• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
17 Қараша, 2016

Тәубе етерлік тірлік бұл!

287 рет
көрсетілді

Таяу күндерде 25 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өткелі отырған Тәуелсіздіктің қазаққа және қазақстандықтарға берген пайдасы, жақсылығы шаш-етектен. Мұны жүрегінде иманы, аузында тәубесі бар әрбір адамның мойындары хақ. Әрине, көпшілік болған соң түрлі мінезді адамдар болады, оның үстіне адам пенде жақсылыққа бойын тез үйретіп, бола түскен үстіне бола түссе дейді емес пе. Шындап келгенде, Тәуелсіздіктің 25 жылын­дағы Қазақстанның жүріп өткен жолы да «тар жол, тайғақ кешуден» тұрғанын айтқан жөн. Расында, осы ширек ғасыр ішінде Қазақстанға бірнеше рет әлемдік экономикалық және қаржылық дағдарысты басынан кешуіне тура кел­ді. Әсіресе, жол басындағы мемлекеттің жағ­дайын созылмалы дертке ұқсастыруға то­лық болатын. Қазына қалтасында көк тиын болмады, кәсіпорындардың көпшілігі кө­те­рем малдың күйін кешіп жатты, инфляция дең­гейі 1000 пайыздан асып, ауыл адамдары кә­дімгі кір сабынды бір қойға сатып алуға мәж­бүр болды. Бір сөзбен айтсақ, бұл кезеңде экономиканың жағдайы, адамдардың рухани дүниесі күйзелістің ең ауыр сәттерін басынан өткеруіне тура келді. Осынау күрделі жағдайдан саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің, қарапайым азаматтардың белсенді қолдауымен қазақтың Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген сауатты ішкі және сыртқы саясатының арқасында шыға алдық. Қазақстан бүгінде өте жауапты шешімдер қабылданып жатқан бірегей елге айналды. Атап айтқанда, жаһандық қаржылық және экономикалық дағдарысқа қарамастан, мемлекет ешбір абыржымай, істің байыбына терең үңіле отырып, жағдайды уысына ұстай білді. Сөйтіп, қас-қағым сәтте еліміз мүмкіндігінің және кемел келешегінің символына айналған мүлдем жаңа елорда – Астана салынды, экономикамыз мейлінше қуатты әрі ашық бола түсті. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) 18 есеге өсіп, Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің деңгейіне жетті. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы өте табысты жұмыс істеуде. Осы ретте, аса ірі нарықтарды жалғайтын стратегиялық көліктік дә­ліз болып саналатын, жалпы ұзындығы 8 мың шақырым «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік жолының 2800 шақырымды құрайтын қазақстандық бөлігінің құрылысы аяқталып келе жатқанын айту ләзім. Бүгінгі күннің өзінде осы бағыттағы транзиттік жүк тасымалының көлемі екі еседен астам өсіп отыр. Ерекше атап өтерлік тағы да бір жайт, Қазақстан инвестициялық әлеуеті мықты, бұл салада тартымдылығы жоғары ел ретінде танылып келді. Мәселен, соңғы он жыл ішінде еліміздің экономикасына 200 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция құйылған. Осы орайда, мемлекетіміз инвестицияларды тау-кен, мұнай мен газ салаларына ғана емес, өңдеу, қайта өңдеу секторларына да бағыттап отырғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ, Қазақстан осы жылдары өз экономикасын әлемдік нарыққа бейімдеп, интеграция­лау мақсатында тәжірибе жинақтай білді. Нәтижесінде, Дүниежүзілік банк тобының жетекші басылымы «Doing Business-2017» баяндамасына сәйкес, Қазақстан әлемдік рейтингте 35-ші орынды иеленіп, «Doing Business-2016» көрсеткішіндегі 51-ші орынмен салыстырғанда 16 сатыға жоғарылады. Осылайша, бизнес-ахуалдың қолайлылығы деңгейі тұрғысынан Қазақстан рейтингте Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйы­мы­ның Бельгия, Италия, Израиль, Грекия, Түркия мемлекеттерінің алдын ораса, Еура­зия­лық экономикалық одақ әріптестерінің ішінде топ жарып, мерейіміз өсті, белесіміз биіктеді. Еліміз халықаралық аренада да ауыз толтырып айтатындай табыстарға қол жеткізді. Қазір ұлттық мүдделерімізді қорғай отырып, Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі атандық. Мемлекет басшысы осыған байланыс­ты қазақстандықтарға жолдаған Үндеуінде: «ДСҰ-ға мүше болу – күллі Қазақстанның жеңісі. Бұл – еліміздің жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегі ретінде мойындалуының айғағы», – деп ерекше атап өтті. Осыған орай, Астанада өтетін халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне 105 мемлекеттің қатысуға тілек білдіруін кездейсоқ дей алмайсың. Әрине, мен идеалист емеспін және барлық адамды бірдей бақытқа кенелту оңай еместігін түсінемін, алайда, ынта болса жақсы нәтижеге жетуге болатындығына сенімдімін. Бір нәрсе айқын. Даңқты ұлтқа, «Мәңгілік Елге» айналу және ең бағалы да асыл құндылық – Тәуелсіз Қазақстанды көзіміздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманат ету – өзіміздің қолымызда. Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, саясаттанушы