Сенатта «Ревизиялық комиссиялардың жаңа мемлекеттік аудит жүйесіндегі қызметі» күн тәртібі бойынша «Өңір» депутаттық тобының отырысы болды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
Сенат Төрағасының орынбасары Сергей Громов өзінің кіріспе сөзінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бес институттық реформасын іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында жаңа аудит пен мемлекеттік аппарат жұмысын бағалау жүйесін енгізу көзделгенін атап өтті.
С. Громовтың айтуынша, бақылаудың бұрынғы жүйесі мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың талаптарына сай келмеді, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін тәуелсіз бағалау болған жоқ.
Төраға орынбасары жаңа заңда мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау ұғымдарын, оның қағидаттарын, міндеттері мен құралдары айқындалғанын, бұрынғы жүйедегі кедергілер жойылғанын атап өтті.
Сенатор Ольга Перепечина өзінің баяндамасында «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңды жоғары деңгейде іске асыруға кедергі келтіріп отырған мәселелер мен осы саладағы заңнаманы келешекте одан әрі жетілдіруге жан-жақты тоқталды.
Сенатор қызмет және кәсіби этика бұзылған жағдайда, дәйексіз аудиторлық есеп әзірлеу немесе тәртіп бұзушылық деректерін жасыру, сондай-ақ, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарын бірнеше мәрте бұзу орын алған болса, мемлекеттік аудитордың сертификатын Ұлттық сертификаттау комиссиясынан алдыру рәсімін реттейтін ережені заңға енгізу қажет деп санайды.
Аймақтардағы ревизиялық комиссиялардың қызметі туралы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Александр Горяинов пен Қарағанды облысының ревизиялық комиссиясының төрағасы Серік Өтешов хабардар етті. Парламент Сенатының депутаттары Рашит Ахметов, Серік Ақылбай, Төлеубек Мұқашев, Асхат Күзеков, Бекмырза Еламанов, сондай-ақ, облыстық ревизия комиссияларының өкілдері пікірсайысқа қатысты.