• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2011

Кешегі мен бүгінгінің арасы

1130 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік – тағдырымыз

Егемен қазақ елінің тарихы тағы да бір жасқа есейді. Ерен жетістіктермен аяқталған 2010 жыл жақсы жаңалықтармен жалғасуда. Ал жалпы егемен ел атанғанымызға аманшылық болса 20 жыл толады. Бұл мерзім аз ба, әлде көп пе? Әлбетте, әркімнің қайтарар жауабы да әрқилы болары хақ. Өткен кезеңнің алғашқы жыл­да­рында басымыздан өткізген­дер­ді жа­сыр­май, жетістіктерімізді орын­сыз асыра мадақ­та­май, әдеп­тілік аясында өз пікірімді білдіргенді жөн көрдім. Тарихи 1991 жыл – ата-ба­ба­лардың мыңдаған жыл аңса­ған арманы мен ұрпағына тап­сыр­ған аманатының іске асқан кезеңі. Сол жылдың желтоқ­са­нын­да тәуелсіздіктің ақ таңы­мен киелі қазақ даласының кө­гілдір аспанында жарқыраған нұр­лы күн, самғап ұшқан қы­ран құс, желбіреген көкбайрақ егемен елдің шаттық қуаны­шын, алға қойған мұраты мен мақсатын әлемге паш етті. Ұлттық тарихымыз өз тілінде сөйлей бастады, оның әлі де болса бұлбұлдай сайрайтын кезі алда. Басты құндылықтар өз­геріп, тың мақсаттар айқын­да­лып, жаңа талап туындады. Еркелікті көтере бермейтін қа­тыгез нарық саясатының та­ла­бына бейімделу кімге де болса оңайға түскен жоқ. Оңтайландыру үрдісі белең алған жылдары Тал­ды­қорған облысы, Алматы облы­сы­ның құрамына еніп, сегіз аудан таратылды. Бұл тәуелсіздігіміздің алтыншы, жетінші жылдарында қабылданған шешім еді. Билік басындағы қайраткер­ле­рі­міздің де, бұқара халықтың да ес­кіден бас тартуы қандай қиын болса, жаңа талапқа сай кәсіп­кер­лікті дамытып, бүгінгідей сүбелі табысқа кенелу соншалықты күр­де­лі болды. Біздің ел бұл белестен де сүрінбей өтті. Өткен кезең­нің ең өкініштісі – тәрбие жұ­мы­сының бастауы балабақшалар мен мәдениет үйлерінің жабылуына көп жерлерде жол берілгендігі. Тіпті, ауылды мекендерде денсау­лық сақтау мекемелерінің жабыл­ғанын қиянат деп ұқтық. Тәубе, қа­зір оларды қайтару мен қалпы­на келтіру шаралары жүйелі жол­ға қой­ылды. Бұл ретте әлемдік стан­дартқа сай жаңа ғимараттар да тұр­ғызылуда. Өмірдің тек ескі мен жаңаның күресі ғана емес, өмір мектебі екеніне де көзіміз жетті. Қазақтың «үмітің үзілмесін» деген қанатты қағидасының құн­ды­лығы айналасы 19 жылдың ішін­­де дәлелденсе, ол елімізде жүр­гізілген сындарлы саясат пен ел ынтымағының, береке-бірлігінің нәтижесі, еңбек майданындағы отандастарымыздың кәсіпкер­лік­ке, бәсекеге қабілеттілігінің шың­далғанынан, ұлттық мәдениетіміз, салт-дәстүріміздің артықшы­лы­ғы­нан, ұрпақтар сабақтас­ты­ғы­ның беріктігі мен мықты­лы­ғы­нан десем, артық айтқандық емес. Мерейленсек, осындай тең­десі жоқ ұлттық құндылық­та­ры­мызбен мақтанайық. Ел бо­лып өтпелі кезеңнің қиыншы­лық­тарына төтеп бердік. «Көп­пен көрген ұлы той» дегендей, екі ғасырдың тоғысына тұспа-тұс келген тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдарында туындаған тапшылыққа, қымбатшылыққа қарымта ретінде шыдамды­лық­тың, төзімділіктің үлгісін көрсеткен дана халқымыздың ортасында жауапты қызмет ат­қарған күндеріммен марқаятын азаматтар қатарындамын. Сана-сезім сілкінісінен ең­се­міз көтерілді. Соңғы жылда­ры республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Алматы облысы аймағында, оның ішінде Талдықорған қа­ла­сында тұрғызылған ескерт­кіш­тер қазақ тарихын, әдебиеті мен мәдениетін насихаттай­тын, жастарды елжандылыққа тәрбиелейтін киелі орынға ай­налғаны да тәуелсіздігіміздің ар­қасы. Ұлттық рухымыз асқақ­тап, әдебиет пен мәденит, білім мен ғылым жаңа деңгейге көте­рілді. Жыл өткен сайын еліміз­дің әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық жағ­дайы нығайып, әлем­дік дең­гей­дегі дамыған елдермен тереземіз теңесті, шека­ра­мыз бекіді. Сон­дықтан да болар, Қазақ елінің пікірімен са­насып, өзара екі жақты қарым-қатынас орнату­ға мүдделі мем­лекеттер саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Ұза­ғы­нан болғай. Кезінде 102 ұлттың өкілі мекендеген Қазақстан халық­тар достығының зертханасына теңелсе, енді міне, 140 этнос пен 46 конфессияға ортақ үй болып табылатын еліміздегі этносаралық келісім – бүкіл әлем мойындаған ерекше құ­бы­лысқа теңеліп, кеңінен на­си­хатталып отыр. Туған жерінен күшпен жер аударылып, тамырынан айырылған ұлт өкіл­дері киелі қазақ жерінен пана тауып, кеңқолтық ұлттың қонақ­жайлылығы, меймандосты­ғы, ай­рықша бауырмалдығы мен адам сыйлау ізеттілігінің ар­қасында жатбауырлыққа ұшы­­рамай, ел бірлігінің ажы­рамас бөлігіне айналуы себепті Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы үлкен абыроймен аяқталды. Бұл әлем тарихын­дағы елеулі оқиға жаңа еур­азиялық қауіпсіздік сәулетін құру­да маңызды рөл атқарды. Міне, бұл жәйт осындай қысқа мерзім ішінде әлемнің басқа елдеріне өнеге-үлгі боларлық, әділ билік айтар ел деңгейіне көтерілгенімізді дәлелдеді. Дүние жүзіне танымал мем­лекет қайраткерлерінің елі­міздің даму жолына қызығу­шы­лық білдіруі де тегін емес. Сын көзбен күдіктене келіп, таңданып та, тамсанып та қайтатындары баршылық. Бұл қазақстандықтарды жігерлендіріп, жаңа белеске еркін көтерілуіне ықпал етіп келеді. Өз тарихын жаспен емес, таспен жазып, озған елдердің қатарына қосылған Қазақ елі әлемдік дағдарысты да еңсере білді. Бәсекеге қабілеттілігіміз шын мәнінде сыналып та, іс жүзінде шыңдалып та үлгерді. Десек те, әлі де болса көңіл аударатын мәселе баршылық. Ол – шырмауықтай оралған жем­қор­лық, ол – ортақ қазанның табы­сынан күн көру әдетінен арыла алмай келе жатқан пенде­лердің ашкөздігі, әлі де болса сақталып келе жатқан жұ­мыс­сыздық. Қан­ша тырысқанмен, ауыз­дықтауға шама келе алмай отырған қым­батшылық. Ашығын айталық, Қазақстан­ның сонау патша заманынан бастап, Кеңес Одағы кезінде де шикізат өндіруші ел болып келгендігі қаншалықты айқын болса, осы үрдістің қазір де жалғасып келе жатқаны жасырын емес. Әділін айтсақ, кеш те болса озық тех­но­логияны игеруге қабілетті маман­дарды даярлау шаралары жүйелі жолға қойыла бастағанын сезіп те, біліп те отырмыз. Аманшы­лық болса, енді бірер жылда жер асты байлығымызды ұлттық ма­ман­дарымыз игеріп, ел ырзығына ұқсататыны дау тудырмаса керек. Лайым солай болғай. «Бірлік түбі – тірлік» деген қа­ғи­даны ескере отырып, дау-дамайды қойып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тығы­рық­тан шығу жолын дөп басып, әмсе жеңіске жете білген қазақ ұлты даналықтың үлгісін көрсе­тіп, әлемдік саясат айдынында да өзіндік ұстанымы мен пікірін тия­нақтылықпен танытатын кез де осы кез болса керек. Еділ патша кезінде бір себептермен іргесін бөліп кеткен Уар досына Бұлғақ бабаның алдында: – Уа, батыр, өкпең орын­ды. Менің ағаттығым болса, кешіріммен қарағайсың. Мынандай үлкен ұлыста, ұлы қағандықты би­леп тұрып қателеспеу қиын. Екі қолым жаудың жағасында болса, екі көзім дау-дамайдың таласында. Сонда өзің ойлашы, екі аяқ қалай қарай жүрмек? Ағат сөйлеп, көңіліңе көлеңке түсір­сем, айып менде, – деген екен. Екеуі бір-бірін түсінісіп, Бұл­ғақ бабаның ақ батасын алып, күш біріктіріп, талай жеңіске жет­кенінен неге сабақ алмасқа. «Аға­ласқанға тау көп, жағаласқанға жау көп» дегендей, әлем кеңіс­тігінде жағаласудан пайда тапқан ел жоқ. Алдымызда үлкен мақ­сат­тар тұр. Ертеңгі күнім не болар екен? Келелі істі неден бас­тауым керек деген сауалдар кімді де болса ойландырмай, толған­дырмай қоймайды. Елдің көбі бір күнім аман өтті, ертеңгі күнім сә­ті­мен басталса екен деп, тәубесін айтып, бала-шағасын қанағатқа шақырады. Елді әмсе елеңдетіп отыратын осы сұраққа күн тұрмақ, сағат сай­ын мың түрлі жауаптың табы­лып жатқаны қан­дай ғанибет де­сеңші! Енді алға қой­ыл­ған міндет­тер­дің асқар биік тау екенін бір кісідей түсініп, орындалуына жұдырықтай жұ­мылуымыз – бүгінгі күннің қа­жет­тілігі. «Қо­рық­қан қылмыс емес» дегендей, қорықсақ алауыз­дықтан, сатқын­дықтан, екіжүз­ді­ліктен қорқайық. Бірақ оның өрбуі­не жол бермей, ел ынтымағын нығайтсақ, ырысы­мыз­дың да, ен байлығымыздың да еселеп өсетіні күмәнсіз. Алдымызда тұрған ұлы міндеттерді орындау – абыройлы да айдынды елге ғана тән қасиет. Ол үшін кең ойлылықпен, терең түсінікпен, адалдықпен біте қайнаса өрбитін сенім мен бірлік деген қасиетті ұғымды қалыптастыру қажет. Сенім бекімей, бірлік нығаймай батыл­дық та, батырлық та қалып­таспайды. Заман үнемі алға жылжиды. Оның талабына сай адамның өзгеруі де ақиқат. Қанды жексенбіден басталаған ХХ ғасыр­дың көрген азабы мен қиыншы­лығы аз емес. Жетістіктерін жоққа шығару да қиянат. Ендеше, ел тарихына айналған заман алдында әдептілікпен ба­сымызды иіп, нарық әміршілігі­мен өтетін мына заманның қамын әділдік тұрғысынан шешуге білекті сыбана кіріскен елдің ұтары көп. Ақ жолмен келген жетістікке қуана білу де, қуанышты бөлісе білу де үлкен парасат­тылық пен адамгершілік аясы­нан арна табар қасиет. Ұрпа­ғына үлкен үмітпен қарап, нық сенім артқан бабалары­мыздың аманаты бізге тарих тағылы­мы­мен жеткен. Алуан түрлі сы­нақ­тан өткен тарих соны­сымен құнды. Оның ақ-қара­сын айы­рып таразылай білсек, бірлік пен тірлікте ғұмыр кешсек, әлі де талай асудан асып, талай игілікке жетеріміз хақ. Қоғам діңі сонысымен мықты. Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ, Алматы облысының құрметті азаматы.Алматы облысы.