Le Parisien басылымының тапсырысы бойынша Францияның келесі президенті лауазымынан үміткерлер туралы жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтиежелері елде үлкен сенсация туғызып отыр.
Өйткені, өткен демалыс күндері жүргізілген сауалнама бойынша халықтың 23 пайызының «Ұлттық майдан» атты ультраоңшылдар жетекшісі Марина Ле Пенге дауыс беретіні белгілі болған. Ал қазіргі президент Николя Саркози 21 пайыз ғана дауыс жинаған. Мария Ле Пен ультраоңшылдардың негізін қалаушы Жан-Мари Ле Пеннің қызы болып табылады. Айта кету керек, Францияда кезекті президент сайлауы 2012 жылдың көктемінде өтеді.
Трибунал өз жұмысын жалғастырады
АҚШ президенті Гуантанамодағы америкалық әскери базадағы әскери трибуналдың жұмысын қайта бастау қажеттігіне қолдау білдірген.
Бұл түрмеде АҚШ-қа қарсы террорлық әрекеттер жүргізді деп айыпталғандардың қамауда отырғаны белгілі. Б.Обаманың айтуынша, әскери сот жұмысын бастау жөніндегі өкім белгісіз мерзімге сотталғандарға қатысты болмақ. Америка үшін қаншалықты қауіп туғызатынын анықтау үшін олардың істері ауық-ауық қаралып тұратын болады. Сонымен бірге, АҚШ президенті Ақ үйдің терроршыларға қарсы істі азаматтық соттардың қарауы үшін күрес жүргізе беретінін және бұрынғысынша Гуантанамоны жаппақ ниеті бар екенін де жеткізген.
Каирдегі дінаралық қақтығыс
Египеттің астанасы Каирде мұсылмандар мен христиан-коптылардың арасындағы дау-жанжалға байланысты туындаған жаппай тәртіпсіздіктер одан әрі жалғасуда.
2 мыңға жуық христиан-коптылар ірі автомагистралды жауып тастап, автомәшинелерге тас лақтырған. Туындаған тәртіпсіздіктер салдарынан бір адам қаза тауып, оннан астам адам жарақат алған көрінеді. Египеттегі христиандар қауымдастығы ел халқының 10 пайызын немесе 8 миллион адамды құрайды. Елде мұсылмандар мен христиандар арасындағы қатығыстар жиі орын алып тұрады.
Жапонияда ірі жер сілкінісі болды
Сәрсенбі күні Жапонияда 7,2 баллдық жер сілкінісі болып, абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген.
Ғимараттар мен инфрақұрылымдардың зақымдануы да анықталмаған. Сол сияқты апаттың негізгі соққысына ұшыраған Мияги префектурасындағы атом электр стансасының жұмысы да тоқтаған жоқ. Дегенмен, зілзала көлік қозғалысында едәуір кідірістер тудырған. Жапония метеорологиялық қызметінің мәліметтері бойынша, жер сілкінісінің ошағы Тынық мұхитында 10 километр тереңдікте болған. Цунами қатеріне байланысты тұрғындарға теңіз жағалауына жақындауға тыйым салынып отыр.