Кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың төрағалық етуімен комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауы жөніндегі сайлау бюллетеньдері туралы қаулы қабылданды.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешовтің хабардар еткеніндей, қаулы бойынша 2011 жылғы 3 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауы жөніндегі сайлау бюллетеньдері орталықтандырылып дайындалады. Сайлау бюллетеньдерінің саны сайлаушылардың тізімдеріне енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 1 пайыздық резервімен қоса, 9 191 977 дананы құрайтын болып белгіленді. Ал сайлау бюллетеньдері ҚР Ұлттық банкінің Банкнот фабрикасында басылып шығарылады.
Аталған қаулыға сәйкес сайлау бюллетеньдерінің қорғалу дәрежесі де белгіленді және сайлау бюллетеньдеріндегі мәтіндер де бекітілді. Сайлау бюллетеньдері облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларына 2011 жылдың 25 наурызынан бастап беріле бастайды. Ал учаскелік сайлау комиссияларына сайлау бюллетеньдерін облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары 2011 жылғы 1 сәуірден кешіктірмей жеткізуді және акт бойынша беруді қамтамасыз етулері тиіс.
Отырыста, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова ТМД-ның байқаушы миссиясынан екі байқаушыны тіркеу туралы қаулы қабылданғанынан хабардар етті. Олар Беларусь Республикасының өкілдері Николай Логовик пен Марина Рахманова. Т.Охлопкованың айтуынша, кешегі күнге дейін Орталық сайлау комиссиясына 59 байқаушы тіркелген. Оның 44-і ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы миссиясынан, 2-еуі ТМД миссиясынан, 11-і шет мемлекеттерден, ал 2-еуі Халықаралық республикалық институтынан.
* * *
Кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат болып тіркелген Мэлс Елеусізов пен Ғани Қасымовқа куәлік тапсырды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.