• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2016

Рудныйда теракт туралы жалған ақпарат таратушы екі жылға сотталды

258 рет
көрсетілді

Үстіміздегі жылдың 5 қыркүйегінде Рудный қаласының  Ленин көшесіндегі  9 қабатты үйдің тұрғындарын түгелдей сыртқа көшіруге тура келді. Біреу 1 қыркүйекте 9 қабатты үйдің лифтіне қара маркермен 5 қыркүйекте осы үйде бомба жарылатыны туралы жазып кеткен.  Әбден зәрезап болған тұрғындар «бомба» деген сөзден  қорқып, полицияға хабарлайды.   Арнайы қызметтің мамандары «жарылғыш затты» әбден іздеп болып, біржақты шешім айтқанға дейін жұрт дүрлігіп, екі күн бойы үйіне кіре алмай жүрді. Оларды туыстарының үйіне, мектепке,  қонақ үйлерге орналастырды. Жарылғыш зат ақыры табылған жоқ, есесіне  жұртты  осынша дүрліктірген күдікті анықталып, ұсталды. Ол 23 жастағы Ерлан Ақмұрзаев деген азамат болып шықты.  Рудный қалалық соты террорлық акт туралы жалған лақап таратқан  оған  үкім шығарып, екі жылға бас бостандығынан айырды. Айыпты жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болды. Мұның сыртында ол «бомбаны» іздеген шығынды жабу үшін кемінде 3 миллион теңгені де өтеуі керек. Айта кетейік, әдетте, ҚР Қылмыстық кодексі бойынша террорлық акт жөнінде жалған ақпарат таратқаны үшін 6 жылға дейін беріледі. Бұл жолы  прокурор  мен күдіктінің арасында қорғаушыларының қатысуымен   сотқа дейінгі  процессуалдық келісім болды. Көп балалы, тәртіпті отбасында тәрбиеленген Ақмұрзаевтың ешқандай радикалдық топтармен қатысы жоқтығы анықталды. Оның адвокатының айтуынша, 9 қабатты үйдің подъезі, лифтісі өте лас, ол үйдің 7- қабатында тұратын апасының үйіне көтерілгенде лифтіні біреулер дәретхана ретінде пайдаланғанын көреді.  Оған шыдамаған Ақмұрзаев өзінің  ызасын осылай көрсетіпті. Тегінде ойлап сөйлемеген осылай от басары анық. Нәзира Жәрімбетова Суретті түсірген Сергей Миронов