ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрме аумағындағы тұрғын үйлердің құрылысы 90 %-ға аяқталды. Кеше «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Ерболат Досаев құрылыс барысымен танысты.
«Бәйтерек» холдингі өзінің еншілес ұйымы «Бәйтерек девелопмент» АҚ арқылы Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрме аумағындағы тұрғын үйлердің, сауда-ойын-сауық орталығының құрылысын инвестициялайды.
Ауданы 107 мың шаршы метр (1374 пәтер) 42 тұрғын үй салынды. Үйлерге сыртқы және ішкі желілер жеткізілді, пәтерлерді ішкі әрлеу, үйлердің қасбеттерін әрлеу аяқталды, аумақты көріктендіру жұмыстары жүріп жатыр. Тұрғын үй кешендерінде паркингтер, сондай-ақ, коммерциялық үй-жайларға арналған аудандар көзделген. Құрылыс-монтаж жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде.
Халықаралық мамандандырылған көрмені өткізу кезінде пәтерлер халықаралық қатысушыларды орналастыру үшін көрменің ұйымдастырушыларына жалға беріледі. Көрме аяқталғаннан кейін нарық талаптарына сәйкес тұрғын үйлер сатуға шығарылатын болады.
Жалпы ауданы 138 мың шаршы метрді құрайтын сауда-ойын-сауық орталығының құрылысы аяқталып қалды. Сыртқы коммуникациялар жеткізілді, ішкі желілерді салу, ғимараттың ішкі және сыртқы әрленуі, сондай-ақ, іргелес аумақты көріктендіру жұмыстары жүріп жатыр.
Тұрғын үй нысандары мен сауда-ойын-сауық орталығын пайдалануға берудің болжамды күні – 2016 жылғы 1 желтоқсан. Нысандарды салу кезінде 3,7 мың жұмыс орны құрылды. Осы нысандар пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 2,5 мың адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілетін болады.
«Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниясы «Бәйтерек девелопмент» АҚ қаржыландыратын тағы бір нысан – бұл «Аура» бизнес орталығы. Жалпы ауданы 38 086 шаршы метр іскерлік кешен ЭКСПО-2017 көрмесінің жанында орналасқан. 2018 жылғы 1 тоқсанда пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»