• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
17 Қараша, 2016

Жасампаздық жылнамасы

292 рет
көрсетілді

2006 * 28 тамызда Жапонияның Премьер-министрі Д.Коидзуми екі күндік ресми сапармен Қазақстанда болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Д.Коидзумидің қатысуымен кеңейтілген құрамда екіжақты келіссөздер өтті. Соның нәтижесінде Қазақстан мен Жапония арасындағы достықты және ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға арналған Бірлескен мәлімдемеге, сондай-ақ, екі ел үкіметтері арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты ілгерілету туралы меморандумға қол қойылды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 29 тамыздағы нөмірінде «Қазақста ‑ Жапония ынтымақтастығы жаңа сапалық деңгейге көтеріледі» тақырыбымен мақала жарияланды. * 1 қыркүйекте Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бейресми саммиті өтіп, онда өңірлік ынтымақтастықтың маңызды мәселелері талқыланды. Осы күні елордада Бейбітшілік және келісім сарайының ашылу рәсімі өтті. Салтанатты жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанға сапармен келген Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан республикаларының президенттері И.Каримов, Қ.Бакиев, Э.Рахмонов қатысты. * 4 қыркүйекте Өзбекстан Президенті И.Каримовтің Қазақстанда мемлекеттік сапары өтті. Сапар қорытындысы бойынша 9 екіжақты құжатқа қол қойылды. * 12-13 қыркүйек күндері Президент Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының II съезі өтті. «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» тақырыбына арналған съезде Елбасы сөз сөйледі. * 26-29 қыркүйек аралығында Президент Н.Ә.Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары өтті. Сапар шеңберінде Елбасы АҚШ Президенті Джордж Бушпен, АҚШ Конгресі палаталарының өкілдерімен, басты министрліктер мен ведомстволардың, ірі энергетикалық компаниялардың басшыларымен, көрнекті қоғам және діни қайраткерлерімен кездесулер өткізді. Нұрсұлтан Назарбаев пен Джордж Буштың кездесуінде Қазақстан – АҚШ қарым-қатынастарын одан әрі дамытудың басымдықтарын айқындап, халықаралық саясаттың өзекті мәселелері талқыланды. * 3 қазанда Орал қаласында Қазақстан мен Ресей пре­зи­денттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің қатысуымен екі елдің шекаралас аймақтарының форумы өтті. Оның барысында екі жақ шекарада көлік өткізетін бекеттерді бірлесе салу туралы келісім, шекаралас аймақ тұрғындарының әрі-бері қатынасын жеңілдету туралы келісім және тағы бірқатар құжаттарға қол қойылды. * 4 қазанда Брюс­сель қаласында Сырт­қы­ істер министрі Қ.Тоқаев НАТО Бас хат­шысы Я.де Хооп Схеффермен кездесті. Сұх­­бат барысында та­раптар жоғары сая­­си деңгейдегі үн­­­қа­тысудың одан әрі­ да­муы­ның жә­не қор­ға­ныс пен қауіп­сіздік са­­ла­сын­дағы ынты­ма­қ­­тас­тықтың ны­ғаю­­ының ма­ңыз­ды­лы­­ғын атап өтті. * 3 қарашада Қа­зақ­стан Президенті Н.Ә.Назарбаев жұмыс сапарымен Өзбекстан Республикасында бо­­лып, Президент И.Каримовпен кездесті. Ташкентте екі мемлекет басшыларының бас­та­ма­шы­лығымен Мемлекетаралық үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы болып өтті. * 6 қарашада Армения Республикасының Президенті Роберт Кочарян ресми сапармен Қазақстанға келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Роберт Кочарян екі елдің ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Сапар шеңберінде экономикалық және консулдық салалардағы құжаттарға қол қойылды, сонымен қатар, Қазақстан мен Арменияның іскер топтары өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум өткізілді. * 7-8 қараша күндері Мысыр Президенті Мұхаммад Хосни Мүбарактың Қазақстанға ресми сапары болып өтті. Шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер кезінде мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда екіжақты ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін, сондай-ақ, өзекті халықаралық мәселелерді, соның ішінде Таяу Шығыс пен Орталық Азиядағы ахуалды талқылады. * 17 қарашада Президент Нұрсұлтан Назарбаев Анталия қаласында (Түркия) өткен түркітілдес мемлекеттер басшыларының VIII саммитіне қатысты. Саммит барысында «Анталия декларациясына» қол қойылды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 18 қараша күнгі нөмірінде «Түгел бол, түркітілдес туыстар!» тақырыбымен мақала жарияланды. * 20-22 қараша аралығында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбританияда ресми сапары өтті. Сапар барысында Елбасы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Королевасы II Елизаветамен, Премьер-министр Тони Блэрмен және Британияның саяси және іскер топтарының танымал өкілдерімен кездесулер өткізді. * 28 қарашада Президент Нұрсұлтан Назарбаев Минскіде өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер басшылары кеңесінің мәжілісіне қатысты. * 30 қарашада Президент Нұрсұлтан Назарбаев Иордания Хашимит Корольдігіне ресми сапармен барды. Сапар барысында Н.Ә.Назарбаев Иордания Королі ІІ Абдалламен кездесті. Қазақстан мен Иордания басшылары шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өткізіп, екіжақты қарым-қатынастардың кешенді мәселелерін, Қазақстан мен Иордания арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды жандандырудың жолдарын талқылады. Сондай-ақ, тараптар бірқатар өзекті өңірлік және халықаралық мәселелер бо­йынша пікір алмасты. * 4 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бельгия Корольдігінің астанасы Брюссельде жұмыс сапарымен болып, Еуропалық одақ және НАТО басшыларымен кездесті. * 15 желтоқсанда Бейбітшілік және Келісім сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Онда Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандық жол: тұрақтылықтан – жаңару арқылы өркендеуге» тақырыбында баяндама жасады. * 19 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Сапар аясында мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаомен кездесіп, тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге негіз қалайтын бірқатар құжаттарға қол қойды.