• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2011

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің бұйрығы №538

492 рет
көрсетілді

2010 жылғы 31 желтоқсан           Астана қаласы Учаскелік полиция инспекторларын әкімшілік учаске тұрғындарының пікірін ескере отырып тағайындау ережесін бекіту туралы Учаскелік полиция инспекторлары жұмысының тиімділігін арттыру, сондай-ақ тұрғындармен өзара іс-қимыл жасасуын нығайту мақсатында бұйырамын: 1. Қоса беріліп отырған Учаскелік полиция инспекторын әкімшілік учаске тұрғындарының пікірін ескере отырып тағайындау ережесі (бұдан әрі – Ереже) бекітілсін. 2. Облыстар мен Астана, Алматы қалалары ішкі істер департаменттерінің бастықтары учаскелік полиция инспекторлары лауазымдарына тағайындау кезінде Ереженің сақталуын қамтамасыз етсін. 3. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті (И.В.Лепеха) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізуді және оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін. 4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры А.В.Кулиничке, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетіне (И.В.Лепеха) және Кадр жұмысы департаментіне (Ә.А.Жансейітов) жүктелсін. 5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Министр С.БАЙМАҒАНБЕТОВ

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2010 жылғы 31 желтоқсандағы № 538 бұйрығымен бекітілген

Учаскелік полиция инспекторларын әкімшілік учаске халқының пікірін ескере отырып тағайындау ережесі

Жалпы ережелер

1. Осы Ереже әкімшілік учаске халқының үміткерді ашық талқылауын ескере отырып, ішкі істер органдарының учаскелік полиция инс­пек­торлары лауазымына тағайындау шарттары мен тәртібін белгілейді. 2. Әкімшілік учаске тұрғындарының пікірін ескере отырып, ішкі істер органының учаскелік полиция инспекторы лауазымына тағайындау рәсімін енгізу мақсаты: қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру процесінде полиция мен халық арасындағы серіктестік қарым-қатынастарды орнату мен дамыту; учаскелік полиция инспекторларының аза­мат­тардың алдында жауапкершілігін күшейту; ішкі істер органдарының қызметіне деген халықтың сенімін арттыру болып табылады. 3. Әкімшілік учаскенің аумағында кәме­лет­ке толған, тұрғылықты жері бойынша тұрақ­ты тұратын және тіркелген адамдар қатарынан жергілікті қауымдастық жиналысының (жиыны­ның) шешімі учаскелік полиция инспекторының бос лауазымына тағайындау не болмаса лауа­зымға тағайындаудан бас тарту үшін негіз болып табылады. 4. Негізгі критерийлер: 1) «Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабына сәйкестігі; 2) оң мінездеме; 3) әріптестері мен басшылықтың ұсыным­дары (кемінде екеу).

2. Учаскелік полиция инспекторларын тағайындау тәртібі

5. Қалалық, аудандық ішкі істер органы (бұдан әрі – ҚАІІО) кадр аппараттары арқылы учаскелік полиция инспекторларының бос лауазымдары және баянат қабылдау мерзімінің басталуы мен аяқталуы туралы ақпаратты жеке құрамның назарына жеткізеді. 6. Учаскелік полиция инспекторлары лауа­зымына тағайындау туралы баянат тапсырған полиция қызметкерлері медициналық куәлан­дыру үшін әскери-дәрігерлік комиссияларға жіберіледі, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілерді білуіне, жауынгерлік және дене шынықтыру даярлығының деңгейіне сынақтан өткізіледі. 7. Баянат қабылдау аяқталған күннен бастап он күн өткен соң кадр аппараты баянат тапсырған қызметкерлердің жеке істерін зерделейді және ҚАІІО-ның басшысына ақпарат енгізеді. Орган басшысы үш күн ішінде қыз­меткерлерді учаскелік полиция инспекторының бос лауазымына үміткер ретінде бекіту туралы шешім қабылдайды, ол туралы баянат тапсырған әрбір қызметкерді хабардар етеді. 8. Учаскелік полиция инспекторының бос лауазымына үміткер ретінде бекітілгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде ішкі істер органының басшылығы тиісті әкімшілік аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдарына үміткерді әкімшілік учаскенің халқымен ашық талқылау үшін жергілікті қауымдастықтың жиналысын (жиынын) өткізу қажеттілігі, оны өткізу орны мен уақыты туралы қолдаухат жолдайды. Өткізілетін жиналыс пен үміткерлер туралы ақпарат тұрғындардың назарына түсетін жерлерге (хабарландырулар стенд, БАҚ, Ішкі істер департаментінің (бұдан әрі – ІІД) сайттары және басқа да қолжетімді тәсілдер) орналас­тырылады. 9. Жергілікті қауымдастықтың жиналысын (жиынын) ұйымдастыру және оның шешімін қабылдау жиналыс (жиын) өткізу және оны «Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару басқармалары тура­лы» Қазақстан Республикасы Заңының 39-3-ба­бы 2-тармағына сәйкес облыстық (респуб­ликалық маңызы бар қалалар мен елорда) мәслихаттар белгілейтін шешім қабылдау тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады. 10. Жергілікті қауымдастықтың жина­лысында (жиынында) ҚАІІО басшылығы учаскелік полиция инспекторының бос лауазымына үміткерлерді таныстырады, сондай-ақ әкімшілік учаске халқы олардың қызметтік тізімімен, қызметтік мінездемелерімен танысады. 11. Жергілікті қауымдастық жиналысының (жиынының) шешімі негізінде ҚАІІО-ның бастығы ІІД-нің бастығына учаскелік полиция инспекторын тағайындау туралы ұсынымхат енгізеді. 12. Ішкі істер департаментінің бастығы учаскелік полиция инспекторын лауазымға тағайындау туралы бұйрық шығарады. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылғы 9 ақпанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №6770 болып енгізілді.