқыға мініп шыға алатын болған. Қазіргі жағдайда он мың боз жылқы емес, он боз жылқыны дүниеге келтіру ұжым боп ұзақ жылдар атқаратын шаруа. Екінші бір ерекшелік – отырықшы қоғамның заңдылығы бойынша жер болса, ел табылады деген пікір үстем. Ал көшпелілерде керісінше, ел болса, жер табылады. Отырықшыларға ұқсап бір жерде байланып отырмайтын көшпелілер әрқашан жаңа қоныс іздеуге, көшіп, бір жерден екінші жерге жылжып отыруға бейім. Сондықтан отырықшы қоғамда аймақтық билік басым болып келеді де, көшпенді қоғамда ру-тайпалық билікке көңіл бөлінеді. Отырықшы қоғамда әскери билік пен әкімшілік билік жеке-жеке жүйе болса, көшпенді қоғамда әскери билік пен әкімшілік билік тұтас. Өткен ғасырдың елуінші жылдарында ғалымдар көшпелі қоғамға қала мәдениеті де тән екен деген тұжырымға келді. Екі жарым мың жылдық жазу дәстүріміз бар. Ауыз әдебиеті мен шешендік өнердің өте биік дәрежеде дамуы көшпенділер әдебиетінде жүздеп саналатын туындылардың дүниеге келуіне жол ашты. Ол біздің жадымызды күшейтті. Шешендік өнер керемет биікке көтерілді. Біздің әдебиетімізде бес жүзден астам батырлық және лиро-эпостық дастан бар. Бұл отырықшыларда ондап қана саналады, деген Болат Көмеков ғалымдарды осы айырмашылықтарды зер салып зерттеуге шақырды. Ол сондай-ақ, өзі көп жылдан бері зерттеп жүрген қыпшақтану проблемасына да көңіл аудартты. Қыпшақтанудың ауқымы кеңейген сайын Қазақ елінің әлемдік деңгейде танылуы да арта беретініне мән берді.   Ұрпақ сабақтастығының әмбебап формуласы Осыдан екі жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясын жариялағаны баршаға белгілі. Мәңгілік ұғымы – барша адамзатқа ортақ қазына. Мәңгілік өмірге ұмтылу адам баласының өмірге, қоршаған ортаны игеруге деген құштарлығын көрсетеді. Елдік тұрғыдан алғанда өмір көшінде ұлттық, халықтық бет-бейнеңді қалыптастырумен, тұтас­тықпен, тұрақтылықпен, сән-салтанатпен өлшенетін «Мәңгілік Ел» ұғымының қазақ халқы үшін мән-маңызы тұр­ғысынан баяндама жасаған Ш.Уәли­ханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Хангелді Әбжа­нов «Мәңгілік Ел» ұстанымын жан-жақты әңгімеледі. Байырғы түркі қоға­мында дүниеге келген қысқа да нұсқа «Мәңгілік Ел» ұстанымы, біріншіден, арғы бабаларымыздың адамзат өркениетіне, оның ақыл-ой қазынасына қосқан айрықша интеллектуалдық үлесін айшықтаса, екіншіден, адамдардың әрқайсының һәм баршасының мүддесін, әрекетін, ұрпағының сабақтастығы мен жалғастығын жарасымды үйлес­тіруге септесетін әмбебап формуласы. Үшіншіден, осынау кемел пайым-тұжы­рым қазақ жерінен, Ұлы Дала елінен ешқашан табан аударған емес. Ол Қор­қыттың ажалдан қашқанынан тартып ақын Ж.Молдағалиевтің: «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деген өлең жолдарымен санамызға шегеленген. XVIII ғасырда Әбілқайыр ханның: «Жайық өзе­ні кеуіп қалғанша, тіпті ақыр заман келгенше қазақ халқы бұл жерден ешқа­шан айырылмайды», ХХ ғасырда Ә.Бөкей­ханның: «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ» дегенінен де мәңгілікке нық сенім еседі, деді профессор. Х.Әбжанов түркілерден жеткен «Мәңгілік Ел» ұғым-түсінігінің мәні мен мазмұнын анықтап алу бүгінгі және болашақтағы ғылыми танымның нәтижесін дәйектеу бағытындағы бірінші қадам болып табылатынын жеткізді. Күлтегін, Тоныкөк, олардың үлкен-кіші замандастары «Мәңгілік Елді» идея ретінде де, манифест ретінде де тасқа баспағанын, осы ұғым-түсінікке халық пен тұлғаның, билік пен мемлекеттің пайда болғаннан соңғы демі таусылғанға дейінгі тағдыр-тәлейін сыйғызғанын айта келіп, бұл тұрғыдан келгенде «Мәңгілік Елдің» дүниені қамтуы жағынан идеядан да, манифестен де әлдеқайда ауқымды болғанына көңіл қойды. Идея дүниетанымның, ғылыми, көркем, ақыл-ойдың сүйенетін іргетасы, тірегі болса, манифестің мәнін жоғары билік немесе танымал күш тарапынан жарияланған бағдарламалық мәлімдеме құрайды. Орхон мұраларынан бұл екеуінің де белгілерін көруге болады. Дегенмен, «Мәңгілік Ел» сөз тіркесін бірінші кезекте тұжырымдама мәртебесімен қабылдағанымыз жөн деп білемін. «Мәңгілік Ел» уақыт пен кеңістікке, үдеріс пен құбылысқа, бар мен жоққа, көк аспанның астындағы, қара жердің үстіндегі тыныс-тіршілікке тұтас көзқарас жүйесі, деді ол.   Ырыс ынтымақ тұнған жерге қонады Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлдың сөзі тәуелсіздік пен теңдік, тұтастық пен елдік, ынтымақ пен бірлік ұғымдарының айналасында өрілді. Бұл ұғымдардың барлығы 25 жыл ішінде Қазақстанға жеңісін де, жемісін де әкелген асыл құндылықтар. Елбасының көрегендігі мен даналығының, қайраты мен ақылының, парасаты мен пайымының арқасында әлем таныған қабырғалы елге айналған Қазақстан бүгінде осы құндылықтарын бүкіл әлемге таратуда. Осы орайда 1994 жылы жария етілген және 2014 жылы Астана қаласында шарт түрінде бекіген Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақ идеясы дәл қазір халықаралық қоғамдастық үшін аса қажет әрі өзекті болып отыр. Мемлекеттер қарым-қатынасы қырғи-қабақ күйге көшіп, халықтардың арасы ажырай бастаған қазіргі күрделі шақта экономиканың жай-күйін, сол арқылы халықтардың бақуатты өмірін көздейтін дәл осы біріктіруші жобаның маңызы артуда. Өйткені, ырыс ынтымақ тұнған жерге келеді, деді Парламент Мәжілісінің депутаты. Бақталастық адамзаттың бағын қашырады, басын қатерге байлайды. Демек, Елбасының Еуразиялық экономикалық жобасының тек әлеуметтік, экономикалық қана емес, сондай-ақ саяси, дипломатиялық, бітімгершілік мәні бар. 2014 жылғы 29 мамырда қазақ жерінде Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылғаны белгілі. Бұл орайда депутат жас ұрпақ арасында ынтымақтастық идеяларын насихаттау және қос құрлықтың – Еуропа мен Азияның ықпалдастығы қай елде басталғанын әлемге паш ету үшін «Еуразиялық ықпалдастық күні» деген жаңа мереке енгізуді ұсынды. «Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы» келісімге қол қойылған кезде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Бұл – Еуразиялық ықпалдастықтың күні!» деп айтқаны есте. Осыған сүйенген Б.Смағұл «енді осыны біз заң жүзінде бекіткеніміз жөн. Біз болашақта бұл мерекенің бүкіл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер көлемінде атап өтілуіне қол жеткізуіміз керек», деп атап көрсетті.   «Алтын орта» – үйлесімділік арқауы Жиында сөз алған Улан-Удэ (Ресей) қаласындағы Бурят мемлекеттік университетінің факультет деканы, профессор Эльвира Раднаева «Тәуелсіз Қазақстан – еуразиялық идеяны дамытатын көшбасшы» тақырыбында баяндама жасады. Ол ең алдымен, қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтай келе, ғылыми-тәжірибелік конференцияға шақырған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті басшылығына ризашылығын білдірді. Қазақстан Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойы қазақ жұрты үшін ғана емес, Еуразияның орталығында орналасқан барлық бауырлас халықтар үшін де маңызды. Олардың ішінде біздің бурят халқы да бар. Бүгінде Қазақстан Еуразия идеясын және интеграциялық үдерістерді ілгерілетуде көшбасшы болып тұр. Бұрынғы кеңестік кеңістікте жүріп жатқан интеграциялық үдерістердің тарихи-философиялық негізі бар. Еуразия идеясына қысқаша анықтама берер болсақ, оған «алтын орта» деген ұғымды беруге болады. Яғни, бұл – әлеуметтік философия ұғымында қоғам мен адамның арасындағы үндестік, үйлесім бар деген сөз. Қазіргі таңда Еуразия идеясының жарыққа шығуын жаһанданудың өзі талап етіп отыр, деді Эльвира Раднаева. Осылай дей келе, ол Еуразиялық интеграцияны дамыту туралы идеяны Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым көтеріп келе жатқанын, жалпы, Еуразия кеңістігіндегі өңірлік интеграция Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін алған жылдардан бері посткеңестік кеңістіктегі барлық интеграциялық үдерістердің, бастамалардың, жобалардың бастамашысы болып келеді. Қазақстан 90-шы жылдардағы қиындықтарға қарамастан, қарышты дамыған елге айналғанына дүние жүзі елдерінің көзі жетті. Қазақстан ірі еуразиялық мемлекет ретінде «Бірыңғай экономикалық аймақ» атты ғаламдық жобаны ілгерілетіп келеді. Сондықтан, жалпы, еуразиялық интеграциялық үдерістерді Қазақстансыз елестету әсте, мүмкін емес, деді ол. Сонымен қатар, профессор Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттік-құқықтық интеграция мәселелерінің тарихи тамыры тереңде жатқанына, қазіргі таңда еуразиялық интеграция мәселесінде халықаралық-құқықтық және мемлекеттік-құқықтық байланыс жандана түскеніне тоқталды. Ал бүгінде Қазақстан «интеграциялық схемаларды» іздеу жолында үлкен бас­тамалар көтеріп келеді. Бүгінде бұл интеграцияның бір қалыбы – Еуразиялық экономикалық одақ. Бұл – Қазақстанның ауқымды бастамаларының бірі. Одақты құру туралы идеяны Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет 1994 жылдың наурыз айында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі өзінің лекциясы кезінде көтерген болатын, деді Эльвира Раднаева. Сонымен қатар, ол Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы еура­зиялық интеграция үдерістері жан-жақты әрі терең жүргізіліп жатқанын атап өтті. Әрине, жасырары жоқ, Еуразиялық экономикалық одақты құру ая­сындағы үдерістер кезінде түрлі ғылыми, идеологиялық, саяси қарама-қайшылықтардың да болғаны белгілі. Себебі, әркім өзінің ұлттық мүмкіндік­терін бірінші кезекке қойғысы келетіні белгілі. Алайда, Қазақстан Президен­ті өзінің сөзінде интеграциялық үдеріс­терді ілгерілету кезінде ең алдымен, мемлекеттердің тәуелсіздігіне нұқ­сан келмеуі керектігін, Еуразиялық эконо­микалық одақты саясиландырудан аулақ болу қажеттігін айтқан болатын. Яғни, бұл одақ тек экономикалық инте­грациялық үдерісті дамытуды, оның көкжиегін әлеуметтік, білім-ғылым, денсаулық сақтау салалары аясында да ке­ңейтуді көздейді, деді Эльвира Раднаева. Жиын барысында ол білім-ғылым саласында әріптестік орнату бағытында Бурят мемлекеттік университеті еліміздің жоғары оқу орындарымен өзара ынтымақтастық орнатуға және дамытуға мүдделілік танытып отырғанын жеткізді. Мәселен, 2016 жылдың 19 мамыр күні Бурят мемлекеттік университеті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжатқа сәйкес, екі жоғары оқу орны ортақ ғылыми зерттеулер жүргізу мен академиялық ынтымақтастық орнату бойынша әріптес болды. Алдағы уақытта біздің университеттеріміз түрлі бағытта еуразиялық зерттеулер жүргізуге күш салады. Жалпы, екі елдің жоғары оқу орындары білім-ғылым саласында көтерілген бастамалар мен жобаларды бірлесе жүзеге асыруға, сол арқылы еуразиялық кеңістіктегі өзара ықпалдастықты жандандыруға ықпал етеді деп ойлаймын, деді Бурят мемлекеттік университетінің Заң факультетінің деканы.   «Қазақстан – бастаманы бағалай білетін ел» Беларусьтің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Анатолий Ничкасов «Қазақстан және Беларусь республикалары арасындағы саяси-мәдени байланыстар» тақырыбы аясында сөз сөйледі. Ол өз кезегінде екі ел арасындағы саяси-мәдени байланыстар ширек ғасырда орныға түскенін айтты. Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің жарияланғанына 25 жыл толды. Әрине, тарихи тұрғыдан алғанда, бұл өте көп уақыт болып көрінбеуі мүмкін. Алайда, жас мемлекеттің қалыптасуы мен өркендеуі үшін аз уақыт емес. Бүгінде Қазақстан Президентінің қажыр-қайратының арқасында бұл ел ішкі және сыртқы саясатта ауқымды жобаларды жүзеге асырды. Қазақстанның халықаралық бастамалары дер уақытында көтеріліп келеді. Олардың әрқайсысының өз маңызы, рөлі бар. Оларға ядролық қарусыздану, терроризммен күрес, адам құқығын қорғау, қоршаған ортаны сақтау, ғаламдық экономиканы дамыту бағыттарында көтерген бастамаларын жатқызуға болады, деді Анатолий Ничкасов. Сондай-ақ, ол 90-шы жылдары Қазақстан да, Беларусь те күрделі кезеңді бастан өткергеніне тоқталды. Біз мемлекеттік құрылысқа қатысты тетіктерді басынан бастап бекіттік. 1992 жылы дипломатиялық байланыс­тарымызды алғаш рет орнықтырдық. Беларусьтің сыртқы саясаттағы басымдықтарының бірі – ол Қазақстанмен арадағы өзара тиімді әріптестік байланысын дамыту. Біздің саяси үнқатысуымыз түрлі салалар бойынша белсенді түрде жүргізіліп келеді. Минск пен Астананың халықаралық күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер бойынша көзқарастары ортақ, пікірлері үндес. Беларусь Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне қолдау танытты. Сонымен қатар, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануына қатысты да қолдау білдірді. Қазақстан да Беларусьтің бастамаларына ниеттестік танытып келеді. Бүгінде елдеріміздің арасындағы парламентаралық байланыс көкжиегі кеңеюде, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық үдерістерді жандандыруда, екіжақты сауда-экономикалық ықпалдастықты орнықтыруға да бірлесе күш біріктіріп отыр. Бүгінде біздің мемлекеттер фармацевтика, ауыл шаруашылығы, машина құрастыру салаларында өзара байланыс орнатуда. Жалпы, Еуразиялық экономикалық одақ ауқымды трансұлттық бірлестікке айналды. Оған көптеген халықаралық ұйымдардың айрықша назар аударуы – соның айғағы, деді елші. Анатолий Ничкасов бүгінде екі ел арасындағы мәдениет, білім-ғылым салаларындағы ынтымақтастық та жандана түскенін атап өтті.   Алқалы жиынның салиқалы ұсынысы Конференцияда сөз алған Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситеті Қазақстан халқы Ассамблеясы кафед­расының меңгерушісі Анатолий Баш­маков «Қазақстан халқы Ассам­блеясы – мемлекет тәуелсіздігі мен ұлт­тық қауіпсіздікті нығайтудағы рухани құ­рал», деген тақырып аясында баяндама жасап, Қазақстанның этносаралық, кон­фессияаралық түсіністікті сақтау және нығайту бағытында жұмыстарына кеңі­нен тоқталды. Бұл күні сала мамандары бірнеше тақырыпта өткен секциялық отырыстарға қатысты. Олар: «Ежелгі дәуірден қазір­гі кезеңге дейінгі Қазақстан тарихы мен мәдениеті», «Ұлы Дала елі және Л.Н.Гумилевтің еуразиялық көзқа­рас­тары», «Әлихан Бөкейхан және ұлт зиялы­ларының ой-таным мұрасы», «Жаһан­дық саясаттағы Қазақстан және Ұлт көш­басшысы Н.Ә.Назарбаевтың рөлі, «Тәуелсіз Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуының негізгі бағыт­тары» деген тақырыптар бойынша ұйым­дастырылды. «Қазақстан Республикасы және Еура­зия кеңістігі: қазіргі заман мен даму ке­ле­шегі» атты халықаралық ғылыми-тә­жірибелік конференцияны қорытын­дылаған сала мамандары ел Тәуел­сіздігінің ширек ғасырлық мерейтойына арналған жиында Қазақстан Тәуелсіздігінің қалыптасуы мен дамуы­ның негізгі бағыттары, мәдени-эконо­микалық және әлеуметтік-саяси дамуының мәселелері ғылыми тұрғыда жан-жақты зерделенгеніне тоқталды. Отырыс бүгінгі күнге дейінгі Қазақстанның тарихы мен мәдениетін зерттеудің әртүрлі аспектілері, қазақ халқының тәуелсіздігі мен бостандығы үшін ұлт-азаттық күрестің өшпес мәні және ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің идеялары кеңінен талқыланғанын атап өтті. Отандық және шетелдік ғалымдар Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қазақ елі тарихының өзекті мәселелерін, ұлттық тарихты зерттеудің бағыттары мен этномәдени саласындағы өзара ықпалдастықты айқындау, Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттердің әлеуметтік-мәдени байланыстарын дамыту мақсатында өз ұсыныстарын ортаға салды. Ол ұсыныстар – Қазақстан Республикасының әлемді ядролық қарудан азат ету және тұрақтылықты сақтау бағытындағы жаһандық бастамаларын қолдау, тең құқылы, ерікті және сындарлы әріптестік негізінде еуразиялық интеграцияны күшейтуге жағдай жасау, Еуразиялық аумағындағы білім және ғылыми мекемелерінде Қазақ елі және Еуразиялық Экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің тарихын пәнаралық зерттеу бойынша ғылыми зерттеу жобаларын жасау және жүзеге асыру, ынтымақтастық елдерінің ғылыми орталықтары мен жетекші білім беру мекемелеріне Еуразия халықтары арасында толеранттылықтың еуразиялық үлгісін жасау. Сондай-ақ, Еуразия кеңістігіндегі жоғары оқу орындарында Қазақстан және Ұлы Дала халықтарының мәдениеті мен тарихын насихаттау бойынша ағартушылық жұмыстарды жүзеге асыру, Қазақ мемлекеттілігінің тарихын насихаттайтын ғылыми-танымдық әдебиеттер шығаруға, көркем және деректі фильмдер түсіруге мүмкіндіктер жасау да ұсыныстар қатарына енді. Айгүл СЕЙІЛОВА, Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ