• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2011

Халық денсаулығы – тұрақты даму кепілі

1198 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау саласы – елімізді жаң­ғыр­ту жолындағы маңызды шаруалардың бірі. Сон­дық­тан да мемлекеттік саясаттың стратегиялық міндеттері қатарына медициналық қызметтің сапа­сын арттыру мен халықтың денсаулығын нығайту ісі де енеді. Соңғы жылдары денсаулық сақтау сала­сын­да айтарлықтай ілгерілеулер болды. Дегенмен, әлі де шешілмеген мәселелер бар. Соның ішінде осы заманғы басқару технологияларын енгізу, меди­ци­на­лық мекемелерді жеткілікті дәрежеде жаб­дықтау, дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арт­тыру және ақылы медициналық көмектердің тиімділігін жетілдіру секілді міндеттер кезең-кезеңмен жүзеге асыруды қажет етеді. Үстіміздегі жылдың басынан бері саланы дамытуды мақсат еткен «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды. Оның басты басымдығы – қазақстандықтардың жеке және қоғамдық денсаулығын жақсартуды сапалық жаңа деңгейге көтеру. Бұл бағдарлама ведомствоішілік құжат емес, оның алға қойған мақсаты тек бүкіл қоғам күш салғанда ғана іске асады. Бүгінгі күні адамның денсаулығын жақ­сарту мен сақтау тек осы саланың жүйесінде ғана орындалатын іс емес, ол көптеген себептерге қатысты және солардың бәрін кешенді түрде шешкенде ғана жүзеге асатын болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДСҰ) мәліметіне қарағанда, адам денсаулығы­ның 50 пайызы саламатты өмір сүруге және тұрғындардың оған сауаттылығына тәуелді екен. Адамдардың өз хал-ахуалына немқұрайлы қарауы – олардың денсаулық сақтау проблемасынан алған ақпаратының әлсіздігінен болады. Сонымен бірге, сектораралық және ведомствоаралық әріп­тестік­тің тетіктері де жетілдірілмегенін атап өту керек. Осыдан келіп мемлекеттік органдар мен ведом­ство­лардың ғана емес, қоғамдық сектордың ал­дын­дағы миссия мен жауапкершілікті сезінбеу туады. Осынау, жалпыұлттық міндетті орындаудың ендігі мақсатының өзгелерден айырмашылығы сол, жаңа бағдарлама заңдық, инвестициялық, құрылымдық және экономикалық тетіктермен бекітілген. Сектораралық және ведомствоара­лық өзара іс-қимылдың жаңа үлгісін іске асыру бюджеттік бағдарламаның біртұтас шығынында қарас­тырылған. Сондай-ақ, бизнестің де әлеу­мет­тік жауапкершілігі арттырылып, жергілікті жерлердегі денсаулық сақтау бағдарламалары солар­дың қаржыландыруымен жүзеге асатын болады. Ауруды емдегеннен гөрі, алдын алу жөн деген қағидатты басшылыққа алып, жаңа бағдар­лама профилактикалық шараларды іске асыруды да қарастырған. Соның ішінде әлеуметтік ма­ңызы бар сырқаттарды ерте бастан анықтауды мақсат еткен Ұлттық скриннинг бағдарламасы жүргізілетін болады. Ауылдағы медициналық көмекті жақсарту мәселесі де бағдарламадан тыс қалмаған. Был­тыр «Денсаулық» емдеу-сауықтыру пойызының арқа­сында алыс ауылдардың тұрғындары әлеу­мет­тік жоба шеңберінде тексерістен өтіп және көп жағдайда ем қабылдады. Биыл да сондай бір пойыз, елу шақты жылжымалы медици­налық кешендер жіберілетін болады. Мұның үстіне жаңа медициналық нысандар салынады. Ал төтенше жағдайларда жедел медициналық көмек беретін санитарлық авиация дамытыла түседі. Алматы – Көкшетау трассасының бойында 2011 жылы ғана 12 жедел көмек беру бекеттері ашылатын болады. Биыл кепілдендірілген тегін медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін 70 млрд. теңге бө­лінді. Сондай-ақ, бүгінгі күні алғашқы медици­на­лық-санитарлық көмектің рөлі өсіп келеді. Мұның өзі осы істі атқара алатын әлеуметтік қызметкерлер институтын енгізуді қажет етеді. Сонда дәрігерлер бұл қызметтен босап, өзінің негізгі міндеттерін атқаруға кірісіп, кадрлар жетіспеушілігін азайтар еді. 2011 жылдың басында дәрігерлер жетіспеушілігі 4672 орын болды. Соның ішінде ауылды жерлерге 1352 адам жетпейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін медициналық жоо-ларға мемлекеттік тапсырыс­пен қабылдаулардың саны арттырылды. Ал оқу бітірген соң үш жыл бойы ауылды жерлерде жұмыс істеу міндеттемесін алғандар үшін 30 пайыздық квота белгіленді. Былтыр Ұлттық біртұтас денсаулық сақтау жүйесі енгізілгені мәлім. Соның шеңберінде ай­мақ­тарға жоғары мамандандырылған медицина­лық көмек жетті. Бүгінгі күні облыстарда бұрын тек республикалық орталықта жасалатын кар­дио­­хирургиялық және нейрохирургиялық оталар жасала беретін болды. Әрине, бізге «денсаулық сақтау саласы тек медицина қызметкерлерінің қолында» деп қалып­тасқан пікірді жою үшін әлі де қыруар жұмыстар атқару керек. Сөз жоқ, дәрігердің біліктілігіне денсаулық қана емес, адамның өмірі де кейде тәуелді болады. Бірақ, денсаулық сақтау саласын экономиканың басқа салаларынан бөліп қарауға болмайды. Тек фармацевтика индустриясы, био және нанотехнологиялар, т.б. салалармен интеграциялану арқылы ғана денсаулық сақтау саласы дамитын болады. Серік АЯҒАНОВ, Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің хатшысы.