• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
11 Қараша, 2016

«Алдаспан» – қазаққа қажет құрал

1002 рет
көрсетілді

Ол – қалада туып, асфальтта өскен көп қазақтың бірі. Бірақ оның жаны – нағыз қазақ. Бұдан он бес жылдай бұрын қазақы болмыстағы жаттығулар жиынтығын ойлап тауып, оны тыным таппай толықтырып, үнемі жетілдірумен келеді. Оның есімі – Бейбіт Есмағамбетов. Мына тұрған Аспанасты елінде, анау Үндістанда қазіргі таңда халықтың үлкен-кішісі йога мен цигуньді жандарына серік етіп, өмір салттарына айналдырған. Бейбіт Мәжитұлы да өзінің «Алдаспан» жаттығулар жиынтығы қазақтың қажетіне айналғанын қалайды. Сол мақсатпен 2012 жылы «Алдаспан» жайлы нұсқаулық кітап жазып та шығарды. Жалпы, Бекеңнің есімі белгілі бір ортада жақсы танымал. Ол каратэден КСРО чемпионатының жүлдегері, «қара белбеу» иегері, қоян-қолтық жекпе-жектен спорт шебері. Бұған қоса, алты жылдан бері имандылық жолына түсіп, бес уақыт намазын қаза жібермей келеді. «Алдаспанды» ойлап тапқаны да бір тарих. Бейбіт ордабұзар отыздан асқан шағында жиі ауыратынды шығарған. Суық тисе болды, тыныс мүшелері тарылып, өкпесі қабынып, бара-бара созылмалы дертке айналады. Дәрі-дәрмекпен емделгеннен ештеңе шықпайды. Керісінше, сол ем-домдардан кейін асқазаны, бауыры мен бүйрегі ауыратын болған. Бір сөзбен айтқанда, ағзадағы зат алмасу үде­рісі толығымен бұзылады. Буын-буыны сырқырап, белі шойырылады. Отызға енді жеткен жан өзін мүгедек жандай сезінген. Спорттың көмегі тиер деп, күнде таңертең жүгіріп те көрді, баяғы серігі –  каратэні де қайта қолға алды. Еш нәтиже бермеді. Күш-қуаты кеміп, одан сайын шөге берді. Содан, амал жоқ, емделудің басқа жолдарын қарастыра бастайды. Сөйтіп жүргенінде, Лисаковск қаласында бір емшіге кездейсоқ жолығады. Әлгі адам сынық салатын, мануальді терапиямен шұғылданатын, адам психологиясы мен ішкі ағзасының қыр-сырын жақсы білетін емші екен, сол кісіден біраз уақыт дәріс алыпты. Бес жылға жуық қыстың көзі қырауда мұздай суға шомылғаны да бар. Бірақ суық суға түсудің пайдасынан зияны көп болды. Өзіне кері әсері болмаса да, онымен бірге шомылған біраз адам осы дағдыдан кәдімгідей дертті болып шықты. Тастай суға шомылу барлық адамға бірдей пайдалы емес екен. Бұдан соң әлгі таныс емшіден үйренген жаттығуларды жасай бастайды. Бұл жаттығу­лардың мәнісі – баппен керіліп-созылып, буын-буынның желін үзіп, құрыс-тұрысты жазу. Уақыт өте келе бұл жатты­ғуларды өз бетінше жетілдіруге көшеді. Тыныс алу жолының жаттығуларын қосып, шығыс жекпе-жектерінің бой қыздырар тәсілдерімен, философиялық тұжырымдамалармен толықтырды. Сөйтіп, кей элементтері йога мен цигуньға ұқсас жаттығулар жиынтығы қалыптаса бастады. Басында бұл жаттығуларды өз айналасында жүрген адамдарға көрсетеді. Оларға бұл ермегінің ұнағаны сонша, ұзамай көп адам қызығушылық таныта бастапты. Олардың бәрі: «Бұл жаттығулар қайдан шықты, қалай аталады?», – деп сұрайды. Шынында да, жаттығулар жиынтығына бір атау керек екен деп ойланып жүргенінде, бір күні ойына «Алдаспан» деген сөз келеді. «Шыны керек, басында бұл сөздің мағынасын да білмейтін едім. Сөздіктен қарасам, батыр бабаларымыз жауға сілтеген болат семсер екен. Осындай үндестіктер көкейімдегі түпкі ойды тап басқан соң, осы сөзді жаттығулар жиынтығына атау ретінде таңдадым», – дейді Бейбіт Мәжитұлы. Содан, 2004 жылдан бастап Қарағанды қаласында қызығушылық танытқан әуес­қой жандарды жинап, «Алдаспан» жат­тығуларын үйрете бастады. Қараған­ды мемлекеттік университетінде студенттер мен оқытушыларды тегін жаттық­тырды. Жұрттың «Алдаспанға» деген қызығу­шылығы өте жоғары болды. Студент­тер бұл жаттығулар жиынтығының қыр-сырын зерттеп, реферат, ғылыми жұмыстар да жазды. «Алдаспанды» бұқара арасына шығару үшін өкімет тарапынан қолдау қажет. Жалпы, бұл бағытта біраз шаруалар атқа­рылды да. Бекең бірнеше жыл бұрын Астана қаласында өткен ауыл спортының алқалы жиынына қатысып, «Алдаспан» жаттығулар жиынтығы жөнінде баяндама жасап, шеберлік сыныбын өткізді. Шараны ұйымдастырушылар ұнатып, хабарласамыз деп уәде берген. Павлодардағы жоғары оқу орны да осы жаттығулар жүйесін ғылыми түрде зерттеп, оқу жүйесіне енгізуге талпынды. Айта кету керек, «Алдаспанның» үндінің йогасынан, қытайдың цигунынан өзгешелігі сол, оның көздегені – тек адамның денсаулығы, тән мен жанды сауықтыру. Ал йоганың сыртында көп дінділік тұрса, цигуньнің астарында шамандық жатыр. Қазіргі таңда біздің елімізге дендеп еніп кеткен бұл жаттығулардың астыртын мәнісі жат дінді жасырын уағыздау болуы мүмкін. – «Алдаспан» жаттығуларын мектеп бағдарламасына енгізсе, көп пайдасы тиер еді, – дейді Бейбіт Мәжитұлы. – Партада сағатқа жуық уақыт тапжылмай отыратын балалар үшін керіліп-созылу түрінде орындалатын, бел мен омыртқаның шаршағанын басып, буын мен бұлшық еттердің тартылуын қалпына келтіретін «Алдаспан» жаттығулары таптырмас көмек. Оның үстіне тыныс алу жаттығулары да балалардың тынығып, серпілуіне, ойлау жүйесінің сергуіне оң ықпалын тигізеді. Жалпы, «Алдаспан» жаттығулары қызмет бөлмелерінде ұзақты күн отырып жұмыс істейтін адамдарға мейлінше пайдалы. Үстел басында, компьютер алдында көп отырған адамның бел омыртқасына, аяқ-қолының бұлшық еттеріне, жүйке жүйесіне көп салмақ түседі. Далаға шығып, бір мезгіл таза ауа жұтпаған соң, оның тыныс алу мүшелері, ішкі ағзалары да шар­шап-шалдығады. Соны ескере бермейтініміз өкінішті. «Алдаспанның» тәнді сауықтырар қасиетінен басқа, адамның ой-санасын тазартатын құдіреті де бар. Жалпы, бұл жүйенің адамға әсер етер бағыт-бағдары көп-ақ. Соның бірі – «Алдаспан» адамға өз тәнінің нені қалайтынын сезіп-білуге, ішкі үйлесімге жетуге үйретеді. Күнделікті күйбең тірліктің илеуінде жүріп адам баласы ішкі жан-дүниесіне үңіле бермейді. Сондықтан, бұл жерде адам өзін-өзі танып, тәні мен жанының нені қалайтынын сезіну үшін «Алдаспанмен» аз ғана айналысып көруі керек. «Алдаспанның» тағы бір қыры – мұнда адам өзіне-өзі буынға, сүйекке, бұлшық еттеріне мықты массаж жасауға дағды­ланады. Яғни, жаттығулар жиынтығы, тыныс алу жаттығулары және өзіне-өзі массаж жасау – міне, «Алдаспанды» табыстың биігіне көтерер үштаған осылар. Жалпы, «Алдаспан» – ертедегі көш­пенділердің жауынгерлік ұрыс жүйе­сінен алынған физикалық жаттығулар кешені. Бұл жаттығулар құрамына векторлық машықты, яғни дененің қарама-қарсы бағытқа керілуін пайдалана отырып, тәннің күш-қуат бағытының желісін, сіңірлер мен ішкі бұлшық еттерді созғылау әдістері кіреді. «Алдаспанның» сауықтыру жүйесі адам ағзасын түрлі зиянды қалдықтардан тазартып отырады. Бұл жаттығулар жиынтығы жас талғамайды: жас пен кәріге, ер мен әйелге ортақ. Бұл, әсіресе, бел омыртқасы мен сүйек-буындары сырқырап ауыратын, жүрек-қан тамырларының ақауы бар, асқазан-ішек құрылысының жұмыс ырғағы бұзылған және сусамыры, басының сақинасы бар, жүйкесі жұқарған адамдар үшін өте тиімді жаттығулар жүйесі. «Алдаспанмен» табиғат аясында, жұмыс орнында, бір сөзбен айтқанда, кез келген жерде шұғылдана беруге болады. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ