«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Қанат Алпысбаев бастаған делегация Таллиндегі Достастыққа қатысушы елдердің Темір жол әкімшілігі кеңесінің 65-отырысына қатысты, деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың баспасөз қызметі.
Таллинге Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Украина темір жол әкімшіліктерінің басшылары мен Кеңестің қауымдастық мүшелері – Болгария, Грузия, Латвия, Финляндия темір жол әкімшіліктерінің басшылары да қатысты.
Отырыста Кеңестің 64-отырысы шешімдерінің орындалу нәтижесі мен темір жолдарды пайдаланудың 2016 жылғы тоғыз айының қорытындысы қаралды. Оның ішінде, пойыздардың қозғалыс кестесі, жүк пойыздарын және халықаралық бағдардағы контейнерлік вагондарды жасақтау жоспары, жүк вагондары тізімін жасау, контейнерлік вагондардың мамыр – қыркүйек айларындағы тізімдерін түзудің алдын ала қорытындысын шығару жұмыстары талқыланды.
Сонымен қатар, қатысушылар 2016 жылдың тоғыз айындағы темір жол әкімшіліктері арасындағы өзара есеп айырысу туралы ақпараттармен алмасты. Темір жол көлігін тоқтаусыз жүргізу, Достастыққа қатысушы елдер арасындағы темір жолдармен жолаушы және жүк пойыздарының кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етуге қатысты ондаған мәселе қаралып, келісілді.
Отырыста ТМД елдері темір жол желілеріндегі биылғы тоғыз айда жүк тиеу жоспары өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 8, 3 млн тоннаға артығымен орындалғаны көлденең тартылды. Тиелген жүктердің жалпы көлемі 1 млрд тоннаға жеткізілген, ал жүк айналымы 0,6%-ға өскен. Міндеттемесін асыра орындаған темір жол әкімшіліктерінің ішінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ та бар. Ол міндеттемесін 2 пайызға асыра орындады.
Биылғы жылдың тоғыз айында жүктерді контейнерлік тасымалдау жоспары өткен жылмен салыстырғанда 1,7 миллион тоннаға артығымен орындалды. Ал мемлекетаралық түйісу нүктелеріндегі қабылданбаған жүк вагондарының жалпы көлемі 21%-ға азайды. Отырыста 2016-2017 жылдардағы халықаралық вагон ағымдарын реттеу уақыты пойыздардың 2016 жылғы 11 желтоқсандағы жүру кестесімен сәйкестендірілді.
Таллинде «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Қ.Алпысбаев «Ресей темір жолдары» ААҚ президенті О.Белозеровпен, Беларусь темір жолының бастығы В.Морозовпен көліктік-логистикалық шараларды бірлесіп ұйымдастыру жайын ақылдасты. Сондай-ақ, базалық контейнерлік қызмет көрсету, қозғалыс жылдамдығын өсірудегі тариф саясаты мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Қ.Алпысбаевтың Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Литва елдері арасындағы жүк тасымалдау көлемін арттыру мақсатында қолайлы жағдайлар жасауға арналған өзара кездесулері өткізілді.
Достастыққа қатысушы елдер Темір жол әкімшіліктері кеңесінің 66-отырысын 2017 жылғы мамырда Ресейде өткізу келісілді.