• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
28 Қазан, 2016

И. Тасмағамбетов Универсиада-2017 нысандарын тексерді

226 рет
көрсетілді

Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары, 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада-2017 Ұйымдастыру комитетінің төрағасы Иманғали Тасмағамбетов алдағы Халықаралық студенттік сайыстардың өткізілуіне Алматы қаласы мен Алматы облысындағы нысандардың әзірлігін тексерді, деп хабарлайды egemen.kz primeminister.kz - ке сілтеме жасап. Көшпелі кеңес барысында И. Тасмағамбетов Алматыдағы Медеу ауданында орналасқан 3 мың орындық «Халық Арена» спорт кешеніне, Универсиада өтетін Атлетикалық қалашыққа, «Алматы Арена» мұз айдыны сарайына, «Сұңқар» ХШТК, «Медеу» мұз айдынына және «Шымбұлақ» тау шаңғы курортына барды. Сонымен қатар, «Табаған» спорт-сауықтыру кешені мен «Алатау» шаңғы биатлон кешенінің дайындық барысымен танысты. Вице-премьер спорттық сайыстарға объектілердің дайындық қарқынына көңілі толатындығын білдіріп, бірқатар нақты тапсырмалар берді. И. Тасмағамбетов іс-шараны өткізу және сайыс қатысушыларын қабылдау аясында қала инфрақұрылымының әзірлігін қамтамасыз ету қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ, Универсиада қонақтарының қауіпсіз және жайлы орналасуына барлық жағдайды жасау қажеттігіне баса назар аударды.  «Универсиаданың басталуына аз ғана уақыт қалды. Барлық кезеңдегі жұмыстар жоғары деңгейде жүріп жатыр. Инфрақұрылым, қатысушыларды және қонақтарды қабылдауға байланысты ұйымдастыру мәселелеріне баса назар аудару қажет. Сонымен қатар, қауіпсіздік, энергетикалық жеткіліктілік пен көлік жүктемесін қоса есептегенде, халықаралық іс-шараның кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге қалалық қызметтердің толық әзір болуы өте маңызды. Ең бастысы, Алматыға ағылатын қонақтардың көптігін және спортшылардың, жаттықтырушылар штабы мен тілшілердің сайыс өтетін орынға және қонақжайларға барып-келуін есепке алғанда, бұл қала тұрғындары үшін қолайсыздық туғызбауы тиіс», - деп атап өтті И. Тасмағамбетов.