Ұлттық Олимпиада комитеті «Қазпошта» акционерлік қорымен бірлесе отырып, Орталық коммуникациялар қызметінде 2016 жылғы Рио Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арналған пошталық маркаларды таныстырды.
«Спорт» топтамасына кіретін «Рио-де-Жанейродағы XXXI Олимпиялық ойындар» тақырыбындағы маркаларға мөр басу салтанатына «Қазпошта» АҚ сыртқы байланыстар бойынша басқарушы директоры Әсет Тұрысов, Ұлттық Олимпиада комитетінің атқарушы директоры Серік Қасқабасов, Рио Олимпиядасының алтын және күміс жүлдегерлері Дмитрий Баландин, Нижат Раxимов, Василий Левит пен Әділбек Ниязымбетов қатысты.
«Төрт жыл сайын жанкүйерлер Олимпиада ойындарындағы спорт саңлақтарымызға жеңіс тілеп, медальдар күтеді. Спортшыларымыз халықтың үмітін ақтауда. Жеңімпаздарымыздың құрметіне маркаларды шығаруды жоспарлап, реттеушілерге жібердік. Жалпы, спортшыларға арналған маркаларды осыған дейін де шығарғанбыз. Алдында Геннадий Головкинге арналған маркалық блокты айналымға енгіздік», – деді «Қазпошта» АҚ сыртқы байланыстар бойынша басқарушы директоры Әсет Тұрысов.
Ұлттық Олимпиада комитетінің атқарушы директоры Серік Қасқабасов өз сөзінде спортшыларға қолдау көрсетіп отырған «Қазпоштаға» алғыс білдірді.
«Спортшыларымыздың жетістіктеріне арнап пошталық маркалар шығару барлық қазақстандықтар үшін маңызды. Жеңімпаздарымыздың еңбекқорлығымен келген Риодағы жеңістер отандастарымыздың мақтанышы», – деді С. Қасқабасов.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Банкнот фабрикасы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнында басып шығарылған пошталық маркаларда 2016 жылғы Рио Олимпиадасының алтын және күміс жүлдегерлері Данияр Елеусінов, Дмитрий Баландин, Нижат Раxимов, Гүзел Манюрова, Жазира Жаппарқұл, Василий Левит, Елдос Сметов, Әділбек Ниязымбетов бейнеленген. Маркалардың таралымы – 40 мың дана, белгіленген бағасы – 200 теңге.
Айдар Өрісбаев,
«Егемен Қазақстан»