• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
28 Қазан, 2016

Жинақтау жүйесі арқылы білім алғыңыз келе ме?

383 рет
көрсетілді

Бүгінгі жаһандану дәуірінде адамзат баласы үшін білімнің маңызы зор. Оның ішінде біздің қоғамдық пікір тұрғысынан қарастырсақ, білім алу үлкен жетістіктерді бағындырумен, бірнеше тіл білумен, ғылым мен техниканы игерумен, сондай-ақ дамыған елдер қатарына қосылу барысында жан-жақты қабілетті адам болумен сипатталады. Иә, қазіргі кезде қоғамымыздағы үлкен мәселенің бірі – білім алу мәселесі дер едік. Қоғамда орта таптың үлес салмағын арттыру дәл осы білім мәселесімен тікелей байланыс­ты. Көзі ашық, көкірегі ояу, жан-жақты қабілетті адамдардың көп болуы қоғамның әлеуметтік ахуалының жақсаруына да септігін тигізетіні түбегейлі дәлелденген нәрсе. Сонымен, қазіргі кезде ата-аналар балаларын қалай оқытуда? Қандай мектепке, қандай жоғары оқу орнына беруді армандайды? Немесе одан да дәлірек айтқанда, сол армандарын жүзеге асыру үшін қандай қадамдар жасап жатыр? Бұған мемлекет тарапынан қандай көмек берілуде? Әрине, елімізде мемлекеттік жалпыға бірдей орта білім беру негізінен тегін жүргізіледі. Ал жоғары оқу орындары туралы айтатын болсақ, жыл сайын бөлінетін мемлекеттік білім беру гранттары мектепті бітіретін барлық оқушыға жетпейтіні өкінішті. Мысалы, биылғы жылы мектепті 87 мың оқушы бітірді. Оның ішінде Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқандарының саны – 84 079. Ал мемлекеттік білім беру гранты 31 702 бірлікті құрады. Бұл – мектепті бітірген түлектердің 65 пайызы мемлекеттік грантқа оқуға іліге алмады деген сөз. Олар­дың бірқатары ақылы оқуға түсті, сондай-ақ тағы бір бөлігі «келер жылы түсермін» деген үмітпен қарапайым жұмыскер болып жалданып, нәпақа табуды бастап кетті. Өкініштісі, мемлекеттік органдар ақылы оқуға түскендерге де, түсе алмай қалғандарға да тұрақ­ты мониторинг жүргізбейді. Сондай-ақ, грантқа оқуға іліккен балалардың да өз мамандықтарын қаншалықты қадірлейтіні, ертеңгі күні жұмыс таба ала ма, таба алмай ма, мамандығы бойынша жетістікке жету мүмкіндігі қаншалықты деген мәселеде де мониторинг жүргізу мәселесі қолға алынбаған. Кейбір жоғары оқу орындарында «грантта оқыды» деген атпен ілініп-салынып оқу бітіріп, ертеңгі күні еш жерде өзін жарқыратып көрсете алмайтын мамандар даярланып жатуы да бек мүмкін. Сондықтан, бүгінгі күні мемлекет тарапынан қолға алынған шаруаның бірі – баланың болашағы үшін, жақсы білім алуы үшін немесе нақ өзі таңдаған оқуына түсу үшін ақша жинау тәсілі. 2013 жылғы 14 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекеттік білім бе­ру жинақтау жүйесі туралы» Заңға қол қойды. Жүйенің негізгі мақсаты – білім алудың қолжетімділігін арттыру,  яғни ата-аналардың аз мөлшерден жинап бастаған салымдарының көбеюіне, ертеңгі күні мектеп бітірушілердің жоғары оқу орындарына немесе магис­тратура, докторантураларға түсуіне мүдделі болу. Осы заңның аясында бүгінде Білім және ғылым министрлігінің жанында «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы жұмыс істеуде. «Қаржы орталығы» акцио­нерлік қоғамының мәліметіне сәйкес, бүгінде өз балаларының болашағы үшін он бес мыңнан астам ата-ана білім беру депо­зиттерін ашып, ақша жинауда. Ал депозитті ашып, ақша жинаудан бұрын қаншама жұмыс атқарылды десеңізші. Өйткені, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі Елбасының қолдауымен, пәрменімен құрылған жүйе болғандықтан, халық алдындағы жауапкершілігі де зор. Оның ішін­де ең басты атап айтар нәрсе – жалпы халықтың сеніміне кірудің оңай еместігі. Техникалық жұмыстар бірнеше банктің және бірнеше мемлекеттік органның мәліметтер базасын бірыңғай ақпараттық жүйеге біріктіруден басталса, нормативтік жұмыстар негізгі заң қабылданғаннан кейін жүйеге қатысушылар арасында үлгілік келісімшартты бекітуден бас­талды. Содан кейін ғана білім беру де­позиттерінің шарттары мен басым­дықтарын түсіндіруге бағытталған ауқымды ақпараттық жұмыстарға кезек берілді. Әйтсе де аталған жүйе бойынша білім беру депозиттерін ашуды қайта-қайта насихаттау артық етпейді деген ойдамыз. Неге десеңіз, салыстырмалы тұрғыдан алғанда, еліміздегі барлық ата-ананың санына шаққанда депозит ашқан ата-аналардың үлесі саусақпен санарлықтай-ақ. Әрине, біздіңше, барлық ата-ана­лардың көкейіндегі ең басты сауал – салынған ақшаға кепілдік бар ма деген мәселе. Инфляциядан қауіп­тенетін ата-аналар да аз емес. Бұл жерде айтарымыз, жеке тұл­ғалардың барлық салымдары сияқты білім беру депозиті де 10 млн теңге мөлшеріне дейін Де­по­зиттерді кепілдендіру қоры­мен сақтандырылған. Сондай-ақ, білім беру депозитінің басқа депозиттерден ең басты елеулі айыр­машылығы ретінде банктің 14 пайызға дейінгі жылдық сый­ақысынан бөлек мемлекет тарапынан төленетін 5-7 пайыздық сыйақыны атауға болады. Сонда айталық, салымшы жылына 1 миллион теңге ақша салатын болса, ол банк пен мемлекет тарапы­нан есептелетін пайыздардың есе­­бінен 19-21 пайызға дейін кө­бейеді. Мемлекеттік білім берудің жи­нақтау жүйесіне тек жеке адамдар ғана емес, қайырымдылық қор­лары мен мүдделі ұйымдар, ком­паниялар да қатыса алады. Мұның мысалы ретінде Сара Назарбаева басқаратын «Бөбек» қорының акциясын айтуға болады. Ол елі­міздегі балалар үйлерінде тәр­биеленіп жатқан жеті мың ба­лаға білім беру депозитін ашып, қайы­рым­дылық істің бастауында тұр. Бұдан бөлек, Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен «Өзіңнен баста!» қайырымдылық акция­сы қолға алынған. Акция ауқатты адамдарды, көрнекті қо­ғам қайраткерлерін мұқтаж ба­ла­ларға білім беру депозитін ашу ісі­не тартуды мақсат етеді. Бұл ак­­­ция аясында да депозиттер ашылуда. Қорыта айтқанда, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі арқы­лы жас ұрпақтың болашағына жол ашу, олардың қиналмай оқуға түсуіне, өздері таңдаған мамандық бойынша елге қызмет етуіне мемлекет тарапынан көмек беру негізгі мақсат етіп қойылып отыр. Сол үшін банктен бөлек үстемеленетін мемлекет сыйақысының өзі әрбір салымшының келешекке сеніммен қарауына себеп болмақ. Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»