• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2011

Ана – ұлт тәрбиесі

764 рет
көрсетілді

Қазақстан әйелдерінің съезі Тәуелсіздіктің 20 жылдығы алдында ғана емес, халықаралық әйелдер мерекесінің де қар­саңында өткізіліп отырғандығы өте айта­р­лықтай мәселе. Өйт­кені, Қазақстаны­мыздың демократиялық, за­йыр­лы, құқықтық және әлеу­меттік мемлекетке айналуында әйел­деріміздің рөлі ерекше зор. «Ата ұлды тәрбиелейді, ана ұлтты тәр­биелейді» дейді қазақ халқы. Сондықтан, Қа­зақстан тәуелсiздiгi жылдарындағы мемлекеттік гендерлік саясат осы тарихи ұлттық сана-сезімді және салт-дәстүрді қамти отырып жүзеге асырылды. Иә, мемлекеттің отбасы, әйел мен бала жөнін­дегі саясаты, ең алдымен, әйелдердің қоғамдағы рөлінен оларға деген мемлекеттің қамқорлы­ғынан басталады десек, өткен жылы ғана 15 жылдығын атап өткен Қазақстан Рес­пуб­ликасы Конституциясының 27 бабында «неке мен от­ба­сы, ана мен әке және бала мем­лекеттің қорғауын­да болады» деп баса көрсетілген. Ал әрбір отбасының арқауы болып табылатын – тұрғын үй, денсаулық, білім, жұмыс мәселе­лері мемлекеттің назарынан еш­қашан тыс қалған емес, Елбасы­ның Қазақстан халқына арналған жолдауларында да бұл мәселелер өз орнын тауып, шешіліп жатты. Мысалы, жас қазақстандықтарға әлемнің үздік жоғары оқу орын­дарында білім алуына жол ашқан «Болашақ» бағ­дарламасы егемен­ді­гі­міздің ал­ғаш­қы қиын жыл­дарында басталса, балаларды мектепке дейінгі тәр­биемен толығы­мен қамтуға бағытталған «Балапан» бағдар­ла­ма­сы бүгінде іске асырылуда. «Нұр Отан» партиясының XIII съезінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы алғаш рет тұрғындар арасында «Самұрық-Қазына» қоры­на кіретін ұлттық компаниялар акция­ларын орналастыру бағдарламасын жасауды тап­сырды. Бұл – қарапайым қазақста­ндықтар­дың әл-ауқатын арттыруға әрі олардың фи­нанс­тық құралдармен жа­ңа­ша жұ­мыс істеп, қара­жа­тын кө­бейтуге арнал­ған, сон­дай-ақ, өз елінің ірі кә­сіпорындарына тікелей қа­тыстылығын көр­се­те­тін озық үлгі. Сон­дай-ақ, бұл салада Үкі­мет та­рапынан жасалып жатқан шаралар да аз емес, әсі­ресе, Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қор­ғау, Ден­сау­лық сақтау және Эко­но­микалық даму жә­не сауда министр­ліктері үлкен жұмыс­тар атқару­да. Осы аталмыш министрліктерді әйел адам­дардың бас­қаруының өзі – елімізде гендерлік сая­сат­тың дұрыс жолда екенінің айқын айғағы. Бұл орайда, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Прези­денті­нің жанын­дағы Әйелдер істері және отба­сы­лық-демогра­фиялық саясат жө­нін­дегі ұлт­тық комиссияның жемісті қыз­метін де атап өту қажет. Елімізде «Ерлер мен әйелдердің тең құқық­тарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» екі маңызды заңдардың қабылдануы Конс­титу­циямызда көрсетілген заң мен соттың ал­дындағы жаппай теңдіктің ұлттық заңдар ар­қылы жүзеге асырылуының белгісі. Аталмыш заңда мемлекет пен қоғам өмірі­нің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қам­тамасыз ету айтылса, ал 2006-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдік стратегиясына сәйкес әйелдердің шешімдер қабылдау деңгейіндегі өкілдігін 30%-ға жеткізу көзделген. Бірақ, осы қағидаларды іске асыру және орындау барысында біз, әйелдер қауымы, сол межеге байыпты, тұрақты әрі сындарлы саясат арқылы келуіміз керек. Яғни, біз өзімізге әрдайым сын көзбен қарай отырып, сол бәсекелестік ортада қойылатын талаптардың бәріне – білім жағынан, кәсіби және ұйымдас­тырушылық қабілеті жағынан толығымен сай келуіміз керек. Сонда ғана, біз Қазақстаны­мыздың мемлекеттік, экономикалық, саяси және құқықтық дамуында өз рөлімізді шынайы арттыра аламыз. Меніңше, бұл жерде басты мақсат – жастарымыздың білімін жоғарғы деңгейге қою, интеллектуалды ұлт қалып­тастыру. Әрине, біз, әйелдер қауымы, елімізде болып жатқан саяси мәселелерден тыс тұра алмай­мыз, өйткені, Қазақстанымыздың ертеңі – отба­сы­мыздың, ұрпағымыздың – болашағы. Ол бола­шаққа біз кіммен бірге аяқ басып, кіммен бірге аттанатынымыз - өмірлік маңызы бар мәселе. Міне, осы және басқа да маңызды мә­селелердің барлығы әйелдер съезінде тал­қыланып, оң баға беріліп, кең байтақ Қа­зақстанымыздың түк­пір-түкпірінен келген әйел аза­мат­тары­мыз өздерімен бір­ге жаңа екпін, жа­ңа бастама алып, елі­міздің игілігі мен Қа­зақстаны­мыз­дың тұрақтылығы үшін эко­номика­мыз­да, әлеуметтік салада, ғы­­лым мен білімде жә­не мәдениетте үл­кен жетістіктер көр­се­тіп қуантары сөзсіз. Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА, Конституциялық Кеңес мүшесі.