• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2011

Жалаға жол жоқ

400 рет
көрсетілді

Кеше Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахмановтың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері­мен дәстүрлі апталық брифингі болып өтті. Онда еліміздің сыртқы саясатында таяуда жүзеге асырылатын шаралар туралы ақпарат берілді. Брифингте 17 наурызда Қа­зақстан Республикасының Пре­зиденті Н.Назарбаевтың Ресей Федерациясының астанасы Мәс­кеуге жұмыс сапарын жасай­тыны айтылды.  Көршілес мемлекет басшылығымен өтетін келіс­сөз­дер барысында тараптар Қа­зақ­стан мен Ресей арасындағы екіжақты және көпжақты пішіндегі ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылайды деп күтілуде. Ресми өкіл, сондай-ақ 17 нау­рызда Астанада Шанхай ынты­мақтастық ұйымына (ШЫҰ) Қа­зақстанның төрағалығы шеңбе­рін­де ұйымға мүше мемлекеттер қорғаныс министрлерінің кезекті кеңесі өтетінін атап көрсетті. Жиынға ШЫҰ Хатшылығының және Аймақтық терроризмге қар­сы құрылымның басшылары қа­ты­сатын болады. Алдағы отырыс барысында халықаралық және аймақтық қауіпсіздік мәсе­ле­ле­рін, ШЫҰ-ға мүше мемлекет­тер­дің қорғаныс ведомстволары арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамыту жолдарын тал­қылау жоспарланған. Брифинг барысында журналистер тарапынан ресми өкілге Қазақстан мен Қытай арасындағы «құпия келісімдерге» қатысты сұрақ қойылды. Оған Асқар Абдрахманов  былай жауап қай­тар­ды: «Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мен Интернетте та­ра­тылып отырған Қазақстан жағы Қытай тарабымен «әскерлерді енгізу» мен «жерді жалға беру» жөнінде жасырын келіссөздер жасапты-мыс деген сөздерге байланысты министрлік аталған ақпараттың шындыққа мүлдем жанаспайтындығын ресми түрде мәлімдейді. Осы тектес ақпарат­тың таратылуы қоғамдық пікірге белгілі бір мақсатпен теріс ықпал етуді және арандатуды көз­дейді. Біз БАҚ өкілдерін мұндай ақпарат көздері мен осындай жалған мәліметтерді жариялауда аса жауапкершілік пен ұстам­ды­лық танытуға шақырамыз. Президент сапарының барысында Қазақстан мен Қытай арасында қол қойылған құжаттардың толық тізімімен министрліктің веб-сайтында танысуға болады». Көрші елге таяудағы ресми сапар барысында қандай құжат­тар­ға қол қойылғаны туралы «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде де жан-жақты жазылғанын қаперге салғанды жөн көріп отырмыз. Ол келісімдер екі елдің де мүддесіне сәйкес келеді. Мұны бір десек, екіншіден, мемлекет басшылары деңгейіндегі келіс­сөздер барысында ешқандай да құпиялық болмайтынын ерекше атап көрсеткіміз келеді. Мұндай жалған, шындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ақпарат таратудың өзін сатқын­дықтың ең сорақы түрі деп айыптаған жөн. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам», дейді халық даналығы. Жалаға жол жоқ екендігін Сырт­қы істер министрлігіндегі атал­ған брифинг барысында қай­та­рылған жауап тағы да  көрсетіп беріп отыр. «Егемен-ақпарат».