• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2011

«Шаңырақтың» жиырмасыншы белесі

581 рет
көрсетілді

Жақында Риддердегі «Шаңы­рақ» қазақ мектеп-гимназиясы өзінің 20 жылдық мерейтойын шәкірттер мен ұстаздардың есінде қала­тын­дай мәнді де сәнді атап өтті. Ең алдымен сахна төріне мектеп-гим­назияның директоры Сәуле Шаяхметова шығып, қара шаңырақтың өткені мен бүгіні туралы әсерлі етіп айтып берді. Бір кездері білім алған қазақ, орыс, украин, т.б. ұлт өкілдері білім ордасында бас қосып, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Тіпті, қазақша білім алып, қазір Германияда тұрып жатқан Светлана деген қыз жеделхат жолдап жіберіпті. Шәкірттер ән айтып, би биледі. Алпыс адамдық қыздар және ұлдар хоры ел тәуелсіздігі жайлы ән шырқады. Алғаш тәуелсіздік алған жыл­дары мектеп ұжымының ұйым­дас­тыруымен ұлттық салт-дәс­түр­лерімізді жаңғыртып, ұзақ жыл­дар ұмыт болған Наурыз мерекесі Риддерде тұңғыш рет тойланған болатын. Ол кезде 70 мыңнан астам халық мекендейтін қалада бір­де-бір қазақ мектебі бол­маған. Бұл мектептің іргета­сы­ның қала­ну тарихы да сонау 1989 жылдан басталды, қалада ең алғаш рет «Шаңырақ» қоғамы ретінде заң­ды түрде тіркеліп, 1991 жылы «Шаңырақ» жексенбілік мектебі, 1993 жылдан «Шаңы­рақ» орталау мектебі, 2001 жылдан бастап «Шаңырақ» орта мектебі болды. ШҚО әділет департаменті Риддер қалалық әділет бөлімінің 2007 жылғы 13 сәуірдегі №13 бұй­рығы негізінде «Шаңырақ» көп­салалы мектеп-гимназия» мем­ле­кеттік мекемесі болып құрылды. Қай білім беру ордасы болсын, білім беру үрдісіндегі сан тарау сара жолда мектептің атақ-даң­қын шығаратын директор екені анық. Олай болса мектептің тұң­ғыш директоры, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы, «Нұр Отан» ХДП қалалық саяси кеңесінің мүшесі, Шығыс Қазақстан облысы Қазақ­стан ха­лқы кіші Ассамблеясының мүшесі, Қа­зақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, екі қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырған үлгілі ана – Шаяхметова Сәуле Мәдиқызының еңбек жо­лына тоқ­тала кетсек. Сәуле Мәдиқызы Ресейдің Алтай өлкесіндегі Благовещенск ау­данында 1955 жылы 25 маусымда дүниеге келген. Жастайынан ор­ыс, татар тілдерін еркін меңгеріп, халқымыздың ауыз әдебиет үл­гілерін жатқа біліп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды армандаған екен. Сол балалық ша­ғындағы арманы шынайы ор­ын­далып, 1972 жылы Н.К. Круп­ская атындағы Семей педаго­ги­калық институтының филология факультетіне түсіп, 1976 жылы үздік дипломмен бітірді. Алғаш­қы еңбек жолы 1976-1987 жыл­да­ры Алматы облысы Қапшағай қаласының орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, ал 1987 жылы Риддер қаласы М.Горький атындағы орталау мекте­бінің қазақ тілі мен әдебиеті пә­нінің мұғалімі, содан кейінгі келесі жы­лы Риддер қаласы №2 орта мек­тебінің қазақ тілі мен әде­биеті пәні мұғалімі болып қызмет атқа­рады. 1989 жылы қалада ең алғаш рет «Шаңырақ» қазақ тілі қоғам­дық ұйымын құрды. Ол уа­қытта қала тұрғындарының 4 па­йызы ғана жергілікті ұлт өкілдері бола­тын, осындай ортаға қара­мас­тан, мемлекеттік тілді оқып-үй­ре­ну­де, қазақ халқының салт-дәстү­рін қай­та жаңғыртуда алғашқы ба­тыл қадамдар жасады. 1990-1991 жы­лы «Қазақ тілі» қо­ғамының не­гізінде Сәуле Мә­ди­қызының ұсы­ны­сымен «Шаңы­рақ» жексенбілік мектебі ашыл­д­ы. Бастап­қы­да 35 бала қабыл­данып, қазақ тілін үйрететін топтар ашылуымен бас­талды. Осы жылдары «Шаңы­рақ» қала көле­мінде танылып, өз­ге ұл­ты басым қала қауымы ара­сын­да өз орнын тапты. Яғни, өзге ұлт өкілдерін бұл ортаға тарта біл­ді. Іскерлігінің арқасында алғаш­қы бастамадан бастап-ақ Сәуле Мә­­ди­қызы Қа­зақ­стан Республи­ка­сы «Тіл тура­лы» Заңының ор­ын­­да­луы бары­сын­да қалалық әк­ім­дік­пен және қа­лалық білім беру бө­лімімен ты­ғыз байла­ныс­та жұмыс істеді. 1994 жылы Өс­кемен қаласында өткен аймақтық ғылыми-прак­ти­калық конференцияда Сәуле Шаяхметова «Лениногор қаласын­дағы «Шаңырақ» жексенбілік қа­зақ мектебінде ха­лық педагоги­ка­сын қолданудағы іс-тәжірибе та­қы­ры­бында баяндама жасап, мек­тептің тәжіри­б­е­сі­мен бөлісті. Мектеп жетістігі об­лыстық тіл комитетінде тыңда­лып, тәжірибесі бой­ынша кітапша шығарылып, республика көле­мін­де насихатталды. Ол еңбек­сүйгіш, жоғары мәдениетті, тағы­лымы мол шебер ұстаз. Әрине, мектеп басшысы болу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Педагогикалық қызметіндегі бас­ты қағидасы – жеке тұлғаны шы­ғармашылыққа баули отырып, қазақ халқының мәдениетіне, әде­биетіне және ана тіліне деген сүй­іспеншілігін арттыру. 1990 жыл­дан бастап бүгінгі күнге дейін әр түрлі ұлт өкілдері бар жүздеген оқушылар мектепті табысты аяқ­тады, ең таңдаулы деген шәкірт­тері республикалық, облыстық ол­импиадаларда бірнеше дүркін жүлделі орындарға ие болды. Бү­гінде тілді жетік меңгерген та­лант­­ты да қабілетті түлектерінің қата­рында Марина Бухарина Президент Әкімшілігінің аппаратын­да жұмыс істейді, кезінде Риддер қа­ла­сының әкімшілігінде ішкі саясат бөлімінің бастығы болған Ольга Скоморохинаны, агро­тех­ни­калық кол­ледждегі аудармашы­лар­ды бас­қар­ған Раиса Байтуми­но­ваны, Оль­га Худякованы, Олеся Козыре­ва­ны, Наталья Волкованы, Павел Ко­коринді және т.б. атауға болады. Мектепте Сәуле Мәдиқызы шә­­кірттерінің шығармашылық әлеуе­тінің өсуіне жағдай жасауға көп көңіл аударады. Осы мақсатта құ­рылған тек облыс көлеміне ғана емес, республикаға танымал ұл­дар хоры соның айғағы. 2007 жы­лы ұлдар хоры ШҚО ІV облыс­тық көркемөнерпаздар ұжымдары байқауының дипломанты атағына ие болды. Сәуле Мәдиқызы Ре­сейдің үздіксіз креативті білім бе­ру­дің халықаралық ғылыми орта­лы­ғында «NFTM-ТРИЗ көпдең­гей­лі үздіксіз креативті білім бе­рудің педагогикалық жүйесінің негіздері» курсынан өтіп, өзінің басшылығымен бастауыш сынып­тарда оқушылардың шығармашы­лық ойлауын үздіксіз дамыту әд­іс­­темесін тәжірибеге енгізді. Қа­лалық “Үздік директор” атты бай­қаудың жүлдегері. Оның іс-тә­жі­рибесі қалалық, облыстық, рес­публикалық семинарлар мен ғы­лы­ми-практикалық конференцияларда таратылды. Мұғалімдер С.Қайдарқызы, Р.Байжұмақызы, А.Тушабайқызы, Ж.Қажимолданова, С. Тұрсым­бе­ко­ва, К.Қанапиянова, А.Шаяхметова өздерінің бір әңгімесінде ал­ғашқы мектептің көрінісін еске алып: “Ол кішкене ғана мектеп болатын. Парта, үстел-орын­дық­тар жан-жақтан жиналған, жаза­тын тақта жетіспейді, жөндеу жұ­мыстары жоқ болатын”– дейді. Сол уақыттағы қаладағы белсенді ата-аналар А.Астамбаев, Т.Шишеков, т.б. мектеп ісін жанда­н­ды­руда көп көмек көрсетті. Қазір мұн­да 600-ге тарта оқушы білім алу­да. Оларға 48 мұғалім дәріс беруде. Ұстаздардың 93 пайызы жоғары білімді. 20 жыл ішінде осы мектеп 7-ші рет түлектерін ұшырды. Мектептің материал­дық-техникалық базасы да жыл санап нығайып келеді. 5 әдіс­те­мелік бірлестік жұмыс істейді. 5 интерактивті тақта алынды. Білім берудің ізгілікті жолына көшкен мектепте зерттеуші, пе­да­гогикалық үйлестіруді шебер меңгерген, білікті, жан-жақты білімді ұстаздар баршылық. ХХІ ғасыр бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын ғасыр еке­нін ескерсек, ертеңгі күні ел тізгінін ұстайтын жастарға бәсе­ке­ге қабілетті білім мен саналы тәр­бие беріп келе жатқан білім ордасының ұстаздары жоғары та­лап­қа сай. Дегенмен, мектептің үл­кен жетістіктерге жетуі – әкім­шілік пен мұғалімдер, оқушылар, ата-аналар ұжымы арасындағы ынтымақтастық пен ауызбірліктің арқасы. Сонымен бірге, мектеп қабырғасында тәжірибелі мұға­лім­дерден нені үйренуге бола­ты­ны, қандай жаңа технологияны пайдаланатыны жөнінде үнемі пікір алмасулар, әдістемелік бірлестіктер кеңестері өткізіліп тұрады. Жас ұстаздардың кәсіптік-педаго­ги­калық бейімделуін жетілдіру мақ­сатында «Жас ұстаздар мектебі» құрылып, әдістемелік-тәлім­гер­лік жұмыстар ұйымдасты­рыл­ған. Мұғалімдер болса педагоги­ка­лық шеберлігімен талантын шың­дап, алуан түрлі сайыстар, әдіс­те­мелік отырыстар, тренингтер, тә­жірибе алмасулар ұйымдастырып, қалалық, облыстық, республи­ка­лық байқауларға қатысып, бүгінде білім берудегі озат іс-тәжіри­бе­лерін насихаттап, таратып келе жатқан білікті ұстаздар қатарында десек, артық айтпағанымыз. Олар­дың ішінде қалалық және об­лыстық, республикалық деңгейде өткізіліп жатқан «Жыл мұғалімі» атты педагогикалық байқауда 2010 жылы Гүлжанат Кеңесбаева сынды ұстаз III орынға ие болып жүлдегер атанды. Білім бәсекесі, өнер, спорт, «Қазақша күрес», «То­ғызқұмалақ», «Жас ғалым», «Интеллектуалдық марафон», т.б. білім сайыстарында үздік нәти­же­лерге қол жеткізген Д.Тоқтарбаев, Қ.Сағатбаева, М.Маткаримова, Ж. Бер­­ғалиева, А.Заманбеков, А.Ама­нов, М.Муздапаров, А.Ыбраева, Г.Айтмағанбетова, С.Ай­дар­бе­ко­ва, Ж.Қаймулдинова, О.Нұрлан. Қ.Сай­­лаукенов, Е.Зейнелқанов, Н.Бер­ға­ли­ев, М.Садықбек, Б.Қана­пия­нов, А.Хамзаева, Е.Амангелдинов сын­ды шәкірттерді атауға болады. Алдыңғы оқу жылынан бастау алған қаламыздың мектептерінің арасындағы «Президенттік сы­нып» атты байқау ұйымдастырылғаны баршамызға аян. Бұл игі баста­ма­ның көшбастаушысы болып екі жыл қатарынан «Шаңырақ» мек­теп-гимназиясы жеңімпаз атанға­ны қуантарлық жайт. Бүгінде мектеп өміріндегі мәдени іс-шаралар мен ағымдағы болып жатқан істерді шешуге белсенді түрде ат­са­лысып, игі істердің ұйытқысы бо­лып отырған білім ордасы ертеңгі күнге батыл қадам жасап келеді. Мектепте ата-аналардың қаты­суы­мен отбасылық спорттық жа­рыс­тар, зияткерлік сайыстар өтіп тұрады, әр тоқсан сайын өткі­зі­ле­тін жалпы мектептік ата-аналар жиналыстары оң нәтижелі. 20 жыл­дық тарихында «Тәлім-тәр­бие – ата-анадан, оқу-білім – ұс­таз­дан дариды» демекші, талай ұрпақ­тың жұлдызы жанып, мәр­тебесі биіктеген сәттер де аз емес. Міне, ұлағатты ұстаз, білікті бас­шы Сәуле Мәдиқызы жетекшілік ететін «Шаңырақ» мектеп-гимна­зия­сының ұжымы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына осындай толымды табыстармен келіп отыр. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Дидар ОРАЛБЕКҰЛЫ, журналист. Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласы. Суретте: мектеп-гимназия ди­ректоры Сәуле Мәдиқызы білім ұясының ұстаздарымен.