Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен палатаның кезекті жалпы отырысы өтті.
Онда бірінші мәселе болып Париж келісімін ратификациялау туралы Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы қаралды. Заң жобасы туралы баяндаған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев 2015 жылғы 12 желтоқсанда Париж қаласында қол қойылған келісімнің маңызы туралы қысқаша ақпарат беріп өтті. Бұл келісім әлемдік климаттың өзгеруіне алаңдаушылық білдірген БҰҰ бастамасымен жасалған екен. Қазақстан оған 2016 жылғы 2 тамызда қол қойыпты. Үстіміздегі жылдың 5 қазанында күшіне енген бұл келісімді бүгінгі күні ауаға шығаратын жылу шығарылымдары 60 пайыздан асатын 86 ел ратификациялаған. Келісімнің негізгі бағыты – жаһандық орташа температура өсімін 2 градустан төменірек деңгейде ұстау. Ол үшін парниктік газдардың қолайсыз әсерлерін азайту және көміртекті дамуды төмендететін «жасыл» экономикаға қаржы тарту. Бұлар қазір барынша өткір, өзекті ғаламдық мәселелер болып отырғандықтан, БҰҰ оған қатты алаңдаушылық білдіруде екен.
Баяндама аяқталған соң сұрақтар беру рәсімі басталды. Алғашқы сұрақты сенатор Бірғаным Әйтімова қойып, қайталанатын энергия көздерін жаңғырту секторына инвестиция тарту мәселелерінің қалай жүргізіліп жатқанын сұрады.
Министр оған үстіміздегі жылдың 9 айында қайталанатын энергия көздерінің өсімі 177 пайыз болғанын атап өтті. Қазір елімізде осындай 48 энергия көзі жұмыс істейді екен. Олардың өндіріп жатқан энергиясы 258 МГвт-қа тең. 2015 жылы 14 жоба іске асырылса, биыл 9 жоба іске қосылады, деді министр.
Екінші сұрақ қойған сенатор Қуаныш Айтаханов электр энергиясын өндіруде атмосфераға ең үлкен зияндық қалдықтар шығаратын жылу электр стансалары екендігін айта келіп, Балқашта Жылу электр стансасын жасаймыз деген бір жоба қолға алынған еді, соның бүгінгі жайы не болды?
Ол іске қосылса Қазақстанда электр қуатын өндіру мәселесі Париж келісімінің талаптарына қайшы келеді емес пе, деп сұрады. Екінші сұрағында ол қоршаған ортаны қорғау ведомствосын климатты барынша ластайтын министрліктің қарамағына қосып жібергендік сіздіңше дұрыс па деп министр Қ.Бозымбаевтың өзіне тікелей тиетін мәселені қозғады. Алғашқы сұраққа министр Балқаш ЖЭС-і туралы тек жазбаша ғана ақпарат бере алатындығын айтты. Өйткені, бұл мәселеде менің сөздерім корейлік әріптестердің мүдделеріне теріс әсерін тигізуі мүмкін. Бұл мәселе туралы бүгінгі күні «Самұрық» пен «Самсунг» арасында қызу талқылаулар жүріп жатыр, деді ол. Ал екінші сұрақтағы мәселені шешу өзінің құзіретіне жатпайтындығын айтып жауап берді.
Заң жобасы бойынша қосымша баяндаманы Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Сергей Плотников жасап, қабылданғалы жатқан құжаттың маңыздылығын атап өте келіп, климат жөніндегі Париж келісіміне сәйкес барлық қатысушылар 2020 жылдан бастап, әр бес жыл сайын ауаға зиянды шығарындыларды азайту жөніндегі өздерінің ұлттық міндеттемелерін көрсетуі тиіс екенін айтты. Осылайша бұл климаттық келісім көміртегі төмен отындарды дамыту және әлемдік экономиканы көміртексіздендіруге көшіру жөніндегі жаһандық саясатты жүргізудің басы болып табылады, деді сенатор.
Талқылауда пікір білдірген сенатор Серік Біләлов Париж келісімі орта және ұзақ мерзімді келешекте «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен Қазақстан Республикасының «жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдамасы секілді қолданыстағы стратегиялық құжаттар аясында іске асырылатын болады, деді. Сөйтіп, ратификациялау туралы заң бірауыздан қабылданды.
Келесі мәселемен отырыс Қазақстан мен Ресей Үкіметтерінің арасындағы Қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенция шеңберінде Қазақстан Ресейдің уәкілетті органдары берген резиденттікті растайтын ресми құжаттарды тану тәртібі туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялады.
Бұл құжат резиденттікті растайтын ресми құжаттарды танудың оңайлатылған тәртібін белгілейді. Оның қолданылуы екі мемлекеттің резиденттеріне арналған салық рәсімдерін жеңілдетуге және инвестициялық климаттың жақсаруына ықпал етеді. Заң жобасы туралы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндап, соңынан сенаторлардың сұрақтарына жауап берді. Ал Сенат тарапынан Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ольга Перепечина қосымша баяндама жасады.
Талқылауда сөйлеген сенатор Ертарғын Астаев қабылданғалы отырған құжаттың маңыздылығына тоқталып, келісімге сәйкес әрбір тараптың уәкілетті органы берген құжаттар екінші тараптың аумағында қандай да бір арнайы куәландырусыз қабылданатындығымен резиденттерге жеңіл болатынын атап өтті.
Отырыс соңынан сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жария етті.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»