• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Қазан, 2016

Ізденіске бастаған іскерлік байланыстар

333 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда Қазақстан Қы­тай­дың әлемдегі ең ірі әріп­тестерінің бірі болып табылатыны аян. Оның үстіне іргедегі көр­­ші­леріміз бұл тұжырымды қуат­тауға соңғы кезде тіпті белсене кіріскенін де көріп отырмыз. Үстіміздегі жылдың өзінде Қытай тарабы «Бір белдеу – бір жол» стратегиялық бағ­­дар­ламасы аясында аса ауқым­­ды жұмыстар атқаруда. Ұлы Жі­бек жолы бойындағы замана мүддесін жаңғыртуға ба­ғыт­талған бұл бағдарламаны бір­лескен бағ­дар­лама десе де бо­лады. Бұл мақ­саттың жолын­да Қазақ­стан іскер­лері­нен құрал­ған делегациялар Қытайдың эконо­ми­калық тұр­ғыда дамыған қалаларында іссапарларда жиі болса, ол тараптан да дүркін-дүркін бизнес өкілдері Астана мен Алматыға жиі қатынайтын болды. Алматыда «Doing business with Qingdao. Инвестициялық ынты­мақтастық: Қазақстан және Қытай» бизнес-семинары өтіп, оған Алматы қаласы мен Циндао қаласының ірі кәсіпорындарының жетекшілері мен екі елдің сыртқы саяси мекемелерінің өкілдері қатысты. Шындап келгенде, жо­ға­ры­да­ғы «Бір белдеу – бір жол» бір­­­лескен бағдарламасы ХХІ ға­­­сыр­дағы ең ірі жобалар­дың бірі саналады. «Жібек жолы­ның экономикалық белдеуі» Еуразия­дағы инфрақұрылымды дамы­туға арнал­ған. Тіпті, қазіргі таң­да Қытай­дың өзі бірқатар ішкі күр­делі мәселелерін «Жібек жо­лы» бағдарламасы аясында шешіп отыр. Осы елге аталмыш бағдарлама аясында жолымыз түскен кезде де Қытайдың шығыс экономикалық аймағы өндірістік жағынан өте дамығанын, экспортқа бағыт­талғанына куә болғанбыз. Егер жоғарыдағы жоба жүзеге асатын болса, Индонезиядан Польша­ға дейінгі Еуразия аймағы үл­кен өзгеріске ұшырайды. Сондай-ақ, саяси сарапшылар да мұн­дай жағдайда Орталық Азия мем­лекеттері жаһандық эконо­микалық аумақтағы шеткі аймақ­тардың бірінен орталық да­­мы­­ған аймақтардың біріне айна­латы­нын болжап, біліп отыр. Мұндай жағдайда қанша жерден дамыса да, Қытайдың сонау қиырында жатқан Циндао қа­ласына да бүкіл Орталық Азияны басып өтіп, Батыс Еуропаға дейін қол созғысы келсе, онда «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасының шын мәнінде жүзеге асуы ғана сеп­тесе алмақ. Ал оған дейін «Алматы-Цин­дао» бизнес-семинарына Циндао қаласының Халық өкіл­дері жиыны (парламент) тұрақты ко­митетінің төрағасы, яғни қала ба­с­шысы Ван Вэньхуа бастаған ірі циндаолық компаниялардың басшылары келгенін айтуға болады. Ал Циндао Қытайдың логистикалық тұрғы­да қа­рыш­таған экономикалық орталық­тарының бірі, танымал туристік қала екендігін ескерсек, бұл келіс­тің қазақстандық іскерлер үшін де маңызы аз емес. Біздің тараптан жиынға «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер па­лата­сының өкілдері қатыс­ты. Сол сияқты бірқатар бизнес-сарап­­шылар мен алматылық кәсіп­орындардың жетекшілері болды. Форум барысында «Қазақстан инвес­тициялық ынтымақтас­тық агенттігінің» бас директоры Айдын Байеділов: – Мұнан әрі қарайғы ынты­мақ­­тастықта біз­дің мем­лекет­те­ріміздің іскерлік бай­­­­ланыс­та­рының мүмкіндігі аса зор болса да, әлі де жоғары деңгейде емес. Мұның бір се­бебі, Қытайдың әлеуетті инвесторлары үшін, әсі­ресе, Қытай провинциялары­нан келген бизнесмендерге арнал­ған Қазақстан өңірлерінің экономикалық әлеуетінің толық картинасы жоқ, – деді. Байеділовтің айтуынша, бел­сенді қарым-қатынастар ел­дің Қазақстан мен Қытайдың шек­тесетін аумағымен, яки болмаса шикізат секторымен ғана шектеліп отыр. Айдын Байеділов форумды қорытындылай келе, Қазақстан мен Қытай кәсіпкерлігін дамыту институтын ашу туралы жоба 2017 жылы жүзеге асырылатындығын атады. Оның айтуынша, бұл жоба бұрынғыдай түрлі қорлар мен қауымдастықтардың қызметін қайталамайды. Яғни, зерттеу инс­титуты болады. Болашақта бұл институт жасайтын қолданбалы құрылым қазақстандық және қытайлық кәсіпкерлердің қойын-қолтық жұмыс істеуде кетіп жатқан олқылықтардың орнын толтырып, бизнесті жүргізу мәдениетін жолға қойып, өзара түсіністікке жол ашпақ. Аталмыш институт Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төра­ғасы Си Цзиньпин көздеген мін­деттер аясында жүзеге аспақ. Осы­лайша бүгінгі таңда елімізде жүргізіліп жатқан «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қытайдың «Бір жол – бір белдеу» стратегиялық бағдарламасы өзінің өзектілігін көрсетіп отыр. Бұдан шығатын қорытынды, екі мемлекеттің іскерлері келешекте аталмыш екі жобаны бірі­ге отырып еңсерсе, онда Ұлы Жі­бек жолының бойында бұрын-соңды болмаған жетістіктерге қол жеткізуге болатындығын біледі. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ