«Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-тың құрамына кіретін қазақстандық «Гидроприбор» ҒЗИ» алғаш рет ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің арнайы мақсаттағы бөлімшелеріне мобильді сүңгуір кешенін жеткізіп беруді жүзеге асырады, деп хабарлайды egemen.kz Қорғаныс министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Аталмыш кешен Каспий теңізінің суасты айдынын күзету үшін арналған. Қазіргі уақытта ғылыми-зерттеу институты осы жабдықты әскери теңізшілерге тапсыру жөнінде тиісті сынамалар жүргізуде. Жауынгерлік тапсырмаларды орындаумен қатар жаңа мобильді сүңгуір кешені жабдықталмаған жағалау жағдайларында сүңгуірлердің жаттығу тұрғысындағы шөгуін қамтамасыз етеді. Оның құрамына сүңгуірлік түсулерді қамтамасыз ету құралдары бар модуль, ашық және тұйықтаулы үлгідегі тыныс алу аппараттары мен теңізде жұмыс жасауға арналған арнайы қайық кіреді. Жеткізілетін кешен жоғары өтімді КАМАЗ автомобилінің базасында орналастырылған. Аталған техника жүк автомобильдері мен арнайы техниканы жинау бойынша мамандандырылған «КАМАЗ инжиниринг» АҚ бірлескен қазақстандық-ресейлік өндірушіден сатып алынды. Жеткізіліп берілетін кешен ҚР ҚМ ӘТК бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілеттілігін арттырады.