• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Қараша, 2016

Кенен атындағы конкурс

460 рет
көрсетілді

талай таланттың тұсауын кесті Қазақтың өнер әлеміндегі Алатаудай асқақ ақын, кербез композитор Кенен Әзірбаевтың кейінгі ұрпаққа қалдырған өлмес мұрасы мен өшпес өнегесі Тараз төрінде тағы бір паш етілді. Нақтырақ айтсақ, Жамбыл об­лыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Кенен Әзір­баев атындағы «Шырқа, даусым!» атты VIII республикалық әншілер конкурсы Әулиеата аспанын ән-жырға бөледі. Өскелең ұрпақты К.Әзір­баевтың шығармашы­лығымен тереңірек таныстырып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді және дәстүрлі орындаушылық өнерді жан-жақты насихаттау, сондай-ақ, дарынды жастардың орындаушылық шеберлігін шыңдап, көпшілікке кеңінен танылуына мүмкіндік жасауды басты мақсат тұтқан бұл ән конкурсына биыл дарқан даламыздың Астана, Алматы қалаларынан және Ақмола, Ал­маты, Қызылорда, Шығыс Қа­зақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жам­был облыстарынан барлығы 22 ән­ші мен өнер майталмандары қатысты. Жалпы алғанда, Кенен Әзір­баев атындағы «Шырқа, даусым!» атты республикалық әншілер конкурсы дәстүрлі түрде екі жылда бір рет өткізіліп келеді. Ауқымы кең бұл байқаудың жүлдегерлері қазіргі таңда үлкен сахналардың саңлағына айналып, халықтың жүрегінен орын алған. Рамазан Стамғазиев, Шолпан Даржанова, Ардақ Балажанова, Саят Медеуов, Оңал Азаматова сынды елімізге танымал өнер майталмандары қазылық еткен бұл конкурста алматылық Данияр Рахымбаевтың бағы жанып, бас жүлдені жеңіп алды. Сөйтіп, ол Кенен ата ұрпақтары атынан тігілген темір тұлпарды жеңімпаздың қанжығасына байлады. Ал тағы бір Жетісу дәстүрлі ән мектебінің өкілі Қайратбек Бектұрсын жүлделі бірінші (700 мың теңге) орынға лайық деп табылса, Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Құрбанәлі Мұхаммед екінші орын (500 мың) биігінен көрінді. Елордалық Айдос Оңғарбай үшінші орынды (300 мың) жеңіп алды. Төрткен Кененқызы атындағы арнайы сыйлықты алматылық жас әнші Айдана Асанбай иеленсе, басқа да өне­рімен ерекше көзге түскен үш қатысушыға ынталандыру жүл­десі берілді. Әрине, жамбылдық ағайын­­дардың қазақ елінің мақ­та­нышы болып келе жатқан пер­зент­тің есімін ардақтап, ұл­ты­мызға қал­дырған ұлағатын ұлықтап жатқаны өнерімізге, тари­хымызға жасалған құрмет екені анық. Ендеше, кең даланың бозторғайы атанған Кенен Әзір­баев атындағы ән конкурсы әлі талай таланттың тұсауын кесіп, Әулиеата төрін ән-жырға бөлей беретіні сөзсіз. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» ТАРАЗ Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН