• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2011

Даралықты мойындап, даналыққа жүгіну

365 рет
көрсетілді

Қалай десек те, қазақ кинематографиясында ілгерілеу бар. Кино жанрларының ішінде деректі фильмдер түсіруде кенжелеп жүргеніміз де жиі айтылатын. Алайда, бұл жоқтың орны да толып келеді. Оның айғағы –Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылған «Қазақстанның жаңа деректі фильмдері» фестивалі. Соңғы жылдары көп жанрлы киноленталар ғана түсіріліп қоймай, жыл сайын мәдениет, ғылым саласын қамтитын 40-қа жуық деректі фильм­дер де өмірге келіп жатқаны белгілі. Осы­лайша Алматыда Шәкен Айманов атындағы «Қазақ­фильм» киностудиясы ұйымдастырған, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған деректі фильмдер фестивалі сәтті аяқталды. Атал­мыш фестиваль режиссер Қазбек Әмір­жанов­тың «Өмір – дастан» атты туын­ды­сымен тәмамдалды. «Өмір – дастан» Қазақстанның ха­лық артисі, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты, тағылымды актер Сә­бит Ораз­­баевтың өмір жолына арналған. Алдымен 1-7 наурыз аралығында «Цезарь» кинотеатрында өткен фес­ти­валь­дің әрбір деректі фильмінің қа­һар­маны – елге танымал, халыққа қалт­қы­сыз қызмет еткен аяулы жандар екенін айта кетуге болады. Олар: «Қорқыт – күй тарихы», «Мұхтар Әуезов», «Нұр­­мұ­хан Жантөрин», «Әбіш Кекіл­баев­тың әлемі», «Төре­гелді Шарманов», «Өмір – дас­тан», «Бибігүл Төлегенова» туындылары. – Өнерімен елге танылған адамдар жайлы талай деректі туындылар жаса­сақ та, кейін оның біразын таппай қал­дық. Егемен ел болған кезімізде жаса­лынып жатқан осы шараларға риза­мын! Басында фильмге түсуге түрлі себептерге байланысты аса ықы­ласты болмап едім. Кейін түсіру тобы да, театр ұжымы да қуаттап, бұл істің қа­жеттігін айтып түсіндіргеннен кейін көндім. Мұнда менің жас кезім, жүріп өткен жолым, туған жерім, қара ша­ңы­рағым – Әуезов театры, өнердегі әріп­­те­с­терім, яғни өмір белестерім бар. Тәп-тәуір дүние туды, – дейді тұлғалы актер. Ақиқатында қарап отырсақ, соңғы уақытта талай танымал талант иелерінен көз жазып қалған екенбіз. Тек бі­рер айдың көлемінде Хадиша Бө­кеева, Роза Бағланова, Қадыр Мыр­залиев, Әзіл­хан Нұршайықов сынды май­тал­ман­дарымыздан айырылдық. Дәл осын­дай дара тұлғалар жайлы басы-аяғы бүтін, тұщымды деректі туын­ды­лар жеткілікті деп айтуға әсте болмас. Сондықтан да «Қазақфильм» кино­студиясының қазіргі жетекшісі Ермек Аманшаев деректі фильмдер түсіру мәселесіне ден қойып отырса, оның да өз аманаты, жауапкершілігі, қала берді халқымыз үшін де, халыққа қызмет еткендер үшін де сауабы бар. «Өмір – дастанда» сөз алған жан­дардың ойын қорытқанда, даралықты мойындап, даналыққа жүгіну – ауыз­біршілігіміз бен алға жыл­жуымы­з­дың, ұлт болып ұйысуымыздың кепілі екен. Жалпы алғанда, Сәбит Оразбаев жай­лы деректі фильмнің өн бойында көп актерлерде кездесе бермейтін ішкі интеллект, табиғи тектілік ерекше бай­қа­лады. Сәбеңді білемін дейтіндер ал­ды­­мен ак­тердің ішкі мәдениетіне тәнті болып, болмыс-бітімі қара­па­йым бола тұрып та ешкімді қай­та­ла­май­тын та­лан­ты туралы айтады. Кинолентада ауыл­дан жусан иісі еріп шыққан бозбала шағы бейнелі түрде беріліп, түсіру тобы оның туған жеріне саяхат шегеді. Аға­йын-туғанның ортасы­нан үлкен өнерге, театр өнеріне қайта оралады. Сонау Оңтүстік Қазақстан об­лысы­ның шалға­йын­дағы ауылдан шығып, өнердің шау­жайына жар­масқан бұйра шаш­ты, көркем жігіт болмысының да бө­лек­тігімен өз биігіне қалай көтері­л­гені ретімен баян­далады. Десек те, деректі дүниені бізге суреттеп шы­ғу міндет емес. Өйт­кені, «Ш.Айманов атын­дағы «Қазақ­фильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев Орталық Азияда тұңғыш рет ұйымдастырылған фестиваль аясын­да көрсетілген және тәуел­сіз­дік тұ­сында түсірілген деректі фильм­дер алдағы уа­қытта отандық телеарналар арқылы кө­рер­мендерге жол тарта­тынын айтып отыр. Фильм аяқталғаннан кейін дең­гейі биік, талғампаз бірқатар көрер­мен­дердің пікірі төмендегідей болды. Дулат ИСАБЕКОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазу­шы-драматург: – Қалың көрермен Сәбит Ораз­баевтың сахнадағы, кинодағы сом бей­нелері туралы білгенімен, ішкі бол­­мы­сы мен жеке өмірі жайлы біле бер­мейді. Сондықтан бұл деректі фильм ак­тердің өмірбаяны жөнінде мол мағ­лұмат береді. Авторлық мәтін­дер ак­тер­дің сан қы­рын аша білген. Кейбір қайталаулардың болғанына қарамас­тан, бұл туынды актердің өмір жолы туралы мәлі­мет­терге өте бай. Тіпті, көркем фильм көр­гендей әсер­ле­ніп те отырдық. Мұра­ғат­тардан алын­­ған спек­­такльдердің үзін­ділері де жақсы пайдаланылған. Ерлан БІЛӘЛ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер: – Осы деректі фильммен Сәбит Оразбаевтың өнердегі ауқымын, биіктігін, болмысын толық ашып көр­сете алдық деуге болмайды. Бір де­ректі фильм­мен Оразбаевтың әлемі шектелмейді. Ол кісінің әншілігін, театр­дағы рөл­дерін, ізденім­паз­ды­ғын, ісмерлігін жеке-жеке алып та бө­лек-бөлек туын­ды­лар жасай беруге болады. Сон­дық­тан бүгінгі деректі дүниені үлкен жұ­мыс­тардың басы ғана деп есептеймін. Сергей ӘЗІМОВ, «Танарис» ки­но­­­компаниясының директоры, режиссер: – Меніңше, деректі туындының негізгі мақсаты – қай саладағы бол­ма­сын ірі тұлғаларды түсіріп, олар­дың ісін мәң­гілік ету, кейінгілерге мұраға қал­дыру. Сол себептен, әри­не, бүгін та­ма­шалаған фильмнің өмір­де өз ор­ны бар. Мен кинематография сала­сын­­­да, оның ішінде деректі дүниелер жасауда 30 жылдан астам жұмыс істеп келемін. Кейде ұлы тұлғалар, өнер қай­­рат­кер­лері, әдебиет май­талман­да­ры жайлы ма­териалдар жи­настыр­ған­да ресми жи­­налыстар, мерейтойлар мен марапат сәттері пайдаланы­лып жата­ды. Ал «Өмір – дастанда» Сәбит Ораз­баев­тың ой­лары, еңбегі, өмір жо­лы, шы­ғар­ма­шы­лығы ашып көр­се­­т­іл­ген. Мол әсер ал­дым. Бұл оны жа­сау­шы топ­тың деректі фильмнің құн­ды­лығы Сәбит Оразбаев секілді тұл­ға­ның жан дүниесін ашуға ұмтылғаны. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.