Біздің бет алған бағытымыз –күллі жұртқа мәшһүр болған ұлағатты ұстаз, КСРО халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиевтің отыз жылдан артық (1957-1988 жылдар) ғұмырын арнаған Боран ауылында орын тепкен, шалғайдағы шекара шебінде ежелден «Нұрғалиев мектебі» атанған белгілі білім ордасы.
...Мектептің ақ түске сырланған қақпасынан Талант Құмашұлы қарсы алып, ішке бастады. Аулаларда жинақылық қана емес, балалардың көңіліндей риясыз тазалық пен әсемдік еседі. Әсіресе, оқушының жұмсақ алақанымен мәпелеп өсірген гүлдердің қауыз жарған ғажап көркі мен хош иісі, жөндеуден өтіп, жарқыраған ғимарат жуырдағы бір салтанатты күткендей. Бұл кезде мектеп ұжымы білім ордасының, ауылдың, Марқа елінің ғана емес, Шығыс өңірінің, қала берді қазақ ұлтының абыройын асырған ұстаздың 90 жылдық мерейтойына әзірленіп жатыр екен. Мектеп директоры Талант Құмашұлы әке мұражайымен таныстырды.
Озат жылқышы Нұрғали мен Күлдәрінің шаңырағында дүниеге келген бала інілерімен, көршілерімен ойнап жүргенде ылғи «мектеп», «класс», «мұғалім», «оқушы» деген сөздер аузынан түспейді екен. Өзі үнемі мұғалім болып ойнайтын баланың оқуға деген ынтасы да зор болды. Алайда, кенеттен келген әке қазасы үкілеген арманымен қоштаса тұруға мәжбүр еткен-ді. Бар-жоғы сегіз сыныптық білімі бар бала анасына қолғанат болып, соңындағы үш бауырын өсіру үшін ауылдық кеңесте қызмет атқарды. Көп кешікпей тұрғыластары хат танитын оны кеңшар комсомолының хатшысы етіп сайлайды. Қос қызметпен қатар, өз бетімен тоғызыншы сыныптың оқулықтарын оқып жүрген жасөспірім шабындықта шөп шауып жүріп, сұм соғыстың басталғанын естиді. Соғысқа сұранды. Жасы толмаған баланы әскери комиссариат жібере қоймайды. Тек, 1943 жылдың көктемінде ғана бозбала еңбек майданынан көптен күткен қан майданға аттанып, кіші командирлер даярлау курсынан өтеді.
Соғысқа кірген бар-жоғы 18 жастағы жауынгер әйгілі Александр Матросов полкінің құрамын толықтырған еді. Ауце қаласын азат ету кезінде ауыр жарақат алады. Өлім мен өмір ортасындағы Құмаш өзіне өте ауыр ота жасалғанын, екі аяғы мен бір қолынан айырылғанын білген жоқ. Шала-жансар жатқан жауынгерге фашистер дзотын жоюда көрсеткен батырлығы үшін берілген Жауынгерлік Қызыл Ту орденін дивизия командирінің орынбасары дала госпиталіне өзі келіп тапсырды. Алайда, жаралы жолбарыстың жағдайы жақсармады. Біраз күннен соң ұшақпен Мәскеуге жеткізіліп, әскери госпитальдың аса ауыр жарақаттанғандар палатасына орналастырылды. Міне, білгір, тәжірибелі дәрігерлердің арқасында 19 күрделі ота жасалған жаны сірі жігіттің аурухана төсегіне таңылған азапты күндері осылайша жалғасады. Ерік-жігері мен мойымас табандылығы арқасында бір жылдан кейін төсектен тұрып, жасанды аяқтарына нық тұра бастайды. Төсекке тағылған уақытын бекер өткізбегені, онжылдық білім аттестаты мен бүкілодақтық бухгалтерлер курсын сырттай бітіргендігі туралы куәлігін алғаны көңіліне демеу. Алып-ұшып Алматыға жетіп, әрі қарай Алтай асқан азамат ауылына он екі мүшесі түгел болмаса да, аман оралғанына шүкірлік етеді. Ғазиз анасы құшағына қысып, көзіне жас алады.
Қоғамға пайдалы еңбек ету туралы ойын Құмаш ауруханада сабақ беріп жүрген ұстазы Александра Толстиковаға сыр етіп айтқан-ды. Бала кезгі арманы мұғалім бола алатынына сұңғыла оқытушысын сендірген. Осы ойға берік табан тіреген ол Сармөңкеге келе салып, мұғалімдік қызметке орналасты. Ежелгі арманы орындалған майдангер ұстаз бар ынтасымен балалардың жүрегіне жол табуға кірісті. Орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болған оған бастапқыда сабақ өткізу жоспарына Зайсандағы педагогтық училищені бітірген жары Қанипа көмектесіп жүрді. Құмашпен бір ауылда, бір күнде дүниеге келген Қанипа соғыстан оралған солдатқа адал жар болды, алтын басын қадірлей білді. Күн өткен сайын білім-білігі толысып, шыңдала түскен Құмаш өзін нағыз мұғалім ретінде сезіне бастады. Осы кезде Мәскеудегі госпитальда арманына қанат байлап, дем берген ұстазы Александра Толстиковаға «Мен – мұғаліммін!» деп зор сүйініші мен рахметін білдіріп хат жазуы еңбектің ерен бағасын білген жанның тұңғыш жеңісі еді.
Құмекең жөнінде ең алғаш жазғандардың бірі – «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі, көрнекті қаламгер Жекен Жұмақанов екен. Ол 1948 жылы жарық көрген «Өлімнен махаббат күшті» атты очеркінде осы бір қайсар жанды республика жұртшылығына алғаш таныстырған. Кейін «Социалистік Қазақстанның» Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болған Мұқан Әбуғалиев «Өлімді жеңген өмір» атты кітап жазды. Мұқан майданнан оралған жас Құмашпен таныстығының облыстық газетте тілші болып жүргенінде басталғанын айтады. Бұл шығарманы Мұзкен Шегендіковтің «Құмаштың мектебі» атты еңбегі толықтыра түсті.
Құмаш соғыстан соңғы жылдарда білімін жетілдіріп, зайыбы Қанипамен бірге Абай атындағы педагогикалық институтын тәмамдады. Кеңес Одағының Батыры, институт ректоры Мәлік Ғабдуллиннің өзі майдангер-студентті қанатының астына алып, «Ағаш аяқты бауырым-ай» деп қамқорлық көрсетіп, мектептің жоғары сыныптарын Сармөңкеде аяқтай алмауына байланысты емтиханға кіргізбей, қызыл диплом алуына тосқауыл қойып, қысастық көрсеткісі келген әлдекімдерге қырандай шүйіліп, тастүлек балапанын қорғай білгені сабақ аларлық іс.
Алғашқыда аудан орталығындағы мектепте еңбек етіп, есімі елдің аузына ерте ілінген жігерлі жігіт сол кезде жаңадан бой көтерген Боран ауылының мектебін басқаруға жіберіледі. Міне, осы талапқа сай емес білім шаңырағына бар күш-жігерін жұмсап, республикадағы алдыңғы қатарлы білім мекемесіне айналдырады. 1972 жылы бұрынғы жұпыны, жұтаң ғимараттың орнына салынған сәулетті мектептің кіре берісіне «Боран мектебі оқушыларының Мәскеу мектептерінің оқушыларынан несі кем!» деген жазу жазғызып қоюының өзі сол заманның көзқарасымен қарағанда, оқушылардың ғана емес, ересектердің санасына төңкеріс жасаған батыл қадам еді. Бастырмалатып сабақ түсіндіруді емес, бала жүрегіне жол табуды көздейтін әдістемелік кешен жасақтаған ол: «Бала – халықтың ататын таңы, шығатын күні», деп бала тәрбиесінің жаңа моделін қалыптастырды. Жетпісінші, сексенінші жылдардың өзінде көсем атын иеленген білім мекемесінің «Нұрғалиев мектебі» атануы бекер емес.
Сол кезде-ақ халық сүйіспеншілігіне бөленген мектептің жанындағы оқу-өндірістік кешенде жоғары сынып оқушылары жүргізуші, тракторшы, электрик сынды кәсіптік мамандықтарды алып шығатын. Қырықтан астам кабинеттің барлығы сол уақытқа сай озық техникалық құралдармен жабдықталып, республикадағы тұңғыш техникалық орталық пен телестудиямен жасақталады. Техникалық орталықта фильмотека, диатека, фонетика, 3 500-ден астам диафильмі бар дыбыс жазу студиясы, мыңнан астам күйтабақтар болған. Ленинградтағы оптика-механикалық бірлестікке тапсырыс беріп жасалған телевизиялық жүйе арқылы сабақ барысы бақыланып отырған. Облыс орталығынан 400 шақырым шалғайда жатса да бұл мектепті көргісі, үлгілі әдістемелік қызметімен танысқысы келген ұстаздар мен мектеп директорлары әлі күнге дейін үзілмейді. Бүгінге дейін ғылыми-тәжірибелік конференцияларда, ғылыми жинақтарда Құмаш Нұрғалиевтің педагогикалық мұрасы жиі талқыланып, жаңа буынның бағдаршамындай ұлттық білім саласында кәдеге асып келеді.
Құмаштың әулетінен 30-ға жуық ұстаз шыққан екен. Тәуелсіздігіміздің алғашқы елең-алаң жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Нұрғалиев әулетінен шыққан 21 ұстазды қабылдағаны есімізде. Бүгінде Талант Құмашұлы әке жолын лайықты жалғастырып келеді. Даңқты мектеп әлі өз биігінде. ЮНЕСКО-ның қашықтықтан оқытуға тәжірибе ретінде осы мектепті таңдап алуы кездейсоқтық емес. Республикалық деңгейдегі «Озық ауыл мектебі», «Үздік олимпиада мектебі» және көптеген облыстық атақ-дәрежелерден-ақ мектеп ұжымының осал еместігін, атақты педагог атына кір келтірмегенін көруге болады.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы