Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейінде келушілерге уақытша жабық тұрған есіктер бар болатын. Ендігі жерде ол есіктерде құлып тұрмайтын болды. Бүгін музейде өткен баспасөз турында жабдықтары және интерьері бастапқы түрінде қайтадан жаңғыртылған Президент Н.Назарбаевтың шағын жұмыс кабинеті мен қабылдау бөлмесінің алғаш рет есігі ашылды. Журналистерге бұл кабинеттердің тарихы баяндалды. Мысалы, Шағын жұмыс кабинетінде Президент бейнеконцеренцбайланыс жүйесінің көмегімен селекторлық кеңес өткізген. Ол екі немесе бірнеше тараппен дыбыстық байланысты жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қабылдау бөлмесіне Н.Назарбаевтың еңбектері қойылған және бұл жерде естелікке суретке түсу мүмкіндіктері де қарастырылыпты. Ендігі жерде музейге барлық келушілер Елбасының Шағын жұмыс кабинетін де, қабылдау бөлмесін де аралап көре алады.
Сондай-ақ, тур барысында баспасөз өкілдері музейдің экспозиция залдарының тақырыптары жаңарғанының куәсі болды. Мәжіліс залы мен Күмбезді зал фойесінде бұл өзгеріс бірден білінеді. Мәжіліс залында орналасқан «Қазақстан Республикасы: мемлекеттік даму стратегиясы» экспозициясы қазіргі еліміздің әлеуметтік –экономикалық және саяси дамуының бағыттарын айқындайтын материалдарды жаңаша қырынан берген болса, Күмбезді зал фойесіндегі экспозиция түгелдей жаңартылған. Орындалу техникасы мен материалдары бойынша жүйеленген экспонаттар ағашқа, теріге, шыныға, хрустальға жаңаша көзқарас қалыптастырып, айрықша жалтыратылған алтын мен күміс, сүйекке, нефритке оймышталған жібек жіппен шебер кестеленген өрнектер келушілерді түрлі әсерге бөлейтіні шүбәсіз.
Айгүл Сейілова
Фото Орынбай Балмұрат