Ақтөбеде гір спортынан әлем біріншілігі өтіп жатыр. Жарысқа әлемнің 37 елінен 440 спортшы қатысады. Олардың арасында Ресей, АҚШ, Англия, Германия, Австралия, Үндістен және Оңтүстік Африка сияқты елдер бар.
Әлем чемпионатының ашылу салтанатында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев: «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында әлемдік деңгейдегі спорт жарысын өткізу өңір үшін үлкен құрмет. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан спортта да бедерлі биіктен көрініп жүр. Елбасының саясатының арқасында спорт елімізде әрқашан басымдыққа ие болып келеді», - деді.
Әлем біріншілігіне дайындық штабының жетекшісі Владимир Коренковтың айтуынша, жарыс өтеттін «Қоныс» спорт сарайы жөндеуден өткізілген. Біріншілікті өткізуге облыстың оннан астам ірі кәсіпорындары демеушілік көрсеткен. Бір ғана Ақтөбе облысынан жарысқа 18 спортшы қатысады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»