Шахматтан бірнеше дүркін әлем чемпионы Жансая Әбдімәліктің Алматыдағы шахмат академиясында «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Ақиқат» журналының жүлдесі үшін журналистер арасында ұйымдастырылған шаxмат турнирі биыл төртінші рет өткізілді.
Турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин жарысқа қатысушыларға сәттілік тілей отырып, осы бір аса жоғары деңгейдегі интеллектуалдық ойынды қолдауға ынталы кәсіпорындар мен азаматтардың қатары көбеюіне тілектестік білдірді. Бұдан кейін аталған академия директорының орынбасары, Жансаяның анасы Алма Әшірова, «Ақиқат» журналының бас редакторы, ақын Аманхан Әлім сөз сөйледі.
Жарыс қорытындысында бірінші орынды «Ұйғыр авази» газетінің меншікті тілшісі Арсилан Алахунов жеңіп алды. Екінші орынға журналист Асқар Беков көтерілсе, үшінші орынды Қазақ радиосының қызметкері Амангелді Жоламанов пен «Ана тілі» газетінің бөлім редакторы Нұрлан Құмар мен Қазақстан ұлттық арнасының қызметкері Талғат Ерубаев өзара бөлісті. Ал «Арыс» баспасының қызметкері Мақсот Ізімұлы, «Экономика» газеті редакторының орынбасары Амангелді Шопан, ардагер журналистер Аян Нысаналин мен Мамадияр Жақып арнайы жүлдеге ие болып, алғыс хаттармен марапатталды.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»