• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Қазан, 2016

QAZKOM: Quality, Qarqyndy және Quintessence кофеханасы

301 рет
көрсетілді

Қазан айының басында көшелерге Q әрпі бейнеленген ірі пос­терлер ілініп, қалың көпшіліктің басын қатырған еді. Енді сол құпияның сыры ашылды: мұнысымен «Қазкоммерцбанк» АҚ өзінің жаңартылған стратегиясы мен ауыстырылған брендтік белгісіне назар аудартқысы келген екен. Әу баста сырға толы Q-дің мән-мағынасы туралы  сан алуан нұсқалар болды: ұлттың жоғары IQ-і (Quotient), сапа (Quality), біліктілік – Qualification. Егер бұған тағы бір маңызды анықтаманы – клиентке мойын бұрушылықты қоссақ, онда ҚКБ-тің жаңа парадигмасын, QAZKOM деген жаңа брендке ауысуының мәнін толық түсінесің. Банктің ребрендингі осыған сәйкес, парасатты ұлттың тарихы арқылы жасалды. Әр ғасырда өмір сүрген ұлт көшбасшылары мен ұлт қайраткерлерін көрсетуді таңдап алу – өткенге құрмет, болашаққа бағдар. Сөйтіп, «Парасатты ұлт – Умная нация» жарнамалық науқанына мүдделілік танытқан қазақ­стандықтар арқасында аталған қаржы институты өзінің алға қойған мақсат-мұраттарына толық жетті деуге негіз бар. Өткен жұма күні Банк Дирек­торлар кеңесінің төр­ағасы әрі негізгі акционер Кеңес Рақышев және оның коман­дасы жұртшылыққа QAZKOM-ның жаңа брендін таныстырды. Тұсаукесер жаңа кеңседе және оны өткізу күні де кездейсоқ таңдап алынған жоқ: 21 қазанда банктің құрыл­ғанына 25 жыл толды. QAZKOM-ның жаңа кеңсесі Quintessence – идеялардың іске асырылуы секілді жыл бойы банктің барлық сервистік жүйесіне біртіндеп көшеді. Мамыр айында Кеңес Рақышев қаржы институтының  жаңа стратегиясын ұсынып, клиентке қызмет көрсету саласындағы жарқын өзгерістер туралы айтып, оған аз уақыттың ішінде қол жеткізуге уәде берген еді. Осы жолы банкирлер өздері айтқан қарапайымдылыққа (Qarapayım), жедел жылдамдылыққа (Qarqyndy) және қызмет көрсету сапасын (Qundylyq) жетілдіруге негізделген банк философиясын жүзеге сәтті асырғандарын көпшілікке паш етті. Тұсаукесер қарсаңында халықаралық Standard&Poor’s рейтинг агенттігі банктің ұзақ мерзімді кредиттік рейтингісін  «ССС+»-дан «B-»-ге өзгертті. Бұл өзгеріс Банктің бірқатар жақсы көрсеткіштеріне орай жасалды. S&P-тің түсінік­темесінде негізгі акционердің жаңа командасымен бірге қол жеткізген бизнестің тиімді дамуының жағымды жақтары барынша айқын көрсетілді. Банктің жаңа бөлімшесінде клиенттің өзін жақсы сезінуі үшін әрі кезек күтіп қалған жағдайда көңілін аулау үшін жағдайдың бәрі жасалынған, клиентке кофе де ұсынылады, ол жайлы орынға да отырады, интернет желісіне де тегін кіре алады. Заманауи технологиямен, озық құрал-жабдықтармен жабдықталған жаңа бөлімшеде сірә клиенттің кезек күтуіне тура келмейтін шығар. Өйткені, мұнда өзіңіз де жеке-дара түрде төлем жасап қана қоймай, өз бетіңізше депозит аша аласыз, карточкаңызды толықтыруға мүмкіншілік бар, тіпті кредит те рәсімдей аласыз. Дегенмен, ұсақ-түйекке дейін мән беріп, клиент үшін жасалған қосымша жайлылық QAZKOM-ның қызмет көрсету сапасын «бес жұлдыз» деңгейіне дейін көтеру құлшынысын байқатады. Сапалы қызмет пен өнім арқылы жаңа клиенттерді тартудың қыр-сырын меңгерген бұл қаржы институты шағын және орта бизнес өкілдерін және бөлшек сауда иелеріне түрлі қаржылық өнім ұсынбақшы. Банк бұрын-соңды бизнестің бұл сегментеріне басымдық бермегені белгілі. Енді клиент үшін тың салаларды да қамтып, қызмет көрсетуге шындап кірісті. Мұның өзі үлкен жетістік, үлкен жеңіс. Тұсаукесерде банкирлер бұдан өзге де жағымды жаңалықтарымен бөлісті.  QAZKOM-ның жаңа философиясы жүзеге аса бастаған сәтте шағын және орта кәсіпкерлерге берілген несие көлемі өзінің тарихи көлемінің 70 пайызын құраған. Ал бөлшек клиенттерге бұрынғымен салыстырғанда, 9 есе көп кредиттік карта беріліпті және бұл көрсеткішті алдағы уақытта үш есеге көбейту көзделуде. Бұған қоса, онлайн түрінде ашылып жатқан депозиттер легі де өскен. Бүгіндері QAZKOM-да ашылған әрбір бесінші депозит қашықтықтан ашылғанын айтып өту маңызды. – Өзгерістің мән-маңызы тек логотипті ауыстырумен және Банк атауын басқаша жазумен шектелмейді. Ең бастысы – біз мәлімдеген Банктің жаңа стратегиясындағы даму мақсат-мұраттары – банк қызметінің сапасы жақсаруы тиіс, – деді Кеңес Рақышев БАҚ өкілдерімен кездескен кезде. – Әңгіме біздің клиенттердің қажеттілігіне мойын бұрудан, анығында, қызмет көрсету саласындағы ірі реформа жөнінде айтылып отыр. Логотиптегі Q литерасы клиенттерімізге банктік сервисте үлкен мобильділікті, қарапайымдылық пен жедел жылдамдықты қамтамасыз ету мақсатында инновацияны дамытудың жаңа деңгейіне шығу талпынысымызды білдіреді. Банктің жаңа басшылығы жаңа бренд­тің сабақтастығын ерекше атап өтті. «Кә­сіпкерлік романтизм дәуірінде» Қазком елдегі 236 банктің бірі ғана болған. 1991 жылы 1 миллион доллар активі болған банк 15 млрд долларлық активке дейін өсті. Қазір жеке капиталдың өзі  1,5 млрд долларды құрайды, ал банк жүйесінде 4 млн клиентке қызмет көрсетіледі. Әу баста бұл банктің  72 клиенті болды дегенге осы күні біреу сенеді, біреу сенбейді. Қабылданған жаңа стратегия – клиенттердің жаңа талаптары мен сұраныстарына жауап беретін жаңа сервистің ІТ-формациясына, дамудың жаңа кезеңіне көшу мақсат-мұраты. – QAZKOM дәл бүгінгі қалпында өзінен-өзі құрыла салған жоқ. Оған Банк қызмет­керлерінің ащы маң­дай тері, зияткерлік үлесі және клиенттеріміздің ізденім­паздығы арқасында қол жетті. Біздің елімізде өмір сүріп жатқан жүзден аса ұлт өкілдерінің қолдауынсыз біз осы күнге жете алмас едік,– деді басқарма төрағасының бірінші орынбаса­ры Абай Искандиров. Алевтина ДОНСКИХ АЛМАТЫ