Алматыда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы жанынан құрылған «Халықаралық қатынастар» зерттеу орталығының ашылуы және «Орталық Азия мұраты» кітаптар сериясының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жаңа орталық халықаралық қатынастарды зерттеуді дамытуға, Орталық Азия бойынша аналитиканы күшейтуге және өңірлік ғылыми диалогты кеңейтуге бағытталған.
Тұсаукесерге Академия басқармасының президенті Ақылбек Күрішбаев, Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігінің басшысы Жәнібек Әбдірашов, БҰҰ-ның Алматыдағы Жаһандық коммуникациялар департаменті өкілдігінің басшысы Властимил Самек, сондай-ақ Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан дипломатиялық миссияларының, халықаралық ұйымдар мен ғылыми қауымдастықтың өкілдері қатысты.
Іс-шара аясында «Орталық Азия мұраты» ғылыми-талдамалық сериясының таныстырылды. Оның құрамына Думан Жекеновтің «Орталық Азия мұраты» монографиясы, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан бойынша жыл сайынғы талдамалық жинақтар, сондай-ақ «Қытай – Орталық Азия: талдау және шолу» басылымы енді.
Жаңа еңбектер Орталық Азия өңіріндегі тарихи, геосаяси және қазіргі үдерістерге кешенді ғылыми талдау ұсынып, стратегиялық шешім әзірлеуге арналған тұрақты сараптамалық платформаны құруға бағытталған.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Ақылбек Күрішбаев орталықтың ашылуы мен кітаптар сериясының жарық көруі ғылыми дипломатияны дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге қосылған маңызды үлес екенін атап өтті. Оның айтуынша, Академияның миссиясы — ғылымды елдің стратегиялық дамуына қызмет ететін зияткерлік ресурсқа айналдыру және жас ғалымдарды қолдау.
Цифрлық трансформация кітапханаларды қалай өзгертіп жатыр?
Ұйымдастырушылар қатысушыларға алғыс білдіріп, өңірде және одан тыс аумақта ғылыми байланысты одан әрі нығайту мен бірлескен жобаларды жүзеге асырудың маңызын атап өтті.
Жылжымалы кітап көрмесіне қандай шығармалар ұсынылды?