Жыл сайын 1,3 миллион адам көлік апатынан көз жұмады. Құрбан болғандардың тең жарымы - жаяу жол жүргіншілері, велосипедшілер мен байкерлер. Бұл мәлімет БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі жаңа баяндамасында жария етілді, деп хабарлайды egemen.kz "Хабар 24" - ке сілтеме жасап.
Сарапшылардың айтуынша, қалалар инфрақұрылымын дұрыс дамытса, миллиондаған адамды ажалдан арашалап қалуға болады. Баяндаманың пікірінше, қала салушылар жаяу және велосипедпен серуендейтін арнайы аймақтар құруға мән беруі тиіс. Бұл қоршаған ортаның сақталуына да септігін тигізеді.
БҰҰ-ның мәліметіне жүгінсек, ауаны ластайтын зиянды заттардың 23 пайызы автокөліктер үлесіне тиеді. АҚШ, Голландия мен Швецияда Африка елдеріне қарағанда жол апаты сирек болады. Мысалы, Малиде жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер құрбандардың 66 пайызын құрайды. Ұйым өкілдерінің пайымдауынша, қауіпсіз жолдардың ашылуын көздейтін жобалардың қаржыландыруы артса, халықтың денсаулығы жақсарып, ауаны ластайтын зиянды заттар үлесі де азаяр еді.